Атырау, 23 қараша 02:24
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Гүлмайданның мектебі

10 721 просмотра

Белгілі әнші Гүлмайдан СҮНДЕТҚЫЗЫ жуырда өзінің жеке шығармашылық кешін өткізбекші. Бұл шарада өзімен қатар шәкірттерін де сахнаға шығарғысы келеді. Сол себепті қазір ол  өзі жұмыс істейтін Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармония жанынан өзінің ән мектебін ашқан болатын. Біз оның өнердегі бүгінгі тынысы жайлы тілдесіп көрдік.

- Гүлмайдан апа, сіз әншісіз әрі композиторсыз. Қазір қанша әніңіз бар?

- Соңғы шығарған ақын Гүлзада Ниетқалиеваның сөзіне жазылған «Анама» деген әнімді қосқанда, шамамен, 15 шақты ән бар қоржынымда.

- Нағыз әнші болу қиын ба?

- Оңай емес әрине. Ән айтып, халықты мойындату – үлкен еңбекпен келетін дүние. Қазіргі уақытта, шыны керек, 1-2 ән айтып, теледидар, радиолардың бетін түгел қаптап кеткен әншісымақтар көп. Оларды бәрі біледі, бірақ, олардың жасап отырғанын өнер деп айтуға келе ме? Біздің елде нағыз әншілер баршылық, өкінішке орай, олардың шығармашылығы көпшілікке беймәлім. Алайда, олардың халыққа берері мол.

- Ал сіз қандай әншілерді тыңдайсыз?

- Бізде орындаған әндерінен шынайы ләззат алатын әншілер көп. Мен әсіресе өзіммен қатар жүрген Гүлмира АҚҮРПЕКОВА, Майра ІЛИЯСОВА, жастардың ішінен Тамара АСАР, Қарақат ӘБІЛДИНА, Айгүл ҚОСАНОВА, Жанболат пен Жазира, Жұбаныш ЖЕКСЕНҰЛЫ, Саят МЕДЕУОВ, Бейбіт пен Тоқтар, «МұзАрт» тобын ерекше ықыласпен тыңдаймын.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор

"АЖ" АНЫҚТАМАСЫ: Гүлмайдан СҮНДЕТОВА 1958 жылдың 7 қыркүйегінде Атырау облысы, Исатай ауданы, Жанбай селосында дүниеге келген. 1975 жылы республикалық «Алло, біз таланттарды іздейміз» конкурсына қатысып, сол жылы әйгілі әнші Ғарифолла Құрманғалиевтың класына қабылданады. 1977 жылы жолдамамен Талдықорған облыстық филармониясына әнші болып жұмысқа орналасады. Сол жерде «Жетісу» ансамблінің құрамында жүріп, киелі Жетісу жерінде халық әндерімен қатар Мұхит Мералыұлы, Ғарифолла Құрманғалиевтың әндерін нақышына келтіре орындап, көпке танылады. 1989 жылы «Ақын Сараға, ару Сараға кім лайық?» республикалық байқауда көзге түсіп, тұңғыш рет театр сахнасына шығарылған «Ақын Сара» спектаклінде басты рөлде ойнады. Ал 1991 жылы «Әнші Майра, сұлу Майра, сазгер Майра» конкурсында Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВАНЫҢ қолынан бас жүлдені иемденген болатын. Гүлмайданның Жұмекен НӘЖІМЕДЕНОВ, Мұқағали МАҚАТАЕВ, Нұралы ӘЖІҒАЛИЕВ сынды белгілі ақындар сөздеріне жазған «Ақмаңдай әже», «Аққыстауым», «Ауылыңа бір келгенде», «Махаббатым өзімде», «Нарыным», «Менің елім», т.б. әндері бар.

11 сәуір 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.