Кіші Өнер Академиясының оқушылары көктемгі каникул кезінде өз ұстаздарымен Францияға «Париж, мен сені сүйемін!» халықаралық фестиваль-конкурсына барып келді.
Парижге белгілі хореограф Талғат ҒАТАУОВ жетекшілік ететін академия оқушыларынан құралған «Қазына» би тобы мен жеке орындаушылар Мәжит СӘТТІБЕК пен Гүлфайруз НҰРЫЛҒАЕНОВА қатысып қайтты. Мың бұралған топ қыздар қазақтың «Қосалқасы» мен өзбектің «Хорезм» биін сахнаға шығарса, бозбала Сәттібек «Балбырауынды» ойнатты. Гүлфайруз «Аққу» биін қалың көрерменнің ықыласына бөленіп орындады. Біздің балалардың қанжығасына жүлделі І орын байланды.
- Әділқазылар алқасы конкурс соңында ұйымдастырылған дөңгелек үстел барысында біздің бишілердің ерекше энергетикасына, сахнаға бейімділіктеріне, әртістік қабілеттеріне, икемділіктеріне ерекше тәнті болып, қазақстандық хореография мектебінің жоғары деңгейін атап өтті, - дейді академия директоры Долорес Тасқарина.
Ал Павлодар қаласында өткен белгілі композитор Мұқан Төлебаевтың 100 жылдығына арналған жас музыканттардың 47-ші республикалық фестиваль-конкурсында Назгүл Байлауова жетекшілік ететін «Еркем-ай» хор ұжымы жүлделі бірінші орынға ие болды.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА