3 сәуірде Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан БИСЕМБИЕВ әлеуметтік желідегі парақшасында тікелей эфирге шығып, Атыраудағы ауаның ластануына қатысты қабылданған шешіммен бөлісті. Ол өзінің бейнеүндеуінде соңғы кездері Каспий теңізінің жағалауында қамыстың жиі өртеніп жатқанын және осыған байланысты аймақ тұрғындары үшін экологиялық проблемалар туындағанын айтты.
Сонымен, облыс басшылығы:
біріншіден, Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде балық аулауға және аңшылыққа тыйым салу, ол жерге адамдарды мүлде жібермеу үшін «Ақжайық» резерватының қорғалатын аумағын ұлғайтуды ұсынады;
Екіншіден, облыс әкімдігі жұмысшылар штатын қалыптастыру (көбейту), материалдық базаны нығайту, резерватқа қажеттінің барлығын жергілікті бюджет есебінен сатып алу мақсатында резерват балансына алу туралы шешім қабылдаған;
Үшіншіден, өртке қауіпті аумақта бейнебақылау камералары мен тепловизорлар орнату, сондай-ақ өрт сөндіретін тікұшақ сатып алуды ұсынады:
– Осы аптада орнатушыларды кездесуге шақырдық және осы мақсатқа бюджеттен ақша бөлуге дайынбыз, – деген Ж.Бисембиев ақпан айында Каспийдегі өртті сөндіруге қатысқан «Қазавиапас» АҚ тікұшағына қатысты болған апатты атап өтті.
Еске салсақ, Атырау – Орал – Атырау бағытымен «ҚазТрансОйл» АҚ тапсырысы бойынша құбырды айналып өткен тікұшақ Оралдан 54 шақырым жерде екпінмен келіп қонды. «Қазавиапас» ТЖМ төрт қызметкері қаза тапты.
Бисембиев бұл өртті сөндіру үшін жақында Маңғыстаудан тікұшақ ұшып шығуы керек екенін айтты. Сонымен қатар, Атырау облысының әкімдігі маусым айында республикалық бюджеттен тікұшақ, облыстық бюджеттен тағы бір тікұшақ алуды жоспарлап отыр.
- Бүгін мен экология вице-министрімен резерватты республикалық меншіктен облыстық меншікке беру туралы сөйлестім. Кешке экология министрі Сүлейменова Зульфия Болатқызымен тағы да сөйлесіп, мәселені соңына дейін жеткізуім керек. Біз бұл істі қалдырмаймыз, - деді Бисембиев.
Айнұр САПАРОВА