Атырау, 25 қараша 14:39
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жетілмеген жоба

3 804 просмотра

Қашағаннан мұнай өндіру және оны Қарабатанда өңдеумен қатар, Атырау халқына тағы бір ірі жобамен -  біріктірілген газ-химия кешенімен (БГХК) көршілес болу бұйырайын деп тұр. 4 сәуірде кешеннің бірінші кезеңінің қоршаған ортаға әсерін бағалау (ҚОӘБ) жөніндегі жұртшылық тыңдауы өтті.

Осы жобаның тағдыры туралы «АЖ» әлденеше рет жазған еді («АЖ» №19, 10 мамыр 2012 жыл, «Ақшаның иісі шықса»;  «АЖ» №28,12 шілде 2012 жыл, «Экологтарды шүбәландырған жоба» жарияланымдарын қараңыз).  Әлі жүзеге аспаған жоба «Қазақстанның 30 корпоративті көшбасшысы» бағдарламасына енгізіліп, стратегиялық инвестициялық жобалар тізіміне жатқызылған.

 

ВАХТАЛЫҚ ПОСЕЛКЕ БОЛМАЙДЫ

Экологтар мен журналистер тыңдалым қарсаңында, 1 сәуірде Жайық-Каспий Орхусс орталығындағы консультациялық кездесу барысында жоба туралы анағұрлым толық ақпарат алды. Бұл кездесуді «KPI inc.» ЖШС басқармасының төрағасы Сәдуақас МЕРАЛИЕВ пен оның өндіріс жөніндегі орынбасары Мұрат ДОСМҰРАТОВ өткізді. Естеріңізге салсақ, «KPI inc.» ЖШС-нің 51 пайызы - «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның 100 пайыз еншілесі боп табылатын Біріккен химия компаниясына, 49 пайызы – «SAT Operating» ЖШС-не тиесілі. 

Жобаның 1-кезеңіндегі бас мердігер (полипропилен өндірісі; екінші кезең полиэтилен өндірісін қарастырады) – қытайлық «Синопек Инжиниринг» компаниясы. Дәлірек айтқанда, оның шанхайлық бөлімшесі. Ал бас шикізат жеткізуші «ТШО» ЖШС боп табылады.

- Шикізат болған жағдайда полипропилен өндірісін жылына 550 мың тоннаға дейін жеткізуге болады. Бірақ келісімшарт бойынша 440 мың тонна үшін шикізат жеткізу қарастырылған, - деп түсіндірді Мералиев.

Полипропилен зауытының штатында 470 адам қарастырылған. Тікелей өндірістегі жұмыс кестесі – ауысымдық, онда 14 күндік ауысыммен жұмыс жасамақ.

- Бастапқыда біз вахталық поселке салуды жоспарлаған едік. Бірақ кейін бұл ойдан бас тарттық. Бұл өндіріс бар болғаны тас жол бойымен қаладан 46 шақырым (тікелей 38 шақырым) жерде орналасқан. Вахталық поселкенің орнына қызметкерлеріміз үшін кейін олар пайызсыз, бөліп-бөліп сатып ала алатындай етіп, қаладан баспана салғымыз келеді. Кеңсемізді де қала ішінен салғымыз келеді. Зауытқа есепшілерді, заңгерлерді және т.б. тасудың мәні жоқ. Ол жерде тек өндіріске тікелей қатысы барлар ғана жұмыс істейтін болады.

Осылайша, Мералиевтің айтуынша, құрылыс жұмыстарына арналған 9 шарттың 2-уі – вахталық қалашық пен буландыру алаңын салу тоқтатылған (бұған кейін тоқталамыз). Өндірістік алаңға келер болсақ, бүгінде 270 га аумаққа құрылыс алаңын көтеру, теміржол стансасы мен 6 шақырым теміржол тармақтарын, көлік жолдарын салу жұмыстары аяқталған. 2013 жылға Мақат-Солтүстік Кавказ газ құбырының ойымы үшін желілер салу, электр шаруашылығы және сумен қамту жұмыстары жоспарланған. Естеріңізге салсақ, кезінде БГХК инфрақұрылымын салуға Ұлттық қордан 30 млрд теңге бөлінген еді.

 

«РУМЫНИЯҒА МАШЫҚТАНУҒА ЖІБЕРЕМІЗ»

Осымен алты жыл бойына әңгіме болып келе жатқан негізгі құрылысқа келер болсақ, Мералиевтің айтуынша, жобаны қытайлық тараптар дайындап қойған.

- 18, 5 мың сызбалар біздің серверлерімізде тұр.

Журналистер үшін Қазақстан Даму банкімен (ҚДБ) несиелік келісімге әлі күнге дейін қол қойылмағаны тосын сый болды. Әңгіме ҚХР-дың Экспорттау-Импорттау банкі ұсынған 1,3 млрд доллар несиесі туралы болып отыр. ҚДБ-не ақшалар бірнеше жыл бұрын түскен (кейбір мәліметтер бойынша, 2008 жылы), бірақ Мералиевтің айтуынша, келісімге қол қою үшін КРІ-ден бірқатар шарттарды орындау талап етіледі. Айтпақшы, 2010 жылы ҚДБ-нің төрешілдік сөзбұйдаға салып жүргендігіне «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басқарма төрағасының орынбасары болып тұрған кезде Тимур ҚҰЛЫБАЕВ сол кездегі премьер Кәрім МӘСІМОВКЕ шағымданған еді. Ал мұнай және газ министрі Сауат МЫҢБАЕВ сол кезде кепілзаттың жоқ болуы салдарынан ҚДБ-нің ақша бермейтіндігін түсіндірген еді. Бұл сол кезде болашақ кешеннің орны бос болғандығын ескерсек, өте негізді пікір боп көрінген еді.

- Біз қазір (мүлікке) соңғы бағалау жүргізіп, банктің бірқатар шарттарын орындап жатырмыз, - деп сақтықпен комментарий берді кәсіпорын басшылары кездесу кезінде.

Болашақ кадрлар бойынша жеке әңгіме қозғалды. Мералиев пен Досмұратов полипропилен өндіру бойынша білікті технологтар іздеп жатқандықтарын айтты. ҚазҰТУ, ҚБТУ және АтМжГИ түлектеріне іріктеу жасалып жатыр екен.

- Егер маған рұқсат берсе, қыркүйек айынан бастап бұл балалар Румыния зауыттарында машықтанудан өтетін болады. Мұндай топтарды әрбір 90 күн сайын өзгерту ұсынылады. Өздерін көрсете білгендерді инженерлік мамандықтарға көтермелейтін боламыз.

Несиелік желі шарттары бойынша құрылыс кезеңіндегі қазақстандық үлес 50 пайыздан кем құрамауы тиіс. Мералиев мысал келтірді: ең үлкен аппарат – салмағы 1,1 мың тонна болатын пропиленді шоғырландыру колоннасы осы жерден «Атырау-НефтеМашта» дайындалатын болды. Ол үшін зауытта арнайы цех салынбақ.

4 мыңқұрылысшылардың 1 мыңы қытайлықтар, қалғандары – қазақстандықтар болады.

 

ЖЕЛ КҮШІ

ҚОӘБ жөніндегі тыңдауда әдеттегідей академик Мұфтах ДИАРОВ белсенділік танытты. Атап айтқанда, ол «Жел раушанын» есептеу кезінде неліктен ластаушы заттардың әсері жел жылдамдығы тек секундына 0,5 м болғанда ғана қарастырылатынын сұрады. Ал меркаптан секілді ластаушы зат туралы мүлдем ақпарат жоқ. 

- Сіздерде бұл 50-100 шақырым қашықтықтағы бөлек кәсіпорын секілді қабылданған. Ал бұл іс жүзінде өте лас учаске. Теңіз кенішінің, Қашаған жобасының теңіздегі және құрлықтағы кешендері әсер етіп жатыр. Қалада автокөлік қозғалысы көп. Осы компоненттердің барлығы (қосындылар тобы) ауада қосылады. Олардың әсерлерін ескеру керек. Бұдан басқа, Соколок, Жайық өзендеріне және жерасты суларына өндірістің тигізетін әсері туралы мәліметтер жоқ. Неліктен «Қазгидрометтің» 2006 жылғы мәліметтері негіз етіп алынған? Бұл мәліметтер үнемі жаңартылып отырады ғой, - деп орынды сұрақ қойды академик.

Бұдан басқа, ол ағаш отырғызу туралы мәселе көтерді. Оларды санитарлық-қорғау аймағын қамтымай, тек кешеннің периметрі бойынша ғана отырғызу жобаланған екен.

Жоба қызметкерлерінің жауабынан белгілі болғандай, атмосфералық ауаның ластануын есептеу ең қолайсыз метеожағдайлар үшін – атмосфераның жерге жақын қабаты тұрақты болып, концентрациясы максималды мәнге жететін кезіне байланысты орындалған. Жел жылдамдығы 1-7 м/с болғандағы есептеулер қала шеңберіндегі ластаушы заттардың концентрациясы 0,05 концентраттардың рұқсат етілген шекті мөлшерінен аспайтынын көрсетіп отыр. Су көздеріне тигізетін әсеріне келер болсақ, өндірісте сумен қамтудың тұйық айналым жүйесі жоспарланғаны, сондықтан ашық су нысандарына әсері жоқ екендігі айтылды.

«Қазгидрометтің» ескірген мәліметтері туралы қайта қойылған сұраққа, олардың 2012 жылы жаңартылғанын және қайта қаралған ТЭН мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатқанын мәлімдеді.

Сонда компанияға ол қорытынды жасағаннан кейін жұртшылық тыңдауын өткізуге не кедергі болады екен?

Су тұтыну жөнінде әлденеше рет қойылған сұрақ бойынша Мералиев былай деп хабарлады:

- Айналым жүйесін толықтыру үшін тәулігіне 9,5 мың текше метр су жинауға үміттеніп отырмыз. Бұл ең ыстық айға – шілдеге есептелген, іс жүзінде бұл цифр аз болады. Сызбадан бастапқыда бізде үлкен буландыру алаңы қарастырылғанын көрдіңіздер. Бірақ қазір біз оларды 8 есеге азайтуға шешім қабылдадық. Ал болашақта буландыру алаңдарынсыз жұмыс істеу мүмкіндігін қарастырамыз. Біз суды ысырап қылғымыз келмейді, өйткені бізге енді Қиғаштан су алуға рұқсат бермейді. Суды тек буландыру шығындарының орнын толтыру үшін ғана алатын боламыз.

Адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін катализаторлармен жұмыс істейтін химия өндірісінде апат болу мүмкіндігі туралы сұрақ қойылды.

Мералиев:

- Бұл саңылаусыз жүйе, егер тіпті үлкен апат бола қалса (бұлай болу мүмкін емес) – бәрі де жабық күйде, ешқандай  шығарындылар болмайды. Үш жылда бір рет пайдаланылған катализаторды түсіріп, оны арнайы кәсіпорындарға жіберетін боламыз.

 

«НЕМЕРЕЛЕРІМІЗ НЕ ДЕЙДІ?»

Кездесу соңында Диаров тағы да сөз алып, әсерлі сөйледі:

- Зауыт ең жанды жерде орналасатын болады. Үкімет жұртшылықтың пікірін сұрамастан, еркін экономикалық аймақ құрды. Ол жерде көп өндіріс шоғырланған, бұл теңіздегі және құрлықтағы Қашаған жобасы. Енді тағы 6 зауыт салмақшы. Бұлар ірі кәсіпорындар, ал болашақ пропан мен пропилен зауыттарының өнімдерінен жаңа өнімдердің тағы 20 түрін алуға болады. Яғни, бұлар тағы 20 зауыт болуы мүмкін. Ал сонда адамдар қайда кетеді?! Аға буын сүретін өмірлерін сүрді, ал балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы не болмақ? Олар не дейді? Бұл осылай жалғаса беретін болса, олар шамамен 50 жылдай өмір сүріп, оның 25 жылын аурумен өткізетін болады. Енді ҚОӘБ бойынша: құжат формалды түрде жасалған, былық боп жатыр. Бірінде 2005 жылдың, бірінде 2006 жылдың, 2011 жылдың мәліметтері жүр, ал жаңа мәліметтер жоқ. Су қорларына әсері бойынша мәліметтер жоқ. Ал 10 жылдан кейін ауыз су кез келген мұнайдан да қымбат тұратын болады ғой. Шығарындылар қосындысы бойынша талдаулар жоқ, Атырау қаласының ауа ортасына әсері талданбаған, халықтың жалпы сырқаттылығына талдау жасалмаған. ҚОӘБ жаңа мәліметтер есебімен қайта жасалып, содан соң жұртшылыққа қайтадан ұсынылуы тиіс деп есептеймін.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

11 сәуір 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.