Біздің облысымызға ірі жобалар қарша жауып жатыр. Қытайлықтар АМӨЗ-ден хош иісті көмірсутек өндіру кешенін (ХӨК) сала бастады, сол жерде мұнайды терең өңдеу кешені жоспарланды, ал Қарабатандағы мұнай өңдеу кешеніне енді газ-химия кешені қосылды.
Бұлардың соңғысының құрылысын бірнеше жыл бұрын бастау жоспарланған болатын. Алайда қаржыландыру проблемасына байланысты кейінге қалдырылып келген еді. 2006 жылы «Kazakhstan Petro-chemical Industries» (KPI) АҚ құрылды. Ол бүгінде Ақтау пластикалық масса зауыты мен Атыраудағы «Полипропилен» (полистирол өндіру) зауытының қожайыны боп табылады. Газ-химия кешені құрылысының құны сол кезде 3,5 млрд долларға бағаланды. Ал қазір ол 6,3 млрд доллар, алайда кейбір сарапшылар оны шамадан тыс жоғары деп есептеп отыр.
ҮЛЕСТІК ОЙЫНДАР
2008 жылы газ-химия кешенінің жобасын жүзеге асыру үшін құрылған «KPI Inc.» ЖШС-де акцияның 51 пайызы соңғы кезге дейін «ҚазМұнайГаз» Барлау. Өндіру» АҚ-на және 49 пайызы – Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВТІҢ күйеу баласы Кеңес РАҚЫШЕВ басшылық ететін «SAT&Company» өнеркәсіптік холдингіне тиесілі болатын.
Бұрын «SAT&Company» KPI-гі өз үлесін 2009 жылы қаржылық проблемаларға байланысты акционерлер құрамынан шығып қалған швейцариялық «LyondellBasell» компаниясымен бөлісті. Қалайша және қандай сомада швейцариялық компания өз үлесін «SAT& Company»-ге бергендігі айтылмайды.
Айтпақшы,«LyondellBasell»-дің орнына ықтимал акционер ретінде атыраулықтарға танымал қытайлық «Синопек Инжиниринг» компаниясы қарастырылған болатын. Алайда, шамасы «ҚМГ БӨ»-дің 11,2 пайыз акциясын ҚХР мемлекеттік инвестициялық қоры сатып алғаннан кейін және еліміздің мұнай-газ саласындағы Қытайдың жалпы күш алуына қатысты жұртшылықтың сынынан кейін шығар, астанадағылар бұл идеядан бас тартқан еді. Бүгінде «Синопек Инжиниринг» тек бас мердігер ретінде ғана рөл атқарады. Рас, жобаның 1-фазасын жүзеге асыруға жұмсалып жатқанақшалар да көршілердікі. 1,3 млрд доллар шамасындағы несиені ҚХР Экспорт-Импорт банкі беріп отыр.
«KPI Inc» компаниясына оралсақ: «ҚМГ БӨ» 2009 жылы КРІ-гі өз үлесін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның 100 пайыздық еншілесі - «Біріккен химия компаниясы» (БХК) ЖШС-не сенімді басқаруға берген. Ал биылғы жылдың сәуірінде енді БХК КРІ-гі «ҚМГ БӨ» үлесін сатып алған деген ақпарат пайда болды.
«Келісім «ҚМГ БӨ» Директорлар кеңесінің шешімімен 2012 жылдың 2 наурызында бекітілді. Оның құны 4,86 млрд теңге (төленген күнгі бағам бойынша $33,5 млн доллар) құрайды», – деп хабарланған «ҚМГ БӨ» таратқан баспасөз релизінде.
БАРЛЫҚ ГАЗ ШОҒЫРЛАНАДЫ
Кешеннің өзіне келер болсақ, Атыраудан 35 км қашықтықта бірінші кезеңде Теңіз кенішінен тазартылған газды өңдеу зауытын салу жоспарланған. Екінші кезеңде Қашаған кенішіндегі газды өңдеу зауытын салу жоспарланды. Ал үшінші кезеңде Қарашығанақ кенішіндегі газды өңдеу бойынша қуаттылықтар енгізілетін болады. Жалпы өндіріс жылына 1 млн 250 мың тонна (800 мың тонна полиэтилен мен 450 мың тонна полипропилен) өнім құрауы тиіс.
Қазіргі кезде болашақ кешеннің инфрақұрылымы: су құбыры, электр тарату желісі, автомобиль жолы, булану тоғандары және т.б. салынуда. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ төрағасы Өмірзақ ШӨКЕЕВТІҢ соңғы сапары кезінде «Біріккен химия компаниясы» ЖШС басқармасының төрағасы Дәурен ЕРДЕБАЙ (суретте) әңгімелегендей, жыл аяғына дейін бұл жерден инфрақұрылым бойынша барлық жұмыстарды аяқтау жоспарланған. Ал 2013-2014 жылдары осы жерде жабдықтар құрастырылатын болады.
ТАҒЫ ОТЫЗ БЕС
Ал жергілікті экологтар химия өндірісінің қаламен көршілес орналасқанына алаңдаушылық білдіріп отыр.
– Иә, бұл газ-химия кешені жергілікті шикізаттан (Теңіз-дің, Қашағанның, Қарашығанақтың газдарынан) жүздеген химия өнімдерін жасап шығаруға болатындығымен ерекшеленеді. Мәселен, бутан. Оны бензинге қосқанда (қорғасын қосындысының орнына) оның октандық мөлшері көтеріледі. Мұндай өнім ҚР-ның еш жерінде алынбайды. Мұндай зауыттар қазір Ресей мен Еуропада салынып жатыр. Алайда 2002 жылы біз Солтүстік-Каспий жобасының бүкіл өнеркәсіптік аймағын Теңіздің маңына бұрынғы Қаратон поселкесінің орнына салуды ұсынған едік, - дейді «Каспий табиғаты» ҮЕҰ жетекшісі Махамбет ХАКИМОВ. – Ол жерде осындай аймақ үшін бүкіл коммуникация бар, ең бастысы – тағы бір экологиялық тұрғыдағы қолайсыз аудан пайда болмайды. Бірақ Қарабатанда техногендік және экологиялық қуаттағы осындай ошақтың негізі қаланды, оның салдары көп кешікпей Атырау қаласының тағдырына әсер ететін болады. Ал сол Қарабатаннан (35 км) газ-химия кешенін салу жағдайды тек нашарлатады.
Академик Мұфтах ДИАРОВ та химиялық өндірістің қала мен тұщы су көзіне жақындығына қынжылыс білдірді. Өз атымнан қосарым, Шөкеев келген кезде Ердебай тазарту құрылғысынан кейін техникалық суды тікелей Жайыққа құюға болатындығына сендірген еді. Бірақ ол іле-шала бұлай істемейтіндіктерін, судың қайтадан пайдаланылатындығын айтты.
– Батыста әрбір бұрғы жасыл-желекке малынған. Ал бұл жерде әңгіме химия өндірісі туралы болып отыр,демек қаланы орман алқабы қорғауы тиіс. Ал ол бізде жоқ, - деп атап өтті академик.
Дегенмен, экологтардың пікірі енді ешкімді алаңдатпайды. Болашақ кешеннің қоршаған ортаға әсерін бағалау жөніндегі қоғамдық тыңдаулар сонау 2006 жылдары болып кетті. Шамасы, жергілікті ҮЕҰ сол кезде қазіргідей белсенді болмаса керек. Мұрағаттағы жарияланымдардан белгілі болғандай, кешенді салу жобасы ескертулер мен ұсыныстар ескеріліп, бірауыздан мақұлданған.
АЗ БОЛМАЙДЫ
Дегенмен, бізді жобаның экономикалық тиімділігі иландырып отыр. Жаңа жұмыс орындары құрылып, еркін экономикалық аймақтың қолайлы жағдайында шағын және орта бизнес жанданбақ.
Атап айтқанда, Ердебай бастапқы уақыттарда импорттық шикізаттан, содан кейін кешенде өндірілген жергілікті шикізаттан 3 мыңдай атаудағы өнімдерді шығару туралы батыл жоспарларын айтып берді. Соның ішінде «Азия-Авто» АҚ үшін пластик бамперлер мен қосалқы бөлшектерді, қан мен физиологиялық ерітінді құятын ыдыстарды атады:
– Дүние жүзінде оларды пакеттерге орайды, тек бізде ғана бөтелкеге салады. Басқа бір мысал. Бүгінде цемент өндірушілер оны қағаз қаптарға салады. Ал мұндай полиэтилен пакеттер арзанырақ, берік әрі жеңіл. Жалпы бізде жаңа технология болады, мұндай үлдірде Сингапурда ақша басып шығарады.
Ал бірер жыл бұрын сол кездегі мұнай және газ тете-министрі Әсет МАҒАУОВ астаналық журналистерге:
- «Синопек-Инжинирингпен» жасалған келісім-шартқа сәйкес, бұл компания зауыттың бүкіл өнімін сатып алуға міндеттеледі, - деп комментарий берген болатын.
Жергілікті құрам мен жұмыспен қамтуға келер болсақ, жобаға қазақстандық кадрларды көбірек тарту ниеті туралы Ердебайдың мәлімдемесіне қарамастан, 1-«полиэтилендік» кезеңнің аясындағы негізгі құрылысты қытайлық «Синопек Инжиниринг» компаниясы жүзеге асырады. Сондай-ақ, несие желісінің талаптарына сәйкес жобадағы қытайлық құрам (қызметкерлер, тауарлар мен қызметтер) 50 пайыздан кем болмауы тиіс. Одан да келісім-шартта 50 пайыздан көп болмауы тиіс деп шек белгілегені жақсы болар еді. Шығыстағы көршінің қазақстандық жеткізушілер мен кадрларға қарым-қатынасының қандай екендігі белгілі.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА, суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ