Атырау, 25 қараша 16:47
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Экологтарды шүбәландырған жоба

3 047 просмотра

4 шілдеде «Kazakhstan Petrochemical Industries» компаниясы шақырылған жұртшылықтың аз ғана өкілдеріне интеграцияланған газ-химиялық кешеннің жаңартылған жобасын таныстырды. Осылайша, аймағымызда жүзеге асырылып жатқан алып өнеркәсіптік жобаларға тағы біреуі қосылды.

ЖОБА ЖӘНЕ ДАҒДАРЫС

Мұның хикаясы әріден басталады. Сонау 2006 жылы жобалау-сметалық құжаттама жасақталып, сол жылы қоғамдық тыңдау өткізіліп, ал 2008 жылы техникалық-экономикалық негіздеме дайындалды. Алайда экономикалық дағдарыстың салдарынан жоба үнемі кейінге қалдырылып, жобалау құжаттамасы өзектілігін жойып жіберді.

– Қазір кешеннің бірінші фазасының техникалық-экономикалық негіздемесінің түзету енгізілген нұсқасы мемлекеттік сараптамаға мақұлдауға жіберілді. Ал қоршаған ортаға әсерді алдын-ала бағалау және қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі жұртшылық тыңдауларын биылғы жылдың күзіне дейін өткізу жоспарланған, - деп  хабарлады КРІ атқарушы директоры Шыңғыс ИСМАҒҰЛОВ (суретте).Естеріңізге салсақ, КРІ-дің  51 пайызы Біріккен химия компаниясына («Самұрық-Қазына» ҰӘҚ еншісі), 49 пайызы - «SAT Operating» ЖШС-не тиесілі.

Таныстырылымда айтылғандай, бірінші фаза шеңберінде екі технологиялық желіден: пропанды дегидрогенизациялау қондырғысы (жылына 550 мың тонна пропилен) мен полипропилен өндіру қондырғысынан (жылына 500 мың тонна) тұратын зауыт салу жоспарланған. Болашақта жобаның екінші фазасын жүзеге асыру есебімен (полиэтилен өндіру) инфрақұрылымның 9 нысаны салынатын болады. Бастапқы кезеңде газ зауытқа Теңізден теміржол арқылы цистерналармен әкелінеді. Ал содан кейін ұзындығы 207 км болатын пропан құбыры салынды. Кешенді электрмен жарақтаудың негізгі көзі қуаттылығы 80 МегаВатт болатын газ-турбиналық электр стансасы болмақ. KEGOC электр желісі (газ-турбиналық стансасы апатты жағдайда істен шыққанда) резервтегі қоректендіру көзі ретінде қолданылмақ. Газ-турбиналық стансасын қоректендіру үшін отын газы Интергаз – Орталық Азия газ құбырынан келетін болады.

– ТШО-да үш резервті энергиямен қамту көзі болды. Апат кезінде олардың барлығы істен шықты ғой, - деп еске салды КРІ өкілдеріне экологтар 2005 жылы шілдеде Теңіз кенішінде орын алған ауқымды апатты меңзеп. 

Екінші кезеңде Жылыой ауданының Қосшағыл поселкесінің маңынан құрғақ коммерциялық пропан мен этан газдарын айыруға арналған газ-сепарациялық қондырғы орнату жоспарланған. Алынған пропан КРІ газ құбырына қосымша толтырылып, қалған газ ТШО-ға қайтарылатын болады. Исмағұловтың айтуынша, бұрын КРІ ТШО-мен 25 жылға газ жеткізу туралы келісімге қол қойған. Құрылыста 8 мың адам жұмыс жасайтын болады, оның 4 мыңы – қытайлықтар. Зауытты пайдалануға берілгеннен кейін 950 адам қызмет етпек. Жоба бойынша жоспарланған вахталық поселке осы мөлшерге есептелген.

 

ТӘБЕТ АС КЕЛГЕНДЕ АШЫЛАДЫ

Швейцариялық «LyondellBasell» компаниясы жобадан шығып қалғандықтан, полипропилен және полиэтилен өндіру технологиясын КРІ американдық Lummus Technology («CB&I» компаниясы тобының бөлімшесі) компаниясынан сатып алды. Айтпақшы, олардың құны бастапқы серіктесі ұсынған бағадан әлденеше есе аз екен деп айтылып жүрді.

Кешен құрылысының бірінші фазасы қытайлық несиемен (1,3 млрд доллар) жүзеге асырылуда, екінші фаза бойынша оңтүстік-кореялық «LG Chemical» компаниясымен келісім жасалды.

Соңғы жылдары қатты өсіп кеткен жоба құнына келер болсақ (3,5 миллиардтан 6,3 млрд долларға дейін), бастапқыда жоба тек қазіргі кешеннің бірінші бөлігін (фазасын) ғана қарастырғаны мәлім етілді.

– Сондықтан екінші фазаны есептемесек, жобаның құны аз ғана өскен, - деп есептейді КРІ менеджерлері.

Болашақ өнімдерді жүзеге асыру бойынша КРІ компаниясы «Vinmar Projects LTD» компаниясымен келісім-шарт жасады. Бұл компания болашақта өндірілетін бүкіл полипропилен мен полиэтиленді сатып алмақшы. Исмағұловтың айтуынша, басқа да компаниялар қызығушылық танытып отыр, соның ішінде бас мердігердің құрылыс бойынша еншісі Sinopec Trade House компаниясы бар. Өткізу сызбасы бойынша өнім Шығыс және Батыс Еуропа, Түркия, Оңтүстік Азия темір жолдары мен теңіз жолдары арқылы өтеді. Ішкі нарыққа тек 10 пайызы ғана жеткізілетін болады:

– Сұраныстың жоқтығына байланысты, - деп түсіндірді мұны Шыңғыс Исмағұлов.

Жайық-Каспий Орхусс орталығының директоры Шынар ІЗТІЛЕУОВА елде жарияланған «жасыл» экономикаға көшу қарсаңында кешенде өндірілетін өнімнің қаншалықты өзекті болатындығы жөнінде сұрады:

– Бүкіл өркениетті әлем бүгінде экологиялық қауіпсіз тауарларды шығаруға көшіп жатыр. Еуропада өздігінен ыдырайтын қасиеті жоқ пластикті сатып алмайды. Бес жылдан кейін сіздің өніміңіз қажетсіз боп қалмай ма?

Исмағұлов бұл сұраққа жауап беруге қиналып қалды. Ол бар болғаны қолданылатын технологияның нарық сұранысын оңтайлы қанағаттандыруға мүмкіндік беретінін ғана мәлімдеді.

– Өнімді сатып алуға қатысты жасалған келісім-шартқа қарамастан, Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея және де басқа елдердегі алып сауда үйлері біздің өнімдерімізге кезекте тұр.

 

ТҰРБА РЕЗІҢКЕ ЕМЕС

Экологтарды болашақ кешенді сумен қамту мәселесі қызықтырды. Бірінші фаза кезеңінде КРІ сұранысы тәулік сайын 12 мың текше, оған қоса екінші фазада 24 мың текше құрайды.

– «ҚазТрансОйл» АҚ қызмет көрсететін Астрахан-Маңғышлақ су құбыры осыдан 25 жыл бұрын іске қосылған Оның тозығы жеткен және апаттан сақтандырылмаған. Бүгінде осы тұрбаны Исатай ауданы, Аджип ККО, ТШО пайдаланып отыр, енді тағы интеграцияланған газ-химиялық кешен қосылады. Ал Қашаған және Теңіз жобалары кеңейетін болады, - деп қынжылыс білдірді экологтар.

– Су таратқыштар жаңартылды әрі екінші фаза басталарда сорғы стансасын салатын боламыз, - деп қорғануға көшті КРІ өкілдері.

– Жаңғырту мен сорғы стансаларының бұл жерде көмегі жоқ. Бізді алаңдатып отырғаны, әңгіме бір тұрба жөнінде ғана болып отыр. Апат бола қалған жағдайда резервтік сумен қамту көзі болмай қалады. Бұған  су қорларының ғаламдық азаюы жөніндегі болжамды қосыңыз. Соның ішінде Қиғаш өзені де бар, ол жерден осы су құбыры жүреді. Жайық өзенінің деңгейі де төмендеп кетеді. Ал біз бәрінен төмен орналасқанбыз. Ресей кез-келген уақытта су түсімін шектеуі мүмкін. Бұл жағдайда сіздердің зауыттарыңызда жабдықтарды салқындату тоқтатылады, бұл апаттарға соқтыруы мүмкін, - деп алған беттерінен қайтпады экологтар.

 

ЕСЕСІНЕ – МУЛЬТИПЛИКАЦИЯ

Тағы бір маңызды мәселе – химия өнеркәсібінің болашақ алыбымен күмәнді көршілестікте болатын жергілікті тұрғындар не ұтады? Өйткені кешенді облыс орталығынан 35 километр жерде тұратын Қарабатанның қасынан салу жоспарланған болатын.

Сөйтсек, уәде етілген мультипликативтік нәтижеден басқа елге келер ештеңе жоқ. Еркін Экономикалық Аймақ аясында кешен жабдықтарды импорттауға қосымша құн салығынан, жер және мүлік салықтарынан және т.б. төлеуден босатылған. Жергілікті бюджетке бұйыратын жалғыз нәрсе – жеке табыс салығы және жұмысшылар мен резидент емес тұлғалар үшін әлеуметтік салықтар ғана.

Экологтар қолайсыз жел тармағын есептегенде, зиянды шығарындылардың жалпы мөлшері туралы сұраққа да жауап ала алмады. Ал осы сұрақты түсіндіре алатын Жайық-Каспий департаментінің шақырылған өкілі бұл шараға келуді жөн деп таппады.

– Біз аймағымыздағы осынау кезекті алып өнеркәсіптік жобаны тоқтата алмаймыз. Біздің жұртшылық бұған селқос қарап отыр, - деп есептейді Ш. Ізтелеуова. – Ендігі жерде жалғыз ғана қолдан келер нәрсе - болашақ шығарындылар үшін тәуелсіз мониторингке қол жеткізуіміз керек.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

11 шілде 2012, 18:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.