Атырау, 28 қараша 10:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

«Шашынан тартып шығаруға тура келді»: көршілері өзенге батып бара жатқан 9 жасар баланы құтқарып қалды

1 165 просмотра

26 ақпан күні Құрманғазы ауданы Байтарал елді мекенінде үш бала Сурхан өзенінде мұз үстінде ойнап жүргенде мұз жарылып, бірі суға түсіп кеткен. Оған көмекке барған әйел адам да батып кете жаздады. Оларды ауылдастары Ертөстік ҚАЛЕНОВ пен №47 жедел жәрдем командасы құтқарып қалды. Оқиға былай болған еді.   

- Түс қайта үйде едім. Бір уақытта өзен жақтан балалардың шырылдап көмек сұраған айқайын естідім. Сурхан өзені біздің үйден 30-40 метр шамасындай еді. Аяғыма аяқ киім киюге де мұршам болмай, жалаңаяқ тұра шаптым. Үстімде трико, қысқа жең футболка. Өзенде бір әйел суға бір батып, бір шығып жүр. Есі шығып кеткен. Әйелді өзеннен суырып шығарған кезде, әлгі әйел «Мадияр суға батып кетті» деп айқайлап жылап жіберді. Мұз үстінде үрпиіп тұрған балаға ағаш алып кел дедім. Жағдай мен ойлағандай болмады, ойылған мұзға түсіп кеткен баланың шашы ғана көрінеді, толық суға батып тұр. Жата қалып қозғалып, балаға қарай ұмтылдым. Бір уақытта қолым шашына ілікті, жабысып айырылмай өзіме қарай күштеп тартып шығардым. Бала ес-түссіз жатты, «өліп қалды ма» деген ой да келіп жатыр. Өзімше алғашқы көмекті көрсетіп жатқанда, көршім Асланбек жетіп келді. Баланы оған қалдырып, үйге жүгіріп келіп, «103» нөміріне хабарладым. Бригада келгенше, телефон арқылы алғашқы көмекті қалай жасау керек екенін түсіндіріп тұрды, - дейді Ертөстік Қаленов (суретте).

Жедел жәрдем қоңырау түскеннен кейін жеті минутта жеткен. Ақхалаттылар ессіз, тіршілік белгісі жоқ, клиникалық өлім үстінде жатқан 9 жасар баланы аман алып қалудың қамына бірден кірісті. Толық реанимациялық шараны команда болып атқарып шықты. Нәтижесінде фельдшерлер М.Разеденов, А.Утесова, жүргізуші Е.Қабдулхақовтың бірлескен медициналық көмегінің арқасында сәтті реанимиация жасалды. Баланың гемодинамикасы тұрақтанған соң, аудандық ауруханаға жеткізілді. Бүгінде баланың жағдайы қанағаттанарлық, өміріне еш қауіп жоқ дейді ақхалаттылар.

Екі бірдей адамды ажал тырнағынан құтқарып қалған Е.Қаленов пен №47 жедел жәрдем бригадасын бүгінгі күннің батырлары деп толық айтуға болады.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Әлеуметтік желіден алынған суреттер

28 ақпан 2023, 16:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.