Атырау, 28 қараша 10:49
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Атырауда Экология министрімен кездесу өтті: сауал көп, кей сұраққа жауап жоқ

Сурет
1 139 просмотра

Кеше, 22 ақпанда Экология және табиғи ресурстар министрі Зульфия СҮЛЕЙМЕНОВА Атырауға жұмыс сапарымен келді. Бұл оның министр болып тағайындалғаннан кейін облысымызға бірінші сапары. Экологиялық нысандарды аралаған соң Құрманғазы атындағы Мәдениет үйінде жергілікті жұртшылықпен кездесті. Залда адам аз болғанымен, сауалдар жеткілікті қойылды. Кей сұрақтар эмоцияға толы болды. Кездесу үш сағаттан астам уақытқа созылды.

ҮЕҰ ретінде ең белсенді қатысушылардың ірі жобаларды жүзеге асыру бойынша қоғамдық тыңдауларды ұйымдастыруға қатысты шағымдары болды. Олар өздерінің ескертулері мен ұсыныстарының еленбегеніне және ұйымдастырушылардың бұқаралық ақпарат құралдарында алдағы тыңдаулардың күні мен уақытын өте «жұпыны» хабарлайтындарына шағымданды.

Қатысушыларды Каспий теңізі маңындағы қамыстардың жиі өртенуі, экологиялық апат аймақтарында тұратындарға өтемақы төлеу, Каспий теңізі мен Жайық және Қиғаш өзендерін тереңдету жұмыстары, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу сияқты мәселелер қызықтырды.

Жаңадан тағайындалған жас министр Зульфия Сүлейменова сұрақтарға жауап бере отырып, табиғат қорғау шараларына бөлінген қаржының қалай бөлінетіні мен игеріліп жатқаны туралы жергілікті әкімдіктен халыққа хабардар етуді сұрайтынын айтты. Сондай-ақ ол кездесуге қатысушылардың бірінің экология заңнамасын бұзушыларға айыппұлды күшейту қажет деген пікірімен де келісті.

«БІР-БІРІМІЗДІ ЕСТУГЕ ТЫРЫСУЫМЫЗ КЕРЕК»

Экобелсендісі Галина ЧЕРНОВА қоршаған ортаға шығарындылардың көтеріңкі лимиттеріне көңілі толмайтынын айтып, «газ камерасымен» салыстырды. Осы ластау көздерін жасыру оңай болу үшін мониторинг станцияларының деректерін бұрмалау мүмкіндігін жоққа шығармады.

Министр бұған дейін жергілікті экология департаментіне санитариялық-қорғау аймақтарында автоматтандырылған мониторинг станцияларын (датчиктер) орнату мәселесін пысықтауды тапсырғанын айтты.

Зооқорғаушы Венера МАНАСОВА үйсіз жануарларға арналған базаны (питомник) салу үшін мемлекеттік бюджеттен қаншалықты қаржыландыруға болатынын сұрады. Министр алдағы уақытта осынау күрделі мәселені жұртшылықпен талқылау жоспарланғанын айтты. Айта кету керек, В.Манасованың сауалына залдағы реакция біркелкі болмады.

Мәселен, ардагер гидрогеолог Едіге САБУРОВ бұралқы жануарларды жою керек деген пікір білдірді. Оны өзгелер де қолдады. Олар соңғы кездері көбейіп кеткен қаңғыбас иттер балаларына қауіп төндіреді және бұл ақшаны көп балалы отбасыларға көмек ретінде бөлген дұрыс деп есептейді.

Сонымен қатар, министр ендігі жерде жұртшылықтың арыз-шағымдарын ескере отырып, ірі компаниялардың қоғамдық тыңдаулар өткізу ережесін қайта қарастыратындарын айтты. Бірақ, оның жеке пікірінше, тыңдауларға қатысу мәдениетін арттыруға, бір-бірін тыңдауға және сындарлы диалог жүргізуге тырысу керек.

Азаматтық белсенді Таңат НҰРЫМОВ министрдің пікірімен келіспеді. Егер кейбір жер қойнауын пайдаланушылар, атап айтқанда, «Nasar Solutions» ЖШС экобелсенділерге «көрінеу жалған ақпарат таратты» деп қылмыстық іс қозғаймыз деп, қоқан-лоққы жасап жатса, қандай сындарлы диалог туралы айтуға болады дейді. Ол мысал ретінде екі экобелсенді Оксана МАРТЫНЮК пен Галина ЧЕРНОВАҒА қатысты жақында болған жағдайды баяндады.

«ЗИЯНДЫЛЫҚ ҮШІН» ӨТЕМАҚЫ МӘСЕЛЕСІ КҮРДЕЛІ

Блогер Олеся ВЕРТИНСКАЯ теңіз жағасындағы қамыстардың үздіксіз өртенетіні туралы сұрады. Министр өрт болған жерді қайталап сұрады, бұл оның жағдайдан бейхабар екенін көрсетті.

Тағы бір қатысушы З.Сүлейменовадан экологиясы өте нашар өңіріміздің тұрғындарының тиісті өтемақы алуы үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрады. Министр әр тұрғынға өтемақы алу үшін аймақты экологиялық апат аймағы деп тану қажет деп жауап берді. Ол үшін министрлік жанынан арнайы комиссия құрылып, кешенді зерттеулер жүргізілуі керек. Мұның бәрі Экология кодексінің 405-бабында реттелген, онда жекелеген аумақтарды (акваторияларды) төтенше экологиялық жағдай аймағы немесе экологиялық апат аймағы деп жариялау тәртібі көрсетілген.

Кездесу модераторы облыс әкімінің орынбасары Жасұлан БИСЕМБИЕВ 10 жыл бұрын Азғыр өңіріне қатысты бұл мәселе қаралып, шешімін таппағанын атап өтті.

Жайық және Қиғаш өзендерінің түбін тереңдету жұмыстарын жүргізетін «Павлодар өзен порты» АҚ туралы да сөз болды. Кездесуге қатысушылардың бірінің айтуынша, бұл мердігерде техника жеткіліксіз, бірақ ол үнемі тендерлерді ұтып алады.

Бұл жерде министр техникалық қадағалау жұмысына сілтеді. Ол мұндай мәселелер туындамас үшін оның мердігердің жұмыс сапасын уақтылы қадағалап отыруы керектігін айтты.

Айнұр САПАРОВА

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі жолдаған суреттер

23 ақпан 2023, 11:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.