Ақорданың хабарлауынша, салтанатты рәсімнен кейін Тоқаев пен Путин шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізген, деп жазады Азаттық Радиосы.
Онда Тоқаев Қазақстан "осындай күрделі кезеңде Ресейдің сенімді стратегиялық серіктесі әрі одақтасы екенін және алдағы уақытта бұл бағыттан айнымайтынын" тағы қайталаған.
Тоқаевтың сөзінше, "тату көршілік және серіктестік рухындағы ынтымықтастықты одан әрі дамытуға серпін беретін" "20 келісімнен тұратын" құжаттар қабылданады.
Ақорданың жазуынша, Ресей басшысы Владимир Путин "ерекше сый құрмет үшін" Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, оны жыл соңында Санкт-Петербургте өтетін ТМД аясындағы бейресми кездесуге шақырған. Одан бөлек, Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты шараға да шақырды.
Ресми ақпаратқа қарағанда, тараптар келіссөз кезінде өнеркәсіп кооперациясы, энергетика, мұнай-газ өнеркәсібі, энергия ресурстарын тасымалдау, машина жасау, көлік-логистика, қаржы, экология, су саясаты, білім беру, ғылым, мәдени-гуманитарлық саладағы мәселелерді талқылаған.