Атырау, 3 қазан 07:37
 бұлттыВ Атырау +23
$ 483.23
€ 534.74
₽ 5.12

​Лиз Уелш, жазушы: Қазақтар өте көңілді халық екен

Сурет
931 просмотра
Лиз Уелш, жазушы: Қазақтар өте көңілді халық екен

Фото: Nege.kz

Астанада өткен Орталық Азия медиа форумы кезінде бүркітпен аңға шығу тарихындағы ең жас аңшы қыз Айшолпан НҰРҒАЙЫП туралы жазылған «The Eagle Huntress» атты кітаптың тұсауы кесілді. Оның авторы – Cosmopolitan, Marie Claire, The New York Times, Vogue, Parade және т.б. журналдардың тілшісі, жазушы Лиз УЕЛШ.

Бұдан бұрын Айшолпан туралы түсірілген «The Hunter of Eagle» фильмі Оскарға үміткер ретінде ұсынылғаны туралы ақпарат шыққан еді. Америкалық танымал әнші Sіа да осы фильм үшін бүркітші қазақ қызына арнап «Angel The Wings» әнін жазған. Форумнан соң кітап авторы Лиз УЕЛШ NEGE тілшісіне сұхбат берді.

– Лиз ханым, қателеспесем, Қазақстанға тұңғыш рет келіп тұрсыз ғой?

– Иә, дәл солай. Бұл менің – алғашқы сапарым.

– Бүркітші қазақ қызы Айшолпан туралы кітап жазу идеясы сізге қайдан келді? Әлде ол туралы түсірген фильмді көрдіңіз бе?

– Айшолпан жайлы түсірілген «The Hunter of Eagle» деген фильмді көрдім. Бұл кітапты жазуға ықпал еткен сол фильмнің режиссері Отто Белл еді. Ол мені Ребекка есімді агентпен таныстырып, өтінішін айтты. Олар бүркітші қазақ қызы туралы кітап жазатын адам іздеп жүр екен.

Мен осы кезге дейін ерекше тағдыр иелері жайлы көптеген мақала мен кітаптар жазған едім. Айшолпанның оқиғасы мені қатты қызықтырды, сол үшін де ол туралы жазғым келетінін білдіріп ұсыныс айттым.

Кейін баспа компаниясы менің бас кейіпкермен кездесуім үшін Моңғолияға баруға қаржылай көмектесті. Айшолпанға да көмек қолын созды. Өйткені бұл оның жеке хикаясы ғой. Осылайша, үш апта бойы Моңғолияда Айшолпанмен және оның отбасымен бірге болдым. Мен үшін бұл өмірімдегі маңызды да ерекше сапарларымның бірі боп қалды.

– Кітапты жазуға қанша уақыт кетті?

– Бір айдан соң мен Америка Құрама Штаттарына қайтып келдім. Келгеннен кейін де FaceTime арқылы қайта-қайта онлайн байланысып отырдық. Өйткені барлық детальді дұрыс түсінгенімді нақтылауым керек болды. Барлығын қосқанда шамамен алты ай болған шығар.

– Презентация кезінде Айшолпанның бүркітімен түскен суретіңізді көрсетіп, оны көтеру соншалықты ауыр екенін айтып едіңіз...

– Иә, бәрін өз бойымнан өткізіп, сезініп көру үшін бүркітті көтеруге тура келді. Ол өте ауыр екен. 10 минутқа жетер-жетпес қолымда ұстаған сәт мәңгілікке ұласып кеткендей болды. Содан кейін қарым талып кетті. Ал Айшолпан болса оны атқа мініп, шауып жүріп те білегімен көтеріп ұстайды. Мен мұны көргеннен кейін одан қатты әсерлендім. Ол – сөзсіз өте мықты қыз.

– Сіз Айшолпан арқылы қазақтың бүркітшілік өнерімен таныстыңыз. Басқа да дәстүрлі, ұлттық ойындарымыз туралы естідіңіз бе?

– Бұл мен бүркітпен аң аулау туралы білген жалғыз нәрсе болды. Сондықтан мен бүркітшілік дәстүрлі ойындарының сарапшысы болған адаммен сұхбаттастым. Сосын «Алтын бүркіт» фестивалінде ер азаматтардың атқа мініп, көкпар тартқан ойынды тамашаладым.

– Осы кітаптан соң әлемнің түкпір-түкпірінен сан түрлі пікірлер келіп жатқанын айттыңыз. Бүркітші қыз оқиғасы көп оқырманға қызық әрі тосын болған шығар?

– Иә, олар үлкен қызығушылықпен қабылдап жатыр. Өйткені бұл кітап өзгелер күліп, күмәнмен қараса да, өзінің сүйікті ісін асқан ынтызарлықпен жалғастыра берген мықты қыз туралы, оның күші мен қайраты туралы.

Бірақ Айшолпанның әкесі қызына сенді, қолдау көрсетті. Қазақ өмір салтында аңға шығу, әсіресе саятшылық деген кәсіп ерлерге тиесілі болған ғой. Сол үшін де маған оның батылдығы мен қайсарлығы қатты ұнады.

Айшолпан көпке үлгі бола білді. Өйткені одан кейін Моңғолияда көп қыздар осы бүркітшілікке қызығып, ерлермен қатар атқа қона бастады. Бұл да – спорт. Ал спорттың адамдардың күшін теңестіретін құдіреті бар.

Мен – Америка Құрама Штаттарынанмын. Біз онда күшті, спортшы қыздардың мерекесін тойлаймыз. Қазақстанда да бұл мүмкін екенін көріп тұрмын. Айшолпан сияқты мықты, өжет арулардың өз әңгімелерімен бөлісе бастағаны өзге әйелдерге де қанат бітіріп, еш кедергіге қарамастан қалаған биіктеріне шыға алатынына үміт береді. Астанадағы форум кезінде мен соны сезіндім.

Мен жас журналист кезімде UNISEF-те жұмыс істедім. Сол уақытта әлемнің әр жерінен түрлі жүрек тебірентер оқиғалар естіліп жататын. Ондай хикаялар Қазақстанда да көп екеніне сенімдімін.

– Айшолпан бір ғана мысал дейсіз ғой?

– Әрине. Адамдарға ой салатындай өмір кешіп жүрген адамдар айналамызда өте көп. Олардың әділдік, еркіндік жолындағы күрестері, жеңіске жету жолындағы қиындықтары туралы айтып берер оқиғалары бар. Сондай нағыз қаһармандарды іздеп тауып, жазу керек.

– Форумнан кейін көп адам сізбен әңгімелесіп, қолтаңба алып жатты. Сол таныстықтардан соң біз туралы қандай ойда болдыңыз?

– Сондай ашық-жарқын әрі өте көңілді көрінді.

– Көңілді дейсіз бе?

– Иә. Өйткені қазақтармен әңгіме барысында езуімнен күлкі кетпеді. Айшолпан да сондай ғой. Өзінің ішкі қуаты мықты, күшті қыз. Бірақ сыртқа қатты, қатал боп көрінбейді. Керісінше, әркез күлімдеп, жымиып тұрады. Меніңше, қазақтар өз күшін біледі және оны сыртқа көрсетпей, өздерін сыпайы ұстайды.

– Қазақша алқа мен сырға тағып алыпсыз. Сізге сондай жарасымды.

– Өте әдемі, өзіме де ұнайды. Оларды маған форумда Айшолпан берген. Енді бұл әшекей бұйымдарды Нью-Йоркке алып кетіп, тастамай тағып жүремін.

– Қазақстанға қайта келу жоспарыңызда бар ма?

– Мұнда әдемі жерлер көп екен. Барлығына барып үлгермедім, оған уақыт керек. Сол үшін қайтадан келгім келеді. Еліме кететін болғандықтан отбасыма сыйлықтар сатып алуым керек. Егер мен Қазақстаннан бірдеңе әкелмесем, олар маған өкпелейді. Сондықтан зергерлік бұйымдар мен жылы заттар сатып алатын шығармын.

27 желтоқсан 2022, 10:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.