Жылыой ауданының тумасы Нұрсипат НҰРМАНБЕТОВА жайлы «АЖ» жазған болатын. Ол Нью Йорктағы әлемнің үздік оқу орындарының бірі - Пэйс университетінің неврология факультетінде грантта оқып жатыр. Тағдырдың мұндай сыйы, әрине, ерекше назар аударуға лайық, біз онымен осы тақырыпта толығырақ сұхбаттасқан едік.
Нұрсипат Құлсары қаласындағы Далабай Жазықбаев атындағы №16 орта мектептің түлегі. Ол бала кезінен медицина маманы болуды армандаған. Ал, жасы 14-ке келгенде нейрохирург боламын деген шешімге келген. Мектепте оқу кезінде тамаша қабілеттерін көрсетіп, 16 жасында әлемнің беделді 15 университетінен тегін оқуға шақырту алған. Таңдауы АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Пейс университетінің медицина факультетіне түскен. Қазір онда кампуста тегін тұруға арналған грантпен оқиды және ай сайын қомақты шәкіртақы алады.
- Нұрсипат, шетелдің көш ілгері жоғары оқу орнының грантын қалай жеңіп алғаныңды білмес бұрын жоғары біліктілікті талап ететін өте күрделі бұл мамандықты таңдауға не түрткі болғанын сұрағым келеді.
- Бұл мамандыққа Қазақстанда сұраныс көп болғанымен, сапалы мамандар аз, көбі дұрыс, нақты диагноз қоя алмайды. Адам миы жалпы толықтай зерттеліп болмаған, әрине, «адам миы ғалам» секілді ғой, толықтай зерттелмеген құпияға толы. Мені осы қызықтырды. Болашақта Астанадан жеке клиникамды ашқым келеді. Америкада екі мамандықты бірдей оқу мүмкіндігі бар. Мен бірінші мамандығыма нейрохирургияны оқып, ал екінші мамандығым ретінде робототехниканы таңдадым. Болашақта адам миына жақын «жасанды интеллект» жасау идеясы бар. Әзірге нақты жоспар жоқ, бірақ ойланып жүрмін.
- Отбасың жайлы айтып берсең. Ата-анаң осындай жоғары деңгейдегі білімге қызығушылығыңды қалай оятты?
- Мектепте мен биология, ағылшын, орыс тілі, геометрия, химия пәндерін ұнаттым. Аса қызығушылықпен оқыдым. Отбасымыз өте қарапайым. Жағдайымыз орташа. Өзімнен кейін екі жас кіші інім бар. Әке-шешем мені бала күнімнен оқуға жақын тәрбиелеген және менің оқуым үшін барлық жағдайымды жасаған. Бала күнімнен бірнеше тілді меңгеруге ықпал етті. Осындай жетістікке жетуіме әке-шешемнің көп үлесі тиді. Олар тәрбиесі мен қолдауын білдірген ең басты адамдар. Менің оларға және ұстазым Айгүл Масабаеваға алғысым шексіз. Мектепте оқу үлгерімім «өте жақсы» болды. Мектепаралық олимпиадалармен шектелмей, өз бетімше әлемдік олимпиада мен конференцияларға белсенді түрде қатысып, халықаралық диплом мен сертификаттар иелендім.
...Жастайымнан шетелге оқуға түсуге бел будым. АҚШ-қа оқуға түсу үшін IELTS тестін тапсырып, 8.0 ең жоғарғы балл алдым. Сосын әлемнің 20 университетіне өтінім жібердім. Бірақ қиындықтар өте көп кездесті, себебі мен ешкімнің көмегіне жүгінбедім және Қазақстаннан алғаш рет осындай жоспары бар түлек мен болдым. Яғни бүкіл оқуға түсу процесін өзім қолға алдым. Көп уақытымды шетелдік тестілерге арнадым, ҰБТ тапсырудан бас тарттым.
– Неліктен 15 беделді ұсыныстың ішінен Пэйс университетін таңдадың және оқуға түсуің техникалық тұрғыдан қалай өтті?
- Оны таңдаған себебім - локациясы өте керемет және дипломы сапалы, бұл факультеттің бүкіл түлегі дерлік жұмысқа бір ай ішінде шақырту алады. Қазір медицина дамып жатыр, ал бұл салада сапалы білім алу үшін рейтингі жоғары университеттерде оқыған дұрыс. Сол себепті, осы мамандықты таңдадым.
- Нью Йорктегі оқуың мен күнделікті өмірің қалай өтіп жатыр?
- Құлсарыдан Нью Йоркке алғаш келгенде түс секілді көрінді барлығы. Ерекше сезім. Қазіргі таңда өмірім мен ойлағаннан да керемет. Мен өз таңдауыма толықтай разымын. Қазіргі таңда университетте неміс, француз, араб тілдерін меңгеріп жатырмын. Ағылшын тілін бала кезімнен бастап 14 жасыма дейін толықтай меңгергенмін. Оқу қиын болғанына қарамастан мен қазіргі таңда университетте үздіктердің бірімін. Маған осындағы оқу процесі өте ұнайды. Профессорлар студенттер түсіну үшін барынша түсіндіруге тырысады. Ал тәртіпті қатал талап етеді. Мысалы, дәріс оқу барысында ұялы телефон ұстауға болмайды. Бірақ, әрқашан көмектесуге дайын және студенттердің өзіндік ойлары ескеріледі және маңызды деп қаралады, сыналмайды. Студенттерді жекіп-ұрысу деген мүлдем жоқ. Сабақтан бос уақытым... Менде ол жоқ. Ойым үнемі өзім таңдаған салада жүреді, осы тақырыпта кітап оқимын. Ми құрылыстарын зерделеу, психологиялық қызықты деректерді үйрену, қазіргі ғалымдардың зерттеулері мен эксперименттерін тыңдау немесе көру, өз біліміммен бөлісу, өзге адамдарға көмектесу аркылы позитивті энергия алу, достарыма кеңес айтып, өз ойыммен бөлісу және қазіргі «ғаламдық» проблемалар мен болашақ технологиялар - шетелдік достарыммен талқылайтын басты тақырыптарымызға айналған.
– Осы университетте оқитын жалғыз қазақ қызы шығарсың. Саған көзқарастары қандай?
- Дәл таптыңыз, мен осы жердегі жалғыз қазақпын. Алғашында мені «қытай», «жапон», «корей» қызы деп ойлаған. Бірақ, мен барлығына қазақ екенімді түсіндірдім. Айтпақшы, шетелдік достарым Қазақстан туралы ешбір ақпарат білмейтін еді алғашында. Қазір мұндай ел бар екенін және оның халықаралық аренада маңызды рөл атқаратынын білетін болды.
...Нью-Йорктегі қазақтар қауымымен де араласамын. Бұл жерден достар таптым, бірақ, өзіме ғана сенемін.
Айнұр САПАРОВА
Суреттер Нұрсипат Нұрманбетованың жеке мұрағатынан алынды