21 наурыз күні 20 айтыскер ақынның қатысуымен «Теңізшевройл» компаниясының 20 жылдығына арналған облыстық ақындар айтысы өтті.
8сағатқа созылған айтыста ақындар ТШО жеткен жетістіктерді, мұнайшылар өмірін, жұмыссыздықты және экологияны жыр етті. Ал бір-біріне қарсы ұтымды сөз тауып айтып, ұшқыр ойларын жеткізе білу – жанрдың дәстүріндегі дүние. Сондай-ақ, әлеуметтік тақырыпты қозғаған кезде ақындардың ойлары бір жерден шығып жатты. Мәселен, сайысқа бірінші болып шыққан айтыскер ақын Салауат ИСАҚАЕВ қазіргі таңдағы жұмыссыз жастар мен жең ұшынан жалғасқан жемқорлық жайын сөз етсе, оның қарсыласы Сырымбек СӘРСЕНБАЕВ та жұмысқа кіруді жұмаққа кірумен теңеп, бастапқы ойды кері қайталады.
Жиырма жылдық тойдың шырқын бұзбайын деді ме, кей ақындарымыз бүгінде саяси тұрғыдағы асыра мадақтауға жол беріп жатты. Мәселен, бір кездегі аға буын айтыскер Ізбасар ҚАБДЫРАХМАНОВТЫҢ ел жетістігін айта келе, президентті патшаға теңеп, саяси әдепсіздікке бой алдырғаны көрінді. Сонымен қатар ұйқассыз ой айтып немесе ұйқас қуып мәнсіз ой айтқан ақындар да кезігіп жатты. Әрине, айтыстары қызықты болған жұп ақындар да болды. Айталық, Асылбек ЕСЖАНОВ пен оның қарсыласы Шалқарбай ІЗБАСАРОВ депутаттар мен облыстың ауысқан әкімдерінің рөлін айтып өтті. Шалқарбай өз қарсыласы Асылбекке сөзбен тиісіп, елдегі мұнай мен бензиннің қымбатшылығын айта келе:
Көрдің бе, біздің елде бәрі қымбат,
Арзан сөз айтып отқан сен ғанасың, - деп ел жайын қозғар ой тастады. Асылбек Есжанов болса, қарсыласы мен көпшілік көрерменге қарата былай қайырды:
- Шалқарбай, бекер мені кінәлама,
Айтысты мін тағумен сыналама.
...Көтерді әйелдердің зейнет жасын,
Қайтесің енді оған да көнбеспісің.
Нағыз керек кезде табылмайтын
Құқық қорғау органым, елеспісің
Әкімді Лондонға асқан ұстай алмай,
Әркімді қамап жүргенсен ешкімсің.
Ал жас ақын Ерболат ҚАРАҚОЙШИЕВ туған ауылында асфальттың жоқтығын ТШО-лықтарға құлаққағыс қылды.
Сонымен айтыс та өз мәресіне жетіп, сөзден түрен салып, асығы алшысынан түскен жеңімпаздар төмендегіше анықталды: алғыс хатпен (40 мың теңге) айтыскерлер – Өнербек ДӘУЛЕКЕНОВ, Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН, Асылбек ЕСЖАНОВ, Саламат БАҚТЫҒАЛИЕВ, Сырымбек Сәрсенбаев, Нұрболат НҰҒМАНОВ, Ерболат ҚАРАҚОЙШИЕВ, Айымзада СӘНДІБАЕВАЛАР марапатталса, белсенді қатысқаны үшін ынталандыру сыйлығына (50 мың теңге) Әділбек ҚАЙЫРОВ, Ізбасар ҚАБДЫРАХМАНОВ, Әнуарбек САДЫҚОВ, Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ, Мұтиғолла ҒАНИЛЕР ие болды. Ал жүлделі 3-орынды (100 мың теңге) Серік ҚОЙШЫҒҰЛОВ, Жәнібек САДЫРОВ, Нұрбейбіт НҰҒМАНОВ иеленсе, 2-орын (150 мың теңге) Шалқарбай ІЗБАСАРОВ пен Салауат ИСАҚАЕВҚА бұйырды. Жүлделі 1-ші орынды (300 мың теңге) Айзада ДӘУЛЕКЕНОВА (суретте) жеңіп алса, бас жүлде (500 мың теңге) Амангелді ПАНАБЕРДИЕВТІҢ қанжығасына байланды. Үлкен сайысқа алғаш рет қадам басып отырған 21 жасар Амангелді Панабердиев өз жеңісі турасында былай дейді:
- Уақыт қысқа болғандықтан ойымды айта алмай, тақырыпты аша алмай қалған тұстарым болды. Әсіресе, мұнайдың айналасындағы келеңсіздіктер жайлы.
«Армантау» жас ақындар клубының директоры Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВТІҢ айтуынша, бұл айтысқа дайындық бір жыл бойына жүрген. Ол республикалық ақындар айтысына қатысып, үлкен додалардан көрініп жүрген Салауат Исақаев, Мұтиғолла Ғани, Жәнібек Садыровтардың бұл жолғы айтыста бастапқы орындардан көріне алмау себебін былайша түсіндіреді:
- «Заманнан заман озады» демекші, аға буын ақындарымыз қазіргі уақыт көшіне ілесе алмай, бұрынғы стереотиппен кетіп қалып жатыр. Қай уақытта да жастар озады. Регламент бойынша уақыттан асып кеткендер болды. Айта алмай отырған ойы болар деген үмітпен мен оларға бір-екі минут уақыт бердім де.
Айтолқын ҚҰЛШАРОВА
Суреттерді түсірген Қанат ЕЛЕУОВ