17 наурызда Ш. Сариев атындағы облыстық өнер мұражайының ғимаратында «ААА» еріктілер ұйымы «Әлем менің көзіммен» тақырыбында №1 интернат пен отбасылық үлгідегі балалар ауылы шәкірттері жасаған қолөнер туындылары мен суреттердің екінші қайырымдылық көрмесін өткізді.
Көктемнің басты мерекесі – Наурыздың қарсаңы сезіліп-ақ тұр. Мерекелік көңіл күйге ұлттық киім киіп алған жас қыздар мен жігіттер ерекше реңк береді. Олар көрмеге қатысушыларды ұлттық тағамдар – бауырсақ пен көжелерімен қарсы алып жатыр. Ал залда домбыра мен скрипканың әуендері үндесе естіледі – көрермендер үшін Дина Нұрпейісова атындағы музыкалық академия студенттері мен волонтер Нұрсұлтан МЕДЕТОВ өз аспаптарында ойнауда. Кез келген қатысушы өзін нағыз шығыс аруы ретінде сезіне алады – шеберлер барлық қалаушылардың шаштарына керемет бұрым өріп, балалардың беттеріне аквагримдеушілер көктем гүлдері мен сүйікті кейіпкерлерін салып беріп жатыр.
Атыраудағы «Болашақ» қоғамдастығы Astana Alumni Association-пен бірлесе отырып, Kazakhstan Professional School of Business-тің қаржылай көмегімен ұйымдастырған осындай алғашқы көрме 2011 жылдың желтоқсанында болды. Онда №1 интернаттың, «Ақбота» балалар үйінің және «Шаңырақ» отбасылық үлгідегі балалар ауылының шәкірттері жасаған 75 сурет пен 4 қолөнер жұмысы ұсынылды. Сатылымнан түсірілген барлық қаражат жас суретшілерге сыйлықтар алу үшін жойылды. Сондықтан да, мұны жай ғана қайырымдылық емес, балалар өз еңбектері, өз таланттары, жақсылыққа ұмтылған ниеттері үшін сыйлықтарын алды деп сеніммен айтуға болады. Осы акцияға қатысқан әр бала үлкен бір іске өз үлестерін қосып жатырмыз деп сезінді.
Балаларға осындай тағы бір көрме ұйымдастыруды ұсынғанда, бәрі «алақайлап» құп көрді. Бұл жолы №1 интернат пен отбасылық үлгідегі балалар ауылы шәкірттерінің күшімен 74 жұмыс жиналды. Әрқайсысында шағын жазба қыстырылған: балалар өз армандары туралы айтады. Балалар ауылының жетінші сынып оқушысы Айсағали НАСЫРОВ суретші болуды армандайды екен, таланты бар, оны өзі салған натюрморты растайды; Мейрамбек ЕСЕНЖАНОВ ғарыштық тақырыпқа қызығады екен, болашақ кәсібі ретінде энергетиканы таңдапты, дұрыс, жарықсыз зымыран жасай алмайтынымыз белгілі ғой. №1 интернаттың 13 жасар шәкірті Лиза ГУБЕРТТІҢ арманы өте әдемі екен, ол: «Мен өмірді сүйемін және оның керемет, көз жасындай таза, күн көзіндей жарқын болғанын қалаймын», - деп жазыпты. Суреті де осы мәнде - әсем қақпа, осы жерден барлық түсті кемпірқосаққа апаратын ұзын жол басталады. Сондай қарапайым да мейірімді бейне. Балалардың барлық суреттері де болашаққа деген сенім мен мейірімге толы болды. Көрмеге келушілер суреттерді шын көңілдерімен сатып алып жатты.
Зульфия ИСКАЛИЕВА