Атырау, 26 қараша 06:36
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Каспий қасіреті

8 339 просмотра

15 наурызда жұртшылықтың наразылық білдіргеніне қарамастан Солтүстік-Каспий экологиялық мұнай төгіндісіне әрекет ету базасын салудың қоршаған ортаға әсер етуін бағалау жөнінде қоғамдық тыңдау өткізілді. Осы жобаның төңірегінде талқыланып жатқан қызу пікірлер толастар емес. Жергілікті жұртшылық базаны аймақ экологиясына тікелей қауіпті десе, ал тапсырыс беруші мен мердігер бірауыздан мемлекет қазынасына қомақты қаржы түседі деп дәмелендіріп отыр.

АҚША МЕН ТАБИҒАТТЫҢ АРАСАЛМАҒЫ

- Мұнай төгіндісіне экологиялық әрекет ету базасы болмаса Солтүстік-Каспий жобасының операторы Қашаған кенішінен өнеркәсіптік игеру және пайдалану жұмыстарын бастай алмайды, ал ел бюджетіне бөлінетін миллиардтаған теңге түспей қалады, - дейді «ТенгизСервис» ЖШС директоры Ғазиз ҚҰСАЙЫН қоғамдық тыңдауда.

«Каспиймұнайгаз» ЖШС өкілі Вячеслав ЛИДІҢ айтуынша, база қоршаған орта үшін ешқандай қауіпті емес көрінеді. Шығарылып алынатын бүкіл мұнай, құрамында мұнайы бар су мен ластанған жабдықты әрі қарай тазартып, пайдаға жарату үшін Баутинодағы базаға жіберетін болады. Сол жақтан барлық жабдық шайылып, базаға кері таза күйде жеткізіледі. Сондай-ақ, базада мұнай төгіндісі бола қалған жағдайда жапа шегетін жануарларды қорғау жөніндегі оңалту орталықтары жұмыс істейтін болады.  

Жобаға мемлекеттік сарапшы ретінде қатысқан «ИАЦ ООС» РМК директорының міндетін атқарушы Олжас СЫЗДЫҚОВ басқа дәйектерді алға тартты:

- Базаны салу кезінде таңдалынған аумақта жануарлар әлеміне экологиялық тұрғыда нұқсан келуі мүмкін. Тек биылғы жылдың өзінде ол 30 миллион теңгедей деп бағаланып отыр, ал балық шаруашылығындағы зиян құрылыс кезінде 9 млн. теңгені құрайды, - дейді Сыздықов.

«Биоценоз» АҒӨК өкілі Геннадий ЛОСЕВ (Астрахань қаласы) баяндама жасаған кезде залды күлкі кернеді. Оның айтуынша, база құрылысы салынатын жерде бірде бір сирек немесе «Қызыл кітапқа» енгізілген өсімдік пен жануар жоқ екен.

- Зерттеу нәтижесінде өсімдіктердің сирек түрлері анықталған жоқ. Жануарлар әлемінен де сирек және ерекше қорғалатын түрлері анықталмады. Слайдқа қараңыздар: ерекше қорғауды талап етпейтін Жайық өзенінің атырауында орналасқан кәдімгі көріністер, - деді астрахандық ғалым.

- Сонда қызыл балық та жоқ па?! – деп таң қала айқайлап жіберді Мұфтах Диаров залдан.

- Бұған басқа баяндамашы жауап береді, - деді Г.Лосев.

Сөз соңында ол: «Құрылыс уақытында жол бойында көлік құралдарымен соқтығысып қалған жағдайда жануарларды мерт етпес үшін құстардың ұя салатын және құстар мен жануарлардың көктем-жаз маусымдарында көбейетін кездерінде жұмыстар жүргізуді толықтай тоқтатып, жұмысшыларға қатаң нұсқаунама беру керек», - деп кеңестерді үйіп-төкті.

АКАДЕМИК ДИАРОВ МИТИНГКЕ ШАҚЫРАДЫ

Бұдан кейін мінберге ғалым Мұфтах Диаров көтерілді. Академиктің ғылыми негізделген дәлелдері ешкімнің күмәнін тудырмады.

- Мен кездейсоқ келіп сөйлеп тұрған адам емеспін, ғалыммын, жеткілікті тәжірибе жинаған жанмын. Менің еңбектерімді республиканың жетекші оқу орындарының барлығы пайдаланады. Жайық өзенінің атырауы – бұл балық атаулы мен басқа да тіршілік иелері үшін киелі жер, - деді Мұфтах Диаров.

Академик айтқандай, қызыл балықтың өзіндік ерекшелігі болады. Олар тек тұщы суда ғана уылдырық шаша алады екен. Ал ол үшін ең қолайлы орын – Жайық өзенінің атырауы ғана. Дамбыға таяу маңда балықтар қыстайтын жер бар. Егер біз балықтардың көшуіне жасанды кедергі жасар болсақ, олар басқа елдерге қоныс аударуға мәжбүр  болады.

- 1974 жылы 103 мың тонна, ал өткен жылы Атыраудағы балық шаруашылығы басқармасы  мәліметтері бойынша 500 центнер бекіре тұқымдастарын аулаған едік. Балық аулау 200 еседен астам қысқарды. Мақтанарлық көрсеткіш пе? 66 миллион шабақты өсіріп, олардың санын 300 миллионға жеткізбекпіз. Сонда оларды кейін құртып жіберу үшін өсірмекпіз бе?

Базаны Жайық өзенінің атырауына салуға болмайды – ғалымның үзілді-кесілді пікірі осы. Қазір ТШО 24 миллион тонна мұнай өндіруде, ал болашақта өндірілетін мұнай көлемін 36 миллион тоннаға дейін жеткізбекші, ал Қашағаннан 300 миллион тоннаға дейін мұнай өндірмекші. Ал бірақ тұзды мұнайды өндірудің экологиялық шектеулі мөлшері біздің ғылыми негізделген есептеулеріміз бойынша 30 миллион тонна боп табылады. Қашаған, Ақтоты, Королевское мен Теңіз кеніштерінен алынатын тұзды мұнайдың жалпы қоры 7,0 миллиард тонна мұнайды құрайды. Алайда біздегі құрылым осындай, олар 10 миллиард тоннаға дейін және одан да көп артуы ықтимал, болашақта газ кеніштері табылып қалуы мүмкін. Сондықтан база аумағы әрі қарай кеңейту болашағымен салынуы және ол 300 жыл бойына пайдаланылуы тиіс.

Басты мұнай-газ шығарындыларын шығаратын Қашаған кенішінен 70 километр және Қайраң мен Ақтоты кеніштерінен 100 километр қашықтықта Жайықтың қорықтық атырауында балық жүретін жолдың бойынан база салу экологиялық тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да жөнсіз.

- База қажет емес деп кім дауласып жатыр? Егер бізді түсінбесеңіздер, бір ғана жол – елбасымыз есту үшін митингке шығып, наразылық білдіруіміз ғана қалады,-деп ескертті академик. Ғалымның пікірінше, премьер-министр сөгіс естімес үшін мерзімді шегермеуге бұйрық берген.

- Бәлкім, Қашаған кенішін игеру мерзімі шегерілер, бірақ басқа не амал бар? Базаның құрылысына 2007 жылдан бері кедергі жасап отырғаны үшін  «ТенгизСервис» ЖШС жауап берсін. Неліктен «ТенгизСервис» басшылығы осы уақыттан бері баламалы учаскені табуға тырыспаған? Неліктен біз басқа экономикалық есептеулерді естімедік? Тайыз суда база салу үшін қаншама ақша керек! Қаншама көлемде каналдар қазу керек!? Содан кейін олармен қалай жұмыс істеу керек? – деп түйіндеді уәжін академик Диаров.

«ҚазМұнайГаз» ҰК жобалар бас менеджері Димаш БИЖАНОВТЫҢ айтуынша, базаны Қашаған кенішіне жақын маңнан салуға болады, алайда бұл оның ерекшелігіне қарама-қайшы келеді екен.

- Бұл кеніштің мұнай құрамындағы күкіртсутектің жоғарғы мөлшері қандай екені сізге белгілі емес пе? – деді ол, академик Диаровқа қарсы дәйектер келтіруге тырысып. – Құдайдың өзі сақтасын, бірақ шикі мұнай жайыла қалған жағдайда біздің бүліну аймағымыздың шамасы қандай екенін де  білесіз. Адам өмірі мен қоршаған ортаны қорғау мәселесінде оптимист бола алмаймыз. Сіз осы жөнінде алаңдаушылық білдіріп отырсыз ғой, солай емес пе? Бірақ, егер база мүмкін болар бүліну аймағында орналасатын болса, онда оның кеңінен орын алатын салдарынан кім сақтап қала алады?  

«ЖҰРТШЫЛЫҚ ЖОБАҒА НАРАЗЫ»

«Глобус» ҮЕҰ басшысы Галина ЧЕРНОВАНЫҢ айтуынша, бұл жобаның көлеңкелі тұстары көп екен. Мәселен, ол  жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әлі күнге келісімде жатқанда қоршаған ортаға әсерін алдын ала бағалауды өткізудің  қаншалықты қажеттілігі бар екендігіне түсінбейді. Немесе «Тенгизсервис» ЖШС мемлекеттік экологиялық сараптаманың келісімінсіз Солтүстік Каспий мұнай төгіндісіне әрекет ету базасын салу үшін жерді қалайша алған?

- Қоршаған ортаға әсерін алдын ала бағалау жүргізу алдында жануарлар әлемін бақылауға алушы Атырау облысындағы мамандандырылған және өкілетті орган болып табылатын орман және аң шаруашылығы  аумақтық басқармасы  жобаға қатысқан жоқ. Осылайша, сіздер ұлттық және халықаралық заң актілерін белден басып отырсыздар, сондықтан жұртшылық та сіздердің жобаларыңызды экологиялық және әлеуметтік қауіпті деп санайтын болады,-деп мәлімдеді Г.Чернова. 

ҚАЛАЛЫҚ ӘКІМШІЛІК ӨЗДЕРІН ҮКІМЕТ РЕТІНДЕ СЕЗІНГЕН БЕ?

Атыраудың ҮЕҰ өкілдерінің бір тобы Солтүстік Каспий мұнай төгіндісіне әрекет ету базасының Жайық өзенінің сағасы ауданына заңсыз орналастырылуына қарсы Атырау қаласы әкімдігін сотқа берді. «Заман» ҚБ басшысы Әсел НҰРҒАЗИЕВАНЫҢ айтуынша, олар мұнай төгіндісіне әрекет ету базасының нысандары үшін жер учаскелерін беру жөніндегі  Атырау қалалық әкімдігінің №744, 745 және 746 қаулыларына шағымданды.

- Ерекше қорғалатын аумақтардан жер учаскелерін бөліп беру құқығы заң бойынша тек үкіметтің қолынан ғана келеді. Және біз тағы да сот процесінің барысында қалалық әкімдіктің мұндай қаулылар туралы ештеңе білмейтіндіктерін анықтадық. Ал, «ТенгизСервис» сот процесін жабық түрде өткізуді өтінген. Олай болмаған жағдайда істі қарау барысында компанияның кейбір коммерциялық мәселелері қозғалады деп сақтанғанға ұқсайды.  Біз сотта Солтүстік Каспий мұнай төгіндісіне әрекет ету базасының құрылысын және оның жұртшылық тыңдауын өткізуін тоқтату туралы шағым бердік,-деп мәлімдеді ол.

Ал, «ТенгизСервис» ЖШС директоры Г.Құсайын барлық шаралар заңға сәйкесті жүргізіліп отыр деп есептейді. Экономикалық сот «Заман» ҮЕҰ өтініш хатын қабылдамады.

Айта кету керек, қоғамдық тыңдауға бір күн қалғанда Бас мердігер дөңгелек үстел өткізген болатын. Онда «АЖ» тілішісі: «Сот процесі мен қоғамдық тыңдауды бір уақытта өткізу қаншалықты заңды?» деп сұраған еді.

«КазНИГРИ» ЖШС директоры Қосан ТАСҚЫНБАЕВТЫҢ түсіндіргеніндей,олар тендерді ұтып алғандықтан белгіленген кестеден ауытқымауы тиіс.

15 сәуірде бас мердігер тапсырысшыға нысанды тапсыруға тиіс. Егер сот соған сәйкесті шешім шығаратын болса, онда біз әрине, одан арғы жұмыстарымызды тоқтататын боламыз,-деді ол. Ол сондай-ақ, «АЖ» тілшісіне жоба құнының 180 млн. теңгеге бағаланғандығын әңгімелеп берді.

-Бұл «КазНИГРИ» ЖШС-тің «ТенгизСервистен» алып отырған ақшалары. Құрылыстың өзі миллиардқа шығады, нақты айта алмаймын. Оны  «Қазмұнагаз» Ұлттық компаниясы қаржыландырады»,-деп қосып қойды Тасқынбаев.  

ЖҰРТШЫЛЫҚ НЕ ДЕДІ?

Марат ҚАСЕНОВ,  археолог

- Археологиялық зерттеулер жүргізілген жоқ. Ал, оның маңызы жоғары. Өйткені, онда неолит дәуірінің ескерткіштері табылуы мүмкін еді.

Надежда СЕЛЯНИНОВА, зейнеткер, бұрынғы экология маманы:

- Тіршілік әлеміне әсер ететін дыбысқа қатысты олардың келтірген дәлелдері әлсіз. Өйткені, «Ақжайык» резерваты – ерекше қорғауға алынған аумақ. Көтерілген шу деңгейін анықтау үшін ғылыми зерттеулер жүргізу қажет. Мен кеменің қандай тарсыл-гүрсілмен жүріп өтетінін білемін. Кеме резерваттың буферлік аймағы арқылы өтеді. Ал, онда қызыл кітапқа енген құстардың 200-дей түрі мекен етеді. Егер құстар өз ұяларын тастап кетсе, онда олар қайта оралмайды. Сондықтан да мен кеменің жүруі мен тікұшақтардың алаңын салуға мүлдем қарсымын.  Бұл жерде менің немерелерім тұрады, бұл біздегі қалған жалғыз ғана жасыл арал, егер ол да құртылатын болса, қауіпке соқтыруы мүмкін.

Әбіш  БЕКЕШЕВ, ихтиолог

-Бір кездері бекіре балығы уылдырық шашқанда кемелердің жүруіне тыйым салған болатын.  3 күн аулап, 2 күн демалыс беретін. Яғни, балықты өткізуге тиіс еді. Сондықтан да балықшылар Жайық сағасында базаның салыну жобасын  төтенше жағдай деп қабылдауы керек. Біз жол айрығындамыз: биогендік теңізді ме әлде техногендік қауіпті таңдаған жөн бе?  бар. Егер экологтарды тыңдамайтын болсаңыздар, сіздердің төрешілеріңіз- апат болмақ. Бізге қалай тірі қалу керек екенін ойлау керек.

Сәния Тойкен

Суретті түсірген автор

17 наурыз 2011, 17:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.