Осыдан екі ай бұрын «АЖ»-ға Коттеджнаякөшесіне танымал күйші Қаршыға АХМЕДЬЯРОВТЫҢ есімін беру туралы хат келіп түскен болатын. Осыған байланысты қала әкімінің орынбасары Айжан ҚАРАБАЕВА редакцияға берген жауабында қалалық мәслихаттың 2011 жылғы 12 мамырдағы шешімімен бұрынғы Усть-Каменогорская көшесіне Қ. Ахмедьяровтың есімі берілгендігін хабарлаған еді (АЖ №6, 7.02.13 ж. «Көшеге күйші есімін берсек»).
Бұл жарияланымнан кейін редакциямызға қазір Алматыда тұрып жатқан күйшінің жары Нұрбике АХМЕДЬЯРОВА хабарласып, бұл хабардан құлағдар еместігін, жақын туыстарының бірі Усть-Каменогорская көшесіне арнайы барғанымен, ол жерден ілінген ешқандай тақтайшаны байқамағандығын айтты. Сондай-ақ, оның пікірінше, жергілікті билік көшенің күйшінің атына берілгенін жақын-туыстарына хабарлап, бұл рәсімді салтанатты түрде атап өтілуі керек-тін. Бұл жағдайда қалалық мәдениет және тіл бөлімінің бас маманы Құралай ҚҰМАРОВАҒА қоңырау шалдық. Маман көше атауына байланысты тұлғаның туыстары немесе басқа да жақын адамдарына арнайы шақырту жіберіліп, атап өтілмейтіндігін мәлім етті.
Ал 15 наурызда қалалық өндірістік-техникалық бөлімнің маманы Нұрбек ҚУАНТАЕВТАН Усть-Каменогорская көшесіне қараша айларында күйшінің есімі жазылған тақтайша ілінгендігі туралы ақпар алдық. Шынында да Алмагүл ықшамауданы мен вокзал маңының ортасында орналасқан кішігірім көшедегі 4 бірдей үйдің ауласына күйші есімі жазылған тақтайшалар ілінген. Тұрғындардың бірі бұл тақтайшалардың 15 наурыз күні ілінгенін айтады.
Айтолқын ҚҰЛШАРОВА
Суреттерді түсірген автор