Атырау облысында құрылыс саласы қиын жағдайды бастан кешіріп отыр. Бұл қандай қиындықтар және оның салдары Атыраудың тұрғын үй нарығына қалай әсер етіп жатыр? Осы және өзге де сауалдарға «Қазақстан құрылысшылар одағы» республикалық заңды тұлғалар бірлестігі Атырау облыстық филиалының директоры Эльдар МҰХАНБЕТЖАНОВ жауап берді.
«АТЫРАУ ҚИЫН ЖАҒДАЙДА ОТЫР»
Республикалық одақ 2010 жылы жұмысын бастады. Атырау филиалы 2019 жылдың 1 қарашасында ашылды. Жалпы бүгінде еліміздің әр өңірінде Одақтың 16 филиалы бар, оған 1200-ден астам компания мүше.
- Біздің Одақтың мақсаты – құрылыс саласындағы проблемаларды анықтап, мемлекеттік органдар мен құрылыс компанияларының арасына көпір болып, ортақ мәселелерді ортаға шығарып, оларды шешуге тырысу. Одақ филиалының Атырауда пандемия қарсаңында ашылуы жәй ғана сәйкестік. 2021 жылы шектеулер алынғаннан кейін құрылыс саласында қымбатшылық басталды. Былтыр желтоқсан айында арматура бағасы кенет бірнеше апта ішінде екі есеге өсіп кетті. Бұл әлемде темір қымбаттауынан болған. Қазақстанда да бар металл, бірақ біз онымен елді толық қамтамасыз ете алмай отырмыз. Басқа өңірлерді айта алмаймын, бірақ бізге барлық құрылыс материалдары шетелден жеткізіледі. Сондықтан қазір облыс қиын жағдайда отыр.
ЖОБАЛАР НЕГЕ ТОҚТАДЫ
- Біздің өңірде құрылыс саласында қандай қиындықтар бар?
- Өкінішке орай, Атырауда судан басқа ештеңе жоқ. ПГС те, щебень де, цемент те өндірілмейді. Құрылысқа қажетті бастапқы материалдың көбі Ресейден келеді. Газоблок Ираннан, Ақтөбе облысынан жеткізіледі. Құрылыс материалдарын батыс өңірінде ең қымбат бағамен сатып алып отырмыз. Сосын бізде Атырауда бірнеше негізгі проблема бар. Біріншісі, салынған ғимаратты инженерлік жүйеге (жылу, су, газ, канализация, электр энергиясы желілері және т.б. коммуникациялар) қосу қиын. Соңғы бір жылға таяп қалды, «ҚазТрансГаз Аймақта» АҚ газбен жабдықтау жүйелеріне қосуға арналған техникалық шарт беруге мораторий бар. Кәсіпорын оның себебін газ көлемі жеткіліксіз деп түсіндіреді. Соның салдарынан қаншама жоба басталмай отыр. Мен үлкен ғимараттарды, көпқабатты тұрғын үйлерді айтып отырмын. Ал, қазір салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлер газге қосылуға рұқсатты мораторийден бұрын алған. Қателеспесем, биыл ақпан айында облыс әкімінің орынбасары болып тұрған Серік АЙДАРБЕКОВ «ҚазТрансГаз Аймақта» АҚ Атырау өндірістік филиалы өкілдерімен кездескенде төрт айда шешіледі деген. Мәселе шілде айында реттелуі тиіс болатын. Ал, қазір қыркүйек болды, қаншама облыс басшылығы құрамы ауысты, мәселе әлі сол күйінде қалып отыр. Қазір газ тек алты текше метрге дейін беріледі. Бұл жеке тұрғын үйді, кішігірім кафе, дүкенді газбен қамтамасыз етуге ғана жеткілікті. Бірақ үлкен құрылыс нысандарына жеткіліксіз. Газ берілмегендіктен орталық жылу жүйесіне қосыла алмаған соң ғимаратты жеке жылу қазандығына қосуға тура келеді. «Нұрсая» ықшам ауданында тұрғын үйлер солай салынған. Жарықтандыруға келгенде де осы мәселе. Жер астында қуатты жарық, су, байланыс желілері бірінің үстінде бірі жатыр. Онда да жүктеме үлкен, жер асты дәлізі тарылып болды деуге болады.
Жарық мәселесіне қатысты бір мысалды келтіре кетейін. Бір медігер компания қалалық әкімдіктің қала құрылысы бөлімінің тапсырысымен Самал ықшамауданында көпқабатты тұрғын үй салуға тендер ұтып алады. Құрылыс жүру кезінде уақытша тоқ жүйесіне қосылуы қажет болады. Бір компания құрылыс алаңына 200 метрдей жақын жердегі тоқ жүйесіне қосу жұмысын 18 млн теңгеге бағалаған. Мердігер компания оны қымбатсынып, басқа компания іздеді. Басқа компания жұмысты 2,5 млн теңгеге бағалап береді. Бірақ, «Атырау Жарық» АҚ бұл компанияның құжаттарын қабылдамайды. Мердігер өз ақшасына генератор сатып алып, төрт ай бойы оған дизель құйып, құрылысты аяқтап шығады. Сосын біздің Одақ филиалына арызданды - үй уақытында берілмей, жоба кешігіп жатыр. Біз Астанадағы Одаққа, бірқатар мемлекеттік органдарға, соның ішінде Астанадағы монополияға қарсы комитетке, прокуратураға «Атырау Жарық» компания жұмысын қабылдамай отыр, мердігер тоқ жүйесіне қосыла алмай отыр» деп, хаттар жолдадық. Кейін әкімдікке көмек беруін сұрап жүгіндік. Сөйтіп, төрт ай күткен мәселе екі күнде шешілді.
Бізде шағым түсірсек, болашақта жұмысымызға кедергі болып, қиындық тууы мүмкін деген түсінік бар. Көп шағымданып келмейтіндері де содан компаниялардың. Бұл тек бір мысал, біз білмейтініміз қаншама. Одақ мақсаты - ешкіммен жауласу емес, мәселені біріге отырып шешу.
- Ал екінші мәселе қандай?
– Құрылыс материалдары қымбат. Әлемде болып жатқан мәселе бізге қатты сезіліп жатыр. Бүкіл өнім шетелден келген соң біз долларға тәуелдіміз. Атырауға тұрғын үй салу үшін барлық материал сырттан әкелінеді. Ресейден көптеген материал - темір, тас, материалдар, электр кабельдері әкелінеді. Қазір рубль тұрақсыздығы да кері әсер етіп жатыр. Құрылыс материалдарын жеткізетін компаниялар бұрынғыдай алдын ала тапсырыс жасамаймыз, барғанда бірден ақшасын төлеп сатып алып келеміз деп отыр. Әйтпесе, тапсырыс алып қойғанда рубль түсіп кетіп ұтыламыз дейді.
Одан бөлек, Атырауға көптеген инертті материалдар, мәселен, топырақ (ПГС), щебень, қиыршықтас (ракуш) Ақтаудан әкелінеді. Ал бізде жеке тұрғын үйлердің 98 пайызы Ақтаудан әкелінетін ракуштан салынған. Ақтауда бір тастың бағасы 50-60 теңге болса, бізде Атырауда ол 160-170 теңгеден сатылады.
Ал көпқабатты тұрғын үйлердің 100 пайызы газоблоктан салынып жатыр. Ол 90 пайыз Ақтөбеден әкелінеді. Оның да бағасы қымбаттағаны бір бөлек, тіпті тапшы болды. Ақтау мен Ақтөбеден құрылыс материалдарын теміржол арқылы жеткізуге де көп ақша кетеді.
ҚҰРЫЛЫС МАТЕРИАЛДАРЫ ҚЫМБАТ ӘРІ ТАПШЫ
- Инертті материалдарды бізде өндіру мүмкін емес пе?
- Бізде құмды-қиыршықтасты топырақ (ПГС) құрамы бөлектеу – тұзы мен тасы бар. Индер ауданында құрылысқа баратын топырақ (ПГС) бар, бірақ, ол үлкен ғимарат салуға, маңызды конструкцияларға бармайды, тек стяжка құюға, штукатуркаға барады. Щебень материалдары да Ақтөбеден келеді. Ақтөбеде топырақтың (ПГС) 1 тоннасы 2000 теңге болса, Атырауда 1 тонна ПГС-ты көтерме бағамен 7000 теңгеден аламыз. Ол біз үшін көп қымбат. Сатушылар пайданы 30-50 пайызға дейін қосу керек. Себебі, ол Қазақстанда шығып жатқан материалдар. Бірақ бізге келгенде тым қымбат сатылады.
Біз бұл мәселені жақында Антикор басшылығына жеткіздік. Ол жақында «Қазақстан Теміржолы» АҚ-ына қатысты жаңалық шығады деді. Вагондардың, тасымалдаудың құнын сол компания қояды.
Атырау облысы әкімі Серік ШӘПКЕНОВПЕН өткен жиында жақында осы мәселені жеткіздік. Ол вагон жетіспей жатқанын растап, бұл мәселе қазір шешіле қоймайтынын айтты. Себебі, топырақ (ПГС) пен щебень, асфальт Ақтөбеден вагондармен Атырау-Астрахань тас жолын салуға кетіп жатыр.
Ал төтенше жағдай болып қалса не болады? Бір жылдары Батыс Қазақстан облысын су басқанда бүкіл Қазақстан цементін, барлық материалдарды сонда жіберді. Ондай жағдайда құрылыс компаниялары, тұтынушылар зардап шегеді.
- Атырауда сонда құрылыс материалдарынан не өндіруге болады?
-"Ұлттық индустриялық мұнай – химия технопаркі" арнайы экономикалық аймағының аумағында "Атырау облысында интеграцияланған газ-химия кешенінде полипропилен өндіретін зауыт ашылды. Құрылысқа қажетті жергілікті өнім санын көбейтіп, қолжетімді етеді деген үміт бар.
АТЫРАУДА ҮЙ САТЫП АЛУ ДА, САЛУ ДА ҚЫМБАТ
Мұханбетжановтың айтуынша, Атырау облысында басқа облыстарға қарағанда баспанаға мұқтаждық көбірек байқалады.
- Ақтау мен Ақтөбеде Атырауға қарағанда пәтер бағасы 20-30 пайызға арзандау. Оның үстіне «мұнайлы астана» деген мәртебеміз болған соң, пәтерлерді жалға алатын компаниялар бар. Сұраныс көп болған соң, пәтер бағасы да қымбат. Оған материалдың қымбаттауын қосыңыз. Сөйтіп, бізде пәтердің бағасы жалпы батыс өңірімен салыстырғанда екі есе қымбат болады. Жалпы, Атырауда тұрғын үйлердің екі түрлі бағасы бар. Көпқабатты үй салатын мекеме, бетон өндіретін компания да цемент пен ПГС көп алатын бүкіл құрылыс материалын бір көтерме бағамен сатып алады.
Бір текше метр құм-қиыршықтасты топырақты (ПГС) құрылыс компаниялары көтерме бағамен шамамен 8-9 мың теңгеден алса, ол бөлшек саудада 12-13 мың теңгеден, оған 6 мың теңгеден басталатын жеткізу құны қосылады. Бағасы арақашықтыққа байланысты қойылады. Мысалы, Махамбет ауданына қаладан 20-25 мың теңгеге шығуы мүмкін. Себебі, көтерме бағамен сатып алатындар материалдарды теміржол арқылы вагонмен жеткізеді. Олар топырақты (ПГС) зауыттан өзіміздің учаскемізге тікелей түсіреді, ал бөлшек сауда бағасына КамАЗ-дар жеткізіп бергені үшін, тиегені үшін қосылады. Жеке тұрғын үй салатын қарапайым халық материалды бөлшек бағадан 30-40 пайызға қымбатқа сатып алады.
- Қазір бір қабатты жеке тұрғын үй салу қаншаға шығады? Шамамен айтсақ, он жыл бұрын бір қабатты орташа жеке үй салу 5 млн теңгеге шығады деп есептегенбіз.
- Қазір орташа көлемдегі, айталық, 120-150 шаршы метр «черновой вариант» жер үйді салу 20-25 млн теңгеге дейін барады. Құрылысшылар еңбек ақысы көтеріліп, құрылыс материалдары қымбатсыды, оған жердің бағасын бөлек қосыңыз. Самал ықшамауданында 10 сотық жер 10 млн теңгеден басталып, 15-20 млн теңгеге дейін барады.
Соны ескере отырып, Қазақстан Құрылысшылар одағы бастама көтеріп, баспанаға мұқтаж адамдардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында ипотекалық несиелендіру бағдарламасын үкіметке ұсынғымыз келеді.
- Ол қандай бағдарлама, несие қанша пайызбен беріледі?
- Одақ сарапшыларының талдауы бойынша Қазақстанда шамамен 4 млн адам баспанасыз жүр. Көбі пәтер жалдап тұрып жатыр. Әсіресе, Астана мен Алматыда. Бұл жылдан жылға өсіп келе жатқан тенденция. Құрылыс қарқыны соңғы бір жылда төмендеп келеді. Тағы байқағанымыз, халықтың төлеу қабілеті азайды, бірақ сұраныс бар. Сәуірден бастап құрылыс салатын көп мекеме пәтердің бір шаршы метрін 360 мың теңгеден 410-420 мыңға дейін көтеріп жіберді. 50-60 мың теңге айырмашылығын 100 шаршы метрге шаққанда 5 млн теңгеге қымбаттағаны байқалады. Ақшасы жетпеген соң барып оны банктен несиеге алады, несиені төлеу мерзімі ұзарады, төлейтін ақшасы көбейеді. Осыны ескеріп, елімізде 5 пайызға дейін жеңілдетілген ипотекалық несиелендіру бағдарламасын енгізгіміз келеді. Бағдарламаға 23-35 жас аралығындағы отбасылы адам қатыса алады. Бірақ, бұл әлі талқыланады, жас ерекшелігі ұзартылуы да мүмкін. Жыл соңына дейін бағдарламаны ұсынуды жоспарлап отырмыз.
- Ол үшін үкімет бұл бағдарламаға қанша қаражат бөлу керек?
- Бізге Қазақстан бойынша сұранысты жабу үшін 1 трлн теңге керек. Бұл бағдарлама жүзеге асса, елімізде құрылыс саласы қайта дамып, баспанасыз жүрген халықтың мұқтаждығы мәселесі шешілер еді.
- Жоба қабылданып, іске асады деп ойлайсыз ба?
- Иә, себебі, бұл жерде бір факторға сеніп отырмыз. Бұл - Жаңа Қазақстан деген рас болса, жоба мақұлданады деген үміттеміз (күлді).
- Әңгімеңізге рахмет.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген автор