Атырау, 25 желтоқсан 11:26
 бұлттыВ Атырау 0
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Баспана тұрғызу қанша тұрады?

33 626 просмотра

Дәл қазіргі уақыт - баспана құрылысының қызған шағы. Құрылыс материалдары бағасының қымбаттығына қарамастан, Атырауда жеке тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Айта кету керек, биыл құрылыс материалдарының бағасы 2009 жылмен салыстырғанда екі есе өскен. Мәселен, 2009 жылы бір тастың бағасы – 60 теңге болса, биыл бір тасты – 120 теңгеден сатып аласыз. Осыған орай, біз биыл баспана тұрғызуға жұмсалатын қаражат мөлшерін күні бүгін баспана салып жатқан адамдармен бірге есептеп көрдік.

ӨЗІҢ САЛСАҢ - АРЗАНЫРАҚ

Атырау ықшам ауданынан бір қатарлы жеке тұрғын үй салып жатқан Еркін БОЗЖІГІТОВ (суретте) үй құрылысына жұмысшыларды жалдамай салса 5 млн теңге, ал жұмысшы жалдаса, одан да көп ақша кететінін айтады. Ол үйін 2010 жылы бастаған. Сол жылы үйдің іргетасын қалады. Келесі жылы қабырғасын тұрғызды. Ал биыл үйдің төбесін жабуға кірісті. Еркін жұмысшыларды биыл ғана жалдауға мәжбүр болды. Өзбекстандық төрт жұмысшыға үйдің төбесін жабуға 130 000 теңге төлеуге келіскен.

- Негізі үйді салу үшін мықты дәлдік қажет. Құрылысшы геометрияны керемет білгені абзал. Жалпы, үйді 10 жұмысшы салса, құрылыс тез әрі жеңіл жүреді. Ал мен үйдің қабырғасын алдыңғы жылы ағайын-туыстарыммен, дос-сыныптастарыммен бірге асарлатып тұрғызған болатынмын. Былтыр сегіз адам болып ішкі төбе тақтайын жаптық. Биыл шаршағасын жұмысшыларды жалдауға тура келді. Онда да төбесіндегі ағаштардың жартысын өзіміз салып қойғанбыз. Ал жұмысшыларға үйдің тасын қалатқан болсам, көп ұтылатын едім. Себебі, олар бір тасты қалағаны үшін - 45 теңге алады. Сонда мен сатып алған 2 000 тасты 45 теңгеге көбейтсек, 90 мың теңге болады, - дейді Еркін. 

 

«ТЕК НЕСИЕГЕ ЕМЕС»

Еркіннің салып жатқан үйінің көлемі 16х11 метр. Осы үйді салу үшін қай жылы қанша жұмсағанын сұрап, бір үйдің құрылысына кететін ақшаның сомасын шығарып көрдік. Еркін 2010 жылы іргетасты құюға 318 675 теңге жұмсапты (жүргізілген есебі суретте). Мәселен, іргетас үшін 100 қапцементті 11 000 теңгеге (1 қап цемент – 1100 теңге), ал бетонды 105 000 мың теңгеге сатып алған.

Сол жылы үй қабырғасын көтеру үшін 75 теңгеден 2000 тас сатып алды. Сөйтіп, оған 150 000 теңге жұмсады. Алты машина топырақты 18 000 теңгеге төктірді. Биыл шатырын жабуға кіріскен Еркін шатырды ұстап тұру үшін 5 текше метр тіреу ағаш (черновой) сатып алған. Оның 1 текше метрі 42 000 теңге тұрады. Осы соманы 4-ке көбейтсеңіз, 210 000 теңге шығады. Айтпақшы, 1 текше  метрде қалыңдығы 12 сантиметрлік 66 ағаш болады.

Стропилаағашын 1800 теңгеден 48 данасын 86 400 теңгеге, ал 3500 теңгеден 32 дана тастаманы (кругляк) 112 000 теңгеге сатып алды. Одан бөлек, төбеге қамыс төсеу үшін 62 000 теңге жұмсаған. Қара қағазды 1400 теңгеден 18 данасын 25 200 теңгеге, профлисті 320 000 теңгеге алған. Ал 8 терезеге 220 000 теңге төлемек. 

Жалпы, биыл төбені жабуға - 680 000 теңге кеткен.

Еркін қазір отбасымен бірге жатақханада тұрады. Үйін салып біткеннен кейінгі мақсаты – осында тезірек қоныстану. Еркін өзі Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінде кескіндеме пәнінен дәріс береді. Жұмысынан тыс уақытта фотоға түсірумен айналысады. Осы қосымша жұмысынан тапқан ақшасын жылдар бойы жинап келіп үй тұрғызып жатқаны.

- Несие алуға қорқамын. Табысым көп болса үйді бір жылдың ішінде салып алып, қазір ішіне қоныстанып отыратын едім. Әзірге әупірімдеп жүріп үйдің төбесінің жабылғанына мәзбіз. Әлі жасалатын жұмысы көп. Ішін майлап, терезесін қондыру керек, т.б. жұмыстары жетеді. Әлі көп ақша керек. Жер үй салу бұрын арзан көрінетін. Қазір үй салу бағасы бір пәтердің бағасымен теңеседі,- дейді Е.Бозжігітов.

 

6 МИЛЛИОННАН ЖОҒАРЫ

Енді бір мысал – Жұмыскер ауылында бір қатарлы үйді тұрғызу үшін үй егесі өзбекстандық 4 жұмысшыны жалдап, оларға 1 млн 350 мың теңге төлеген. Бұл сомаға жұмысшылар үйдің іргетасын құйып, қабырғасын тұрғызып, шатырын жапқан, терезесін қондырған. Ал бөлме ішін майлау үшін - 145 000 теңге, гипсакартонмен жабу үшін – 163 000 теңге төлеген.

Ал Ракуша ауылында тұратын Асылбек есімді азамат құрылыс материалдарын бағасы арзан кезінде сатып алған. Бірақ, үйінің құрылысын биыл ғана бітіріп жатыр. Көлемі 12х13 метрлік үйін салуға Асылбек 5 млн теңгеден астам қаржы жұмсаған. Оның ішінде 1 млн теңгеге жұмысшыларды жалдағаны бар. Асылбек 2009 жылы 6000 тасты 60 теңгеге (ол кезде тастың бағасы 63 теңге болды) түсіріп алған. Сонда тасқа барлығы – 360 000 теңге, іргетасқа 220 000 теңгедей қаржы кеткен. Төбесіне төсейтін ағашқа 500 000 теңге, темір шатырға 300 000 теңге, ламинатқа 350 000 теңге, ал 12 терезеге – 300 000 теңге, ішкі есікке 60х7=420 000 теңге, 1 сыртқы есікке 113 000 теңге төлеген.

Қарап тұрсаңыз, үй тұрғызуға бұрынғыдай 2-3 млн теңге жинағыңның болғаны аздық етеді екен. Бүгінде бір қатарлы орташа үйді тұрғызуға кем дегенде, 30 000 АҚШ доллары қажет.

Айнұр САПАРОВА,

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

27 маусым 2012, 19:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.