Атырау, 25 сәуір 22:19
 ашықВ Атырау +17
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Дархан Сатыбалды жауапсыз мердігерлерге: маған сылтау айтудың қажеті жоқ

724 просмотра

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды құрылыс мерзімінен кешіккен нысандарды жаппай тексеріп, міндеттемелерді орындамай отырған мердігерлерді құзырлы органдардың құзыретіне тапсыруды жүктеді, деп хабарлайды Sputnik өңір басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістандағы бірнеше тұрғын үй құрылысын аралаған облыс басшысына жауаптылар жұмыс барысында кездескен кей кедергілерді еңсере алмағанын алға тартты. Құрылыс материалдарының қымбаттап, шекарадағы шектеулердің болғанын айтты.

Алайда аймақ басшысы істің соңын сиырқұйымшақтатып жіберген әлеуметтік маңызы зор нысандардың жауаптыларына компанияның тәуекелге барып, құрылысқа кіріспес бұрын оның қаншалықты тиімді екенін зерделейтінін еске салды.

"Сіздерді мәжбүрлеген ешкім жоқ. Мерзімнен кешігіп, салбырлыққа салынып жүргендерге ескерту берілген. Ертеңін ойламай, бірнеше нысанды мойнына алып, жөнімен бітіре алмай отырғандарға кешірім болмайды. Маған сылтау айтудың қажеті жоқ. Бұл жауапсыздық. Әр нысанның артында халықтың тұрғанын ұмытпаңыздар. Талапқа бағынбайтындардың жырын созбай, құзырлы органдардың құзыретіне тапсырыңыздар", - деді Дархан Сатыбалды.

Облыс басшысы Түркістан қаласындағы құрылыс алаңдарын аралап, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Игерілген қаржы мен атқарылған жұмыстың айырмашылығын есептеуді міндеттеді. Құрылыс қарқынын үдетуді тапсырды.

Қазіргі таңда облыс орталығының әкімшілік-іскерлік орталығында 5, 7, 9, 12 және 20 қабатты 60 тұрғын үй бой көтерді. Сондай-ақ әкімшілік ғимараты бар 20 қабатты тұрғын үй құрылысы аяқталуға жақын.

"Керуен сарай" тұрғын үй кешенінің құрылысына 500 адам жұмылдырылған. 4,5 га жерде орналасқан заманауи баспаналар кешені жыл соңында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

3 қазан 2022, 10:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.