Атырау, 23 қараша 02:28
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Тізгінді қала алды

6 788 просмотра

Өткен аптада Атырауда қаланың мәдениет күні аталып өтті.

- Қош келдіңіз, ақтан ауыз тиіңіз, - деп киіз үйлерге кірер жолды меңзеп, ізет білдіріп тұрған кимешектегі аруларға қарап-ақ әз-Наурыздың лебі ертерек сезілді ме деп қаларсың.  Жиналғандар драма театр алаңында тігілген ақ қанатты 9 киіз үйдің ішкі жабдығымен, әр селоның тарихи-рухани мұрасы мен мәдени, эстетикалық бұйымдарымен, сонымен қатар ұлттық тағам өнімдерімен танысты.

Мәселен, бір ғана Еркінқала селолық округінің киіз үйінде «Есенғалиев», «Жұмабай», «Болашақ» шаруа қожалықтарының ауылшаруашылық өнімдері: құрт, май, қаймақ, ірімшік, қымыз бен ұннан жасалған өнімдері, сондай-ақ көкөніс, балық түрлері т.б. қойылған. Ал Қайыршақты селолық округінің  сән-салтанатымен округ әкімі Шапхат ҚАЛИЕВ таныстырды. Киіз үй ішіндегі мұражай көрмесі келушілердің назарын бірден аударады. Мұнда Кеңес Одағының батыры Қайырғали СМАҒҰЛОВТЫҢ да қолданған заттары бар. 

Киіз үйлердің бірінен мен «Құлагер» шаруа қожалығының иесі Өмірбек ЖАНБАЛАНЫ кезіктіріп қалдым. 

- Біз Атырауда өтіп жатқан мәдениет күніне арнап ағылшын, араб, шотланд тұқымдас жылқыларын көрсетуге алып келдік, - дейді ол. – Сонымен қоса, екі дүркін Қазақстан чемпионы болған «Нарын» бүркіті де бар. Қазақ мәдениеті тұлпарлармен және бүркітпен аңшылық жасау арқылы толықпай ма? 

Сыртқы көріністі тамашалап болған жұртты театр ішіндегі жәдігерлер қызықтыра түсті. Біздің облыста туылған әдебиетшілердің кітап көрмесінен бөлек жұрт назарын Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Айжан АБДУБАЙТҚЫЗЫНЫҢ алтын жіппен зерлеу техникасымен тігілген Жәңгір ханның әйелі Фатима ханымның камзолының үлгісі бірден аударды. Сонымен қатар Жүзбатырдың қайрағы, африкалық үлгіде күміспен әшекейленіп жасалған мамлюктердің тапаншалары да ілуде бір кездесе бермейтін өнер туындылары екенін айғақтап тұрғандай.

Кешкісін Атырау қаласының өнер шеберлерінің есептік концерті өтті. 

Айтолқын ҚҰЛШАРОВА

Суреттерді түсірген автор

14 наурыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.