Атырау, 5 қараша 06:25
 жаңбыр жаууы ықтималВ Атырау +6
$ 489.36
€ 533.45
₽ 4.99

Тұрғын үй жәрдемақысы тиесілі

2 842 просмотра

- Мен зейнеткермін, жалғыз өзім тұрамын. Ересек үш балам бөлек тұрады. Мен тұрғын үй жәрдемақысын ала аламын ба әлде ол ешқандай туғаны жоқ жандарға ғана төлене ме?
Телефон арқылы

Қалалық еңбек және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің тұрғын үй жәрдемақысы бойынша жетекші маманы Айнагүл ӘДІЛҒАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, егер зейнеткер пәтерге жалғыз өзі тіркелген болса, онда ол тұрғын үй көмегін ала алады екен. «Жылыту маусымы кезінде коммуналдық қызметтің жалпы құны көбейеді. Жәрдемақы көптеген жалғызбасты зейнеткерлерге тиесілі. Жазда жылу үшін төлемейді, сондықтан жәрдемақыны       зейнетақылары өте аз зейнеткерлер ғана алады. Жалғыз тұратын зейнеткерлерден басқа тұрғын үй жәрдемақысын алу құқығына барлық топтағы мүгедектер, 7 жасқа дейінгі балалары бар аналар, жұмыспен қамту орталығында есепте тұрған жұмыссыздар ие бола алады», - деп түсіндірді А.Әділғалиева.
Тұрғын үй жәрдемақысы қалалық коммуналдық қызметтер – «Атырау су арнасы», «Атырау-Жарық» және т.б. тарифтерінің негізінде арнайы әдістеме бойынша есептеледі. Жалғыз тұратын бір зейнеткерге 18 шаршы метр есепке алынады. Егер алушыда екі бөлмелі пәтер болса, онда 36 шаршы метр есепке алынады. Мәселен, егер зейнеткерде алаңы 54 шаршы метр болатын екі бөлмелі пәтері бар болса және жылу үшін ол 3600 теңге төлесе, онда тұрғын үй жәрдемақысын есептеу кезінде «жылу үшін» деген бағанға 36 шаршы метр үшін 2679 теңге төлем сомасы салынатын болады. Тұрғын үй жәрдемақысын тағайындау үшін жеке бас куәлігі, СТН, жеке есеп-шот нөмірі («Қазпоштада» болуы міндетті), пәтерге құқығы туралы құжаттар, азаматтарды тіркеу кітабы (үй кітабы), тоқсан ішіндегі кірісі (зейнетақы мөлшері) туралы анықтама, тоқсан ішіндегі коммуналдық шығындар туралы анықтама қажет. Барлық аталмыш құжаттар жылына бір рет, тек кірісі мен шығысы туралы анықтамалар әр үш ай сайын тапсырылады. 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап осы құжаттардың барлығы мекен-жай бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарына тапсырылады. Тұрғын үй жәрдемақысы алдыңғы ай үшін – мәселен, ақпан айында қаңтар үшін және т.б. беріледі. Және бір жаңалық – егер бұрын тұрғын үй жәрдемақысы коммуналдық қызмет көрсетушіге бірден аударылса, енді олар алушының жеке шотына аударылатын болады.
Тұрғын үй жәрдемақысын тағайындау үшін коммуналдық төлемдер мөлшері алушының кіріс сомасының 6 пайызынан аспауы тиіс. Тұрғын үй жәрдемақысының мөлшері – бұл коммуналдық шығындардың жалпы сомасы мен кіріс сомасының 6 пайызы арасындағы айырмашылық. Мәселен, егер зейнетақы мөлшері 35 мың теңге болса, онда 6 пайыз – бұл 2100 теңге, ал коммуналдық қызметті төлеуге орташа алғанда 8 мың теңгесі жұмсалады. 8 000 – 2 100= 5900 теңге. Дәл осы соманы зейнеткер тұрғын үй жәрдемақысы түрінде алатын болады.

16 наурыз 2011, 00:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.