Атырау, 7 қазан 05:21
 ашықВ Атырау +20
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

"Авангардтағы атқыш" қаруды интернет арқылы алған ба?

1 551 просмотра

Атырау облысында заңды түрде азаматтық тұлғалардың атына 9 мыңнан астам қару тіркелген. Ал, заңсыз айналымда жүргені қаншама? Оны ешкім ашып айта алмайды.

Атырауда 15 наурызда «Авангардтағы атқыш» үш адамды атып өлтіріп, бір адамды ауыр жарақаттап, барлығы 16 оқ шығарғанда -  көбі қалай қаруланып алған деп таң қалған еді. Кейін онда екі тапанша болғаны анықталды. Қарапайым тұрғында қару қайдан жүргені түсініксіз.   

Атырау облыстық полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Нұрсұлтан МҰХАМБЕТКАЛИЕВТЫҢ айтуынша, қазір өңірімізде заңсыз қару айналымын анықтау мәселесі қатаң бақылауға алынған.  

- Қарумен ұсталған адам кімнен сатып алғанын айтпайды. Даладан тауып алдым, қызық көріп қалтама салып алдым деп жауап бере салады. Көбіне заңсыз айналымда ұрланған, әсіресе пәтер тонау кезінде ұрланған, сонымен бірге, немқұрайдылығынан жоғалтқан қарулар кездеседі. Сосын көбі аңшы қаруының басын кесіп, қылмыстық мақсатта пайдалану үшін шолақ мылтық жасайды, - дейді Н.Мұхамбетқалиев. - Қару біздің елге контрабанда арқылы да келеді, әсіресе, Ресейден. Мәселен, ол жақта травматикалық қаруды азаматтық тұлғаларға пайдалануға рұқсат бар, ал бізде тыйым салынған. Ресеймен біздің ел арасында кеден шекарасы ашық. Онда тек жүк көліктерінің (фургон) құжаттары мен жүк көлігі жүргізушісінің жеке басын тексереді. Ал жүк көлігінің іші тексерілмейді. 

Қару саудасы есірткі саудасы секілді интернет арқылы да сатылуы мүмкін. Мұндай сауда түрінің сызбасын еске салайық. Мәселен, сатушы Telegram-мессенджері арқылы сатушымен байланыс орнатып, "тауарға" тапсырыс береді де QIWI Кошелек арқылы онлайн төлем жасайды. Ақша түскеннен кейін, сатушы "тауардың" қай жерде жатқаны туралы мәлімет береді

Біздің қолымыздағы ақпаратқа сәйкес, «Авангардтағы атқыш» полицияға берген жауабында екі тапаншаны дәл осы тәсілмен Telegram-мессенджер арқылы сатып алғанын айтқан.

Ал ақпанда жергілікті полиция қызметкерлері қылмыстық топты ұстап, олардан 7 қару тәркіледі. Атап айтқанда, екі «Тайга», екі шолақ мылтық, екі винчестер, бір травматикалық қару. Соның ішінде екі қарудың бірі 2018 жылы жоғалған, ал екіншісі 2011 жылы Алматыда пәтер тоналған кезде ұрланған.

Атырау облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобының аға инспекторы Қанат ҚАБСИХОВТЫҢ айтуынша, облыста 9 мыңнан астам қару заңды түрде тіркелген. Қабсихов өз әріптестерімен бірге жергілікті учаскелік инспекторлармен бірлесіп, қару сақтау, тасымалдау, тіркеу ережелерінің сақталуын қадағалайды.  Одан бөлек, қару сатып алуға рұқсат алу үшін өтініш берген азаматтарды тексеріп, тиісті талапқа сәйкес рұқсат беруге болатыны-болмайтынын қадағалайды. Мәселен, өтініш білдірген азаматтың бұрын соттылығын, наркологиялық және психиатрияляқ есепте бар-жоғын, қоғамға қарсы өмір салты және т.б. жағдайы қаралады.

- Одан бөлек, инкассаторлық және күзет қызметтері де бізден рұқсат алады. Ол жерде жұмыс істейтін әр қызметкер тексеріледі, - дейді Қабсихов.

Атап өтейік, елімізде 2008 жылдан бері жыл сайын «Қару» акциясы өтеді. Акция аясында өз еркімен қару тапсырған азамат қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады, оның үстіне оған қаржылай сыйақы төленеді. Мәселен, былтыр Атырау облысы полиция департаментінің сұранысымен 2,7 млн теңге бөлінген. Былтырғы "Қару" іс-шарасы аясында тұрғындар 46 қару тапсырды. Оның жетеуі иір ойықты мылтық, 39-ы тегіс ұңғылы мылтық және 2000-ға жуық оқ-дәрі тапсырылған. 

Ал, биыл жоспарланып отырған «Қару» акциясына 3 млн-ға жуық теңге бөлінді. Ақшалай сыйақы көлемі қарудың жай-күйіне байланысты 10 АЕК (30 630 теңге) пен 100 АЕК (306 300 теңге) арасында белгіленеді.

Айнұр САПАРОВА

6 сәуір 2022, 09:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.