Атырау, 24 қараша 17:17
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Құжатымызды қасымызға алып, киімшең ұйықтаймыз»

Сурет Бейнежазба
1 966 просмотра

Әкімдердің құрғақ уәдесіне тойған Индербор кентіндегі З. Қабдешев көшесі, 5, 7, 9, 11, 12, 13, 15-үй тұрғындары «АЖ»-ға жүгінді.

Салынғанына 65 жыл болған бұл үйлердің бір-бірінен дым да айырмашылығы жоқ. Бәрінің іргесі сөгіліп, қабырғасы қақырап, шатыры шұрқ-тесік күйде, қабырғалардың сылақтары түскен. Подьездердің ішіне кіру қорқынышты.

«Біздің үйді көріңізші!» деп, қаумалаған адамдар жалғыз баспаналарының жайын көрсеткісі келіп, шырылдайды кеп. Үй астына су кеткендіктен бе, сыз иісі мүңкіп тұр. Бөлмелердің төбесі мен қабырғалары су аққаннан сарғайып, сылақтары түсіп қалған. Жылдан-жылға «отыра» бастағандықтан, үйлердің терезелері өздігінен шытынап, сынып жатады дейді тұрғындар.

- Жалғыз баспанамыз болғандықтан өзімізше жыл сайын жөндейміз, бірақ ешқандай жөндеу көмектеспейді. Жақында аудан әкімдігіне кіріп шықтық, сендерге үй жоқ деді, - дейді Гүлзада НҰРШАРИПОВА, Алексей ДУБИЦКИЙ.  

- Менің кішкентай балаларым бар, жолдасым Теңіз қалашығына жұмысқа кеткенде, әр күнімді қорқынышпен өткіземін. Қатты жел болғанда, болмаса ауыр жүк көлігі өтсе, үйлеріміз теңселіп тұрады. Кез-келген уақытта үстімізге құлап, үйінді астында қаламыз ба деп уайымдаймын. Түнде балаларымды киіндіріп жатамын, құжаттарымды қасыма алып. Алда-жалда үй құлай бастаса қашып шығайын деп. Жалғыз мен емес, барлығы осы күйді басынан кешіріп жатыр,-дейді Жадыра САБИРОВА.

 

СЕНАТОРДАН ҚАЙРАН ЖОҚ

2019 жылы жеті үйдің тұрғындары баспаналарын апатты деп танытып, құжаттарын рәсімдетіп алыпты. Үш жыл өтті, бірақ жағдай өзгермеді. Ал жақында аудандық әкімшіліктен 2025 жылға дейін үй жоқ деген жауап хат келді.

- Сенатор Дүйсенғали ТҰРҒАНОВ үйімізді, қандай жағдайда өмір сүріп жатқанымызды көрді. «Мен уәде бере алмаймын, үй салып алыңдар» дегенді айтты. Егер баспана салатындай жағдайымыз болса, өзіміз салып алар едік қой, ешкімге өтініш жасамай! Облыс әкімі келгенде де шағымымызды жеткізгенбіз. Бірақ бәрі бекер, - дейді наразы тұрғындар.

Аудан әкімінің орынбасары Бауыржан ИМАНҒАЗИЕВ:

- Жалпы аудан бойынша көпқабатты 25 үй, соның ішінде Қабдешев көшесіндегі үйлер апатты деп танылды. Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынып, пайдаланылуға берілуі тиіс көпқатарлы үш үй осал топтағыларға тиесілі. Ал апатты үй тұрғындары үшін үй салу тек облыстық бюджеттен қаржы бөлінгенде ғана, болмаса демеушілікпен салынуы тиіс. Екінші нарық бойынша бұрынғы үйлерді сатып алу арқылы бұл жайды шешуге болар ма еді, бәрі қаржыға тіреліп тұр. Біз облыстың бюджеттен қайта-қайта қаржы сұратудамыз, бірақ әзір белгісіз. Сол себептен Қабдешев көше тұрғындарын баспанамен қашан қамтылатынын дәл айта алмаймын, - деді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

10 наурыз 2022, 15:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.