
Қазақстанда онлайн ойындарды міндетті түрде таңбалау, кәмелетке толмағандардың маркетплейстердегі сатып алуларын бақылауды күшейту және балаларға арналған ID-карталарды енгізу жоспарланып отыр. Бұл жаңа нормалар «Балалардың цифрлық және ақпараттық қауіпсіздігі туралы» заң жобасында қарастырылған. Құжат туралы Құрылтайдың вице-спикері Динара Закиева Үкімет сағатында мәлімдеді.
Заң жобасы кәмелетке толмағандарды интернеттегі қауіп-қатерден қорғау мақсатында цифрлық ортаны кешенді реттеуге бағытталған.
Ойындарды, қосымшаларды және маркетплейстерді тексеру
Заң жобасына сәйкес, барлық цифрлық өнімдер, соның ішінде онлайн ойындар арнайы таңбамен белгіленіп, олардың мазмұны туралы толық ақпарат берілуі тиіс. Сондай-ақ ықтимал қауіптер, атап айтқанда, ойын ішіндегі ақылы сатып алулардың бар-жоғы, басқа пайдаланушылармен хат алмасу және сөйлесу мүмкіндігі көрсетілуі міндеттеледі.
Бұдан бөлек, мынадай шаралар енгізу ұсынылып отыр:
Міндетті тексеру: уәкілетті мемлекеттік орган цифрлық өнімдердің белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді.
Талап бұзылған жағдайда бұғаттау: платформа, қосымша немесе ойын ережелерді бұзса, оларға қолжетімділік шектелуі немесе толық бұғатталуы мүмкін. Ал олардың иелері жауапкершілікке тартылады.
Маркетплейстерді бақылау: осындай талаптар электрондық сауда алаңдарына да қатысты болады. Атап айтқанда, балалардың тауар сатып алуына бақылау күшейтіледі.
Ата-ана бақылауы күшейтіледі
Барлық цифрлық платформада «ата-ана бақылауы» тетіктерін енгізіп, контентті сүзгілеу жүйесін күшейту жоспарланып отыр. Мемлекеттік тексеруден өтпеген және арнайы таңбасы жоқ қосымшалар мен ойындар балалардың аккаунттарында көрінбейді. Яғни бала оларды аша да, жүктей де алмайды.
Балаларға арналған ID-карталар
Жеке норма ретінде фотосуреті бар арнайы балалар ID-карталарын енгізу ұсынылып отыр. Бұл құжат баланың жеке басын нақты растауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол 18 жасқа толмаған балаларды сүйемелдеудің бірыңғай цифрлық жүйесін қалыптастыруға негіз болады. Бұл мемлекеттік қолдау шараларын үйлестіруге және балалардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.
Заң жобасы жасанды интеллект көмегімен әзірленген
Динара Закиеваның айтуынша, бұл — құқықтық талдау дағдылары бар жасанды интеллект моделі енгізілген AI-Quryltai зияткерлік ортасында әзірленген алғашқы заң жобасы. Сонымен қатар нейрожелі ұсынған барлық нұсқалар депутаттардың тексеруінен өтіп, пысықталған.
В Атырау +2.7