
Ne Prosto Orchestra ұжымы Алматыдағы Республика сарайында бірнеше айдан бері концерт өткізе алмай жүргенін мәлімдеді. Музыканттардың айтуынша, залды жалға алудан бөлек, олардан «Алматы Әуендері» билет операторымен келісімшартқа отырып, сатылған барлық билеттерден түскен жалпы табыстың 2 пайызын аудару талап етіледі.
Ne Prosto Orchestra өзін Қазақстандағы алғашқы тәуелсіз симфониялық оркестр деп атайды. Ұжымның мәліметінше, музыканттар тоғыз жылдан бері танымал фильмдер, сериалдар мен анимелердің музыкасын жанды дауыста орындап келеді.
Оркестр Threads әлеуметтік желісінде концерттерге арналған күндер Республика сарайында шамамен жарты жыл бұрын брондалғанын хабарлады. Алайда ұжымның айтуынша, концерт алаңы билет операторымен қосымша келісімшарт жасалмайынша іс-шара өткізуге рұқсат бермеген.
Оркестрдің өз дерегіне сүйенсек, концерттерге арналған билеттердің 98–99 пайызы Ticketon және басқа да тәуелсіз платформалар арқылы сатылады. Сондай-ақ ұжымның мәлімдеуінше, Республика сарайы сыйымдылығы 2,5 мың орын болатын залда әдетте 20 билеттен артық сатпайды. Сондықтан музыканттар билет сатудан түскен жалпы табыстың 2 пайызын қандай қызмет үшін төлеуі керектігіне түсінбей отыр.
Оркестр жалға алу ақысын белгіленген мөлшерде көтеруді және билет операторларымен келісімшарттарды өзі жасауды ұсынғанын, алайда бұл ұсыныс қабылданбағанын айтады. Ұжымның сөзінше, Республика сарайының өкілдері мұндай талаптарды терроризмге қарсы қауіпсіздік шараларымен және келушілердің кіріп-шығуын бақылау қажеттілігімен түсіндіреді. Алайда музыканттар бұл талаптар ұйымдастырушының билет сатылымынан түскен табыстың бір бөлігін неліктен беруі керектігін түсіндірмейді деп санайды.
Бұдан бөлек, Ne Prosto Orchestra әкімдік пен басқа да ұйымдарға арнап брондалған билеттердің кейіннен сатылымға шығарылған жағдайлары болғанын мәлімдеді. Ұжымның пікірінше, мұндай жайттар ресми түрде тексерілуі керек. Алайда оркестр жарияланымдарында бұл мәлімдемелерді растайтын құжаттарды ұсынбаған.
Музыканттар соңғы алты айда Республика сарайының басшылығына, Алматы қаласының Мәдениет басқармасына, мәслихатқа және басқа да органдарға бірнеше рет жүгінгенін хабарлады. Ұжымның айтуынша, кездесулер барысында мәселені қарастыруға уәде берілгенімен, жағдай өзгермеген. Оркестр Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне де жүгінгенін, онда өтінішті қарау бір жыл немесе одан да көп уақыт алуы мүмкін екенін айтқанын жеткізді.
Концерт өткізетін алаңға қатысты белгісіздікке байланысты Ne Prosto Orchestra әзірге Алматыдағы жаңа концерт күндерін жарияламай отыр. Ұжымның мәлімдеуінше, қазір балама залдарды іздестіріп жатыр.
В Атырау +2.7