«Құрманғазы аудан орталығындағы барлық ықшам аудан кезең-кезеңмен электр жүйесіне қосылды. Байда, Орлы, Шортанбай, Дыңғызыл, Қиғаш, Сүйіндік, Асан, Азғыр, Нұржау, Жаңаталап, Теңіз, Кудряшово, Еңбекші, Мақаш, Сафон, Ақкөл ауылдары да қосылды», - деп хабарлады Атырау облысының өңірлік коммуникация қызметі. «Қазақтелеком» АҚ-ның 27 станциясының 20-сында байланыс қалпына келтірілді.
Еске салсақ, бұған дейін қатты желдің салдарынан сымдар үзіліп, 400-ден астам бағана құлап, бүкіл аудан дерлік жарықсыз қалған болатын. «Электр бағаналары ескі, көптен бері жаңартылмаған, көбі 70-жылдардан бері тұр, сондықтан осылай болды. 5 наурыз күні жел мен жаңбыр күні бойы басылмады. Ауылдарды су басып кете ме деп қорықтық. Бәрі жарықсыз, байланыссыз, интернетсіз отырды. Сондай қорқынышты еді», - дейді жергілікті тұрғындар.
ӨКҚ мәліметінше, 9 наурызда сағат 13:00-дегі жағдай бойынша екі ауылдық округ – Бірлік және Көптоғай ауылдық округтері (барлығы 1390 абонент) электр қуатынсыз қалып отыр. Онда «Атырау-Жарық» АҚ-ның 11 бригадасы мен 20 техникасы жұмыс істеп жатыр.
– Бірлік, Көптоғай ауылдарында жөндеу жұмыстары аяқталған соң Күнгей, Жамбыл, Жаңа ауыл, Шағырлы, Жасталап, ЛСП, Каспий, Қызылоба ауылдарына электр қуатын беру қайта жанданады. Жалпы, 11 наурызға дейін ауданда электр жарығы толығымен қалпына келтіріледі, – дейді «Атырау-Жарық» АҚ Құрманғазы бөлімінің басшысы Игорь АБУГАЛИЕВ.
Құрманғазы ауданының әкімдігі келтірілген шығын көлемі әлі анықталмағанын айтты.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Автор түсірген суреттер