Атырау, 24 қараша 21:56
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Украинадағы соғыс: 14-күн

1 436 просмотра

Сейсенбі, 8 наурыз күні Ресейге санкциялардың жаңа толқыны келді. McDonald's фаст-фуд дәмханасы, Starbucks кофеханасы және Coca-Cola сусын компаниясы Ресейдегі жұмысын тоқтатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

Ресей орталық банкі азаматтарының шетел валютасындағы есеп-шотына шектеу қойды. Енді ресейліктер 9 қыркүйекке дейін 10 мың доллар ғана шығарып ала алады. Азаматтарға шетел валютасын сатуға тыйым салынады. Соның алдында ғана Forex биржасында 1 доллар 180 рубльге бағаланған.

Сейсенбіде Ресей әскері күні бойы Николаев қаласын атқылады. Жарылыс даусы Киев пен Сумы қалаларында да естілді. Әуе шабуылына Украинаның өзге қалалары мен ауылдары да ұшырады. Украина барлау қызметі Харьков түбінде Ресей генерал-майоры, 41-әскердің басшы орынбасары Виталий Герасимовтың қаза тапқанын айтты. Ресей бұл ақпарат туралы мәлімдеме жасаған жоқ.

Сумы қаласынан "гуманитарлық дәліз" арқылы бейбіт тұрғындар мінген 60-тан астам автобус шықты.

Украинаға басып кіргелі Ресейден кемі 150 журналист кеткен. Негізгі себеп – елде іс-жүзінде әскери цензураның енгізілуі. Ал британиялық BBC корпорациясы осыған дейінгі шешімін өзгертіп, журналистерін Ресейде қалдыратын болды. Олар ағылшын тілінде ақпар таратпақ.

Украинаның солтүстік-шығысындағы Сумы қаласындағы әуе шабуылынан қаза тапқандар саны 21 адамға жетті. Қаладан 5000 адам эвакуацияланды.

БҰҰ Украинадағы соғыс басталғалы елден 2 миллион адам кеткенін мәлімдеді.

Джо Байден Ресей энергетикасын АҚШ-қа импорттауға тыйым салды. Ұлыбритания да Ресей мұнайынан бас тартты.

Ресейде азаматтарға шетел валютасын сатуға тыйым салды

Ресей орталық банкі екінші деңгейлі банктерге азаматтарға 9 қыркүйекке дейін шетел валютасын сатуға тыйым салды. Ал шетел валютасындағы есеп-шоттан тек 10 мың долларға дейін шығарып алуға болады. Қалғаны тек сол күннің бағамы бойынша рубльмен беріледі.

McDonald's, Starbucks және Coca-Cola Ресейдегі жұмысын тоқтатты

McDonald's компаниясын Ресейдегі 850 ресторанын тоқтататынын мәлімдеді. Оған Ресейдің Украинаға басып кіруі түрткі болған. Компанияның Ресейдегі 62 мың қызметкері әзірге жалақысын ала береді. Бұл туралы McDonald's баспасөз қызметі хабарлады.

Компания Ресейдегі жұмысын қашан қалпына келтіретінін айтпады, бірақ елдегі ахуалды бақылап отыруға уәде берді.

McDonald's-тен кейін Starbucks кофеханасы да Ресейдегі жұмысын тоқтататынын айтты. Компания басшысы Кевин Джонсон өзінің блогында "Ресейдің Украинаға басып кіруін айыптайтынын, зардап шеккендерге көңіл айтатынын" мәлімдеді.

Компанияның лицензияланған серіктесі Ресейдегі кофеханаларды жабуға және ондағы екі мың қызметкерге қолдау көрсетуге келісім берді дейді Starbucks баспасөз қызметі.

Coca-Cola сусын компаниясы да Ресейден кетпек. Компания жағдайды бақылап отыратынын айтты.

Ресей Украинаға басып кіргелі әлемнің жүздеге ірі корпорациясы мен бренді Ресейдегі жұмысын тоқтататынын мәлімдеді. Мұның алдында Google, Facebook, Instagram, YouTube секілді онлайн платформалар ресейліктер үшін қызметін шектеген.

Ресейлік олигархтар Украинадағы соғысты тоқтатуға шақырды

Батыс санкциясының салдарынан көп қаражатын жоғалтқан Кремльге жақын ресейлік миллиардерлер Украинадағы жағдайға алаңдаушылық білдіріп, соғысты тоқтатуға шақырды.

Президент Владимир Путин айналасындағы магнаттардың бірі Олег Дерипаска 7 наурызда Туиттерде Украинадағы соғыс тез тоқтауы тиіс деп жазды.

"Бейбітшілік тез орнауы тиіс, біз қайта оралмайтын нүктеден өтіп кеттік... Тұтас әлем басқа болады, Ресей басқа болады" деп жазды ол.

Тағы бір магнат Владимир Лысин 7 наурыз Новолипецк қаласындағы болат өндіретін зауыт жұмысшыларына арнап жазған мәлімдемесінде "Украинадағы қантөгіс – трагедия, оны ақтау қиын" деп жазды. Новолипецк металлургия комбинатының басшысы қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуге шақырып, соғыс жақын арада аяқталады деп үміттенетінін жеткізді.

Ресейлік кәсіпкер Олег Тинков 6 наурызда өзінің миллиардерлер қатарынан шығып қалғанын, санкцияға байланысты көп қаражаттан айырылғанын хабарлады. Ол журналистерге енді бұдан былай өзін олигарх деп атамауды өтінген.

АҚШ барлау қызметінің өкілі: Путин Украина бойынша алған бағытынан қайтпауға бекінген тәрізді

АҚШ ұлттық барлау қызметінің жетекшісі Аврил Гейнс санкциялар мен соғыстағы сәтсіздіктер Ресей басшысы Владимир Путинді Украина бойынша алған бағытынан тайдыра алмайтын тәрізді, тіпті жағдай одан әрі ушығуы мүмкін деп ескертті.

8 наурызда АҚШ өкілдер палатасында ғаламдық қауіпсіздік бойынша өткен тыңдауда Гейнс Украинадағы соғыстың шығыны (мыңдаған Ресей солдаты қаза болған деген дерек бар) көбейіп бара жатқанын алға тартып, бұл жайт Путинді алаңдатса да, ол жағдайды онан әрі ушықтырудан тайынбайтын тәрізді деді.

"Біздің сарапшылар Путинді мұндай сәтсіздіктер алаңдатпайды және тіпті жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін деп санайды" деді.

АҚШ-тың пікірінше, Мәскеу Украинаның шабуылға төтеп беру мүмкіндігін жете бағаламайды. Бірақ Путин көбірек ресурс бөліп, Украинаны тұтас жаулап алуға тырыса ма әлде "кейбір аймақтармен ғана шектеле ме" ол жағы белгісіз.

9 наурыз 2022, 11:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.