Атырау, 7 қазан 13:20
 ашықВ Атырау +18
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Бюджеттен бөлінген қаржының қаншасы және неге игерілмеген

1 927 просмотра

Былтыр желтоқсанда Атырау облысының 2022 жылғы бюджеті 536 млрд 502 млн теңге болып бекітіліп, биыл оны толық игеру жоспарланып отыр. Айта кетейік, былтырғы облыс бюджетіндегі 523 млрд теңгеден 5 млрд 102 млн теңге игерілмей қалып отыр. Игерілмеген бюджет қаржысы бойынша өңірімізде қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі және қалалық құрылыс бөлімі "көш бастап" тұр.  

Өткен жылғы бюджеттен жалпы қалған сома 14,4 млрд (5,1 млрд игерілмеген қаржы, 7,7 млрд құнды қағаз шығарудан түскен кіріс, желтоқсандағы кіріс - 1,5 млрд) теңгені құрады. Бюджетті тиімді жоспарлай алмаған лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылды.

Айта кетейік, 2021 жылы игерілген 517 млрд 943 млн теңгенің ішінде республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттер сомасы 77,1 млрд теңгені, жергілікті бюджет шығыны 427,8 млрд теңгені, кредиттер сомасы 2,7 млрд теңгені, заемдар түсімі 10,6 млрд теңгені  құрап отыр. Ал игерілмей қалған 5 млрд 102 млн теңгенің ішінде Ұлттық қордан және республикалық бюджеттен бөлінген трансферттер бойынша қалдық сомасы 4 млрд 326 млн теңгені, жергілікті бюджет бойынша 775 млн теңгені құрап отыр.

28 ақпанда өткен отырыста республикалық бюджет комиссиясы (Қаржы министрлігі) республикалық бюджеттен бөлінген қаржының қалып қойған 1 млрд 400 млн теңгесін облысқа қайта пайдалануға рұқсат берді. Ал, қалғаны республикалық бюджетке кері қайтарылды.

Атырау облысы қаржы басқармасының басшысы Азамат СӘЛІМБАЕВ «АЖ» тілшісіне заемдар мемлекеттік бағалы қағаздар шығару арқылы тартылғанын айтады. Соның 1 млрд 8 млн теңгесі "Жұмыспен қамту жол картасын" іске асыру үшін, ал 8 млрд 8 млн теңгесі тұрғын үй құрылысы үшін берілген. Оның айтуынша, облыстық құрылыс басқармасы 8,8 млрд теңгенің 1,1 млрд теңгесін ғана игерген. Ал қалған 7,7 млрд теңгесін биыл тұрғын үй салуға жұмсау үшін наурызда бюджетті нақтылау кезінде бюджеттің жалпы сома есебіне қосады. Бұл республикалық бюджеттен кері облыстың бюджетіне қайтарылған 1,4 млрд теңгеге де қатысты.   

Облыстың бас қаржыгерінің айтуынша, жалпы Бюджет кодексі бойынша игерілмеген қаржыны келесі жылы қайта жоспарлап пайдалануға болады. Бюджет қаржысын игермеу әрмен қарай оның орталықтан бөлінуіне кері әсерін тигізетінін айтады. Себебі алдағы уақытта республика бюджетінен бөлінетін қаржы көрсеткіші азайып кетуі мүмкін. 


ОРТАҚ ҚАЗАНҒА ОБЛЫС ҚАНША КІРІС ӘКЕЛДІ?

Республикалық бюджетке облыстық бюджеттен 122 млрд теңге табыс салығы, 42,2 млрд теңге корпоративтік табыс салығы, 114 млрд теңге әлеуметтік салық, 19,7 млрд теңге қоршаған ортаға эмиссия түскен.   


НЕ СЕБЕПТІ ИГЕРІЛМЕЙ ҚАЛДЫ?

Азамат Сәлімбаев бізге бюджет қаржысының әр салада қанша сома және қандай себеппен игерілмей қалғанын түсіндірді. Әңгіме облыс бюджетінің 5 млрд 102 млн теңгесі жайында. Әр саланың бюджетіне жеке-жеке тоқталсақ. Мәселен, Атырау қаласы бойынша қалдық 1 млрд 411 млн теңгені құрады, оның ішінде қалалық құрылыс бөлімі бойынша Ұлттық қордан инженерлік инфрақұрылымдар құрылысына бөлінген трансферттер 1 млрд 389 млн теңге қажеттілік болмауынан (үнемдеулер) игерілмеді. Сондықтан қалалық құрылыс бөлімнің лауазымды тұлғаларын жауапкершілікке тарту мәселесі қаралмады.

Махамбет ауданында қалдық көлемі 615 млн теңгені құрады, оның ішінде Ұлттық қордан инженерлік инфрақұрылымдар құрылысына бөлінген трансферттер 605 млн теңге, оның 474 млн теңгесі орындалған жұмыс актілерінің болмауынан орын алса, 131 млн теңгесі үнемделді. Махамбет аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, құрылыс, сәулет қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасарына «Ескерту» берілді.

Мақат ауданы бойынша игерілмеген қалдық 534 млн теңге, оның ішінде Ұлттық қордан тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылымдар құрылысына бөлінген трансферттер 437 млн теңге жұмыс кестесінен қалыс қалудан игерілмеді. Мақат аудандық құрылыс бөлімі басшысына «Ескерту» берілді.

Жылыой ауданында қалдық 372 млн теңге құрады, оның ішінде Ұлттық қордан бөлінген трансферттер «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша Құлсары қаласындағы электр объектілерінің құрылысына бөлінген 367 млн теңге жұмыс кестесінен қалыс қалудан игерілмеді. Аудандық құрылыс бөлімінің бас маманына «Ескерту» тәртіптік жазасы берілді, ол 2021 жылы бөлім басшысының міндетін атқарушы болып қызмет атқарған.

Индер ауданы бойынша қалдық 371 млн теңге, оның ішінде Ұлттық қордан инженерлік инфрақұрылымдар құрылысына бөлінген трансферттер 260 млн теңге игерілмеді, оның 102,9 млн теңгесі тұрғын үйлер құрылысының аяқталмауынан орын алса, қалған 57,8 млн теңге үнемделді. Жергілікті бюджет есебінен әкімшілік ғимаратты күрделі жөндеу 83 млн теңге және Жарсуат селосында денешынықтыру-сауықтыру кешені құрылысы бойынша 24,4 млн теңге  жұмыс кестесінен қалыс қалудан игерілмеді. Индер ауданы құрылыс бөлімінің басшысы 2021 жылдың аяғында жұмыстан босатылған болатын.

Айнұр САПАРОВА

8 наурыз 2022, 18:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.