- Менің балам АИГИ колледжінде оқиды. Біз оқу жылының жарты ақшасын төлеп қойдық. Өзім жұмыссызбын. Күйеуім өмірден озған. Енді әкесі жоқ балаға колледж оқуының ақшасын жартылай төлеуге жеңілдік бар ма? Мен облыстық әкімдіктен сондай жеңілдік қарастырылған деп естіп едім. Бірақ, колледж ұстаздары ондай тәртіп бізге әлі келген жоқ дейді.
Облыстық білім беру басқармасы бастығының орынбасары Шәкіржан МЫРЗАҒАЛИЕВ:
- Биылғы жылға дейін екі жыл қатарынан, яғни 2009 және 2010 жылдары облыс әкімі Бергей Рысқалиев дағдарысқа байланысты облыста білім алып жатқан оқушылар мен студенттер үшін төленетін оқу ақысы жағынан жеңілдіктер қарастыру туралы шешім шығарып, сол екі жыл қатарынан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан оқудың ақысы төленген болатын. Жеңілдіктер жетім балалар, көпбалалы жанұядан шыққан балалар, дағдарысқа байланысты аналарының жұмыстан босап қалып, тұрмысы аз қамтылған балаларға беріліп, оқу ақылары облыстық әкімдік жанынан төленді. Сондай-ақ, облыстың экономикасына өз үлесін қосатын педагогика, медицина саласында үздік бағамен оқып жатқан студенттерге соңғы екі жыл бойына жеңілдік берілді, - дейді.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары Серік САПАНОВТЫҢ айтуынша, биылғы оқу жылында жергілікті студенттердің оқу ақысын төлеуге қатысты жеңілдіктер жоспарда қарастырылмаған, қаражат бөлінген жоқ. Қазіргі күні студенттердің ата-аналарынан осы жылы тағы да оқу ақысын облыс әкімдігі тарапынан жеңілдік қарастыруын сұраған арыздар түсіп отыр. Арыздарға байланысты жеңілдіктерді енгізуді облыс әкімі шешеді, - дейді Серік Жұбанұлы. 2009 жылы жалпы 123 миллион теңге сомасындағы студенттердің оқу ақысы төленсе, 2010 жылы 119 миллион теңге төленген. 2009 жылы жеңілдіктер жетім, жартылай жетім, мүгедек, аз қамтылған және өте жақсы оқитын студенттерге арналса, 2010 жылы соңғы санат алынып тасталынған болатын. Мұндай жеңілдіктер басқа облыстарда жоқ. Студенттердің оқу ақысын төлеу облыс әкімінің міндеті емес, ол ақылы оқу орнына түскен балалардың ата-анасының міндеті.