Атырау, 7 қазан 17:26
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

«Әкімдік маңында полицейлерден 9 атыс қаруы тартып алынды»

1 705 просмотра

Атырау облысы прокурорының орынбасары Абзал ҒИЛЫМ ӨКҚ-де өткен брифингте қаңтар оқиғасы бойынша қылмыстық істерді тергеудің алдын ала қорытындылары туралы айтып берді. Оның айтуынша, арнайы прокурорлардың жетекшілігімен ведомствоаралық тергеу-жедел тобы 28 істі тергеп жатыр.

Оның ішінде бір іс терроризм актісі, 10-ы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру және оған қатысу, 1-еуі билікті басып алуға жария түрде шақыру, екеуі полицейлерге күш қолдану және бір іс қару ұрлау бойынша.

Бірақ бұл туралы кейінірек. Абзал Ғылымның айтуынша, жаппай тәртіпсіздік салдарынан 103 адам зардап шекті, оның 55-і полиция қызметкері, 28-і ұлттық гвардия қызметкері және 20-сы бейбіт тұрғын - олардың бірі қаза тапты, ол Алғабас ауылының тұрғыны Алмаз БЕРЕКЕНОВ.

Прокурор марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты. Ол қазіргі уақытта зардап шеккендердің барлығы дерлік ауруханадан шығарылғанын, бірақ бір полицейдің жағдайы ауыр, оған күрделі операция қажет екенін атап өтті.

– Ол тезірек сауығып кетеді деп үміттенеміз, – деді Ғилым.

Оның айтуынша, тәртіпсіздік кезінде 17 қызметтік көлік, төрт жедел жәрдем көлігі және бір автобус зақымданған. Жалпы, келтірілген зиян 168 миллион теңгеден асады.

Ұсталғандарға келетін болсақ: 629 адам полицияға жеткізілді, оның 433-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды, қалғандары ешқандай жаза қолданбай босатылды.

Енді сол 28 қылмыстық іске қайта оралайық. Ғилым тергеушілердің жаппай тәртіпсіздік кезінде жазылған бүкіл бейнежазбаны зерттегенін атап өтті. Жәбірленушілер мен куәгерлерден жауап алынған.

Осының арқасында 26 тұлға анықталды. Олардың әрқайсысының әрекеті полицияға күш қолданумен немесе облыс әкімдігінің ғимаратын күштеп басып алуға, ойрандау мен тәртіпсіздіктерге белсенді қатысумен ұштасқан. Бұлтартпау шарасы ретінде 25 адамға қатысты сот санкциясымен қамауға алу, бір адамға үйқамақ жазасы қолданылды. Айта кетерлігі, тәртіпсіздікке қатысқан жекелеген қатысушылардың әрекеттері өте дөрекілікпен ерекшеленді, - деді облыс прокурорының орынбасары. Содан кейін ол екі мысал келтірді: 5 қаңтарда 30 жастағы Атырау тұрғыны полиция қызметкерінің ескерту оғына қарамастан, ығы-жығы боп жатқанын пайдаланып, қаруды тартып алу мақсатында оған шабуыл жасаған. Автоматты иемденген бұл азамат оны полицияның суатқышына қарсы пайдаланбақ болды, бірақ патрондары таусылып қалған. Кейін ол ұрланған қаруды тәртіпсіздік болған жерге арнайы келген жолдасына жасырған. Бүгінде қару тәркіленіп, полицияға қайтарылды.

Тағы бір оқиға: Исатай ауданының 28 жастағы тұрғыны басқалармен бірге қаланың орталық даңғылында келе жатып, кейін жедел жәрдеммен ауруханаға түскен жаралы қызметкерді ұрып-соғуға қатысқан.

Барлық күдіктінің кінәсі жаппай тәртіпсіздікке басқа қатысушылар түсірген фото-бейнефайлдармен, тану хаттамаларымен, сот-медициналық сараптама қорытындыларымен, бастапқы мойындау жауаптарымен, жәбірленушілердің айғақтарымен расталады.

– Тергеліп жатқандардың барлығына білікті адвокаттардың қорғау құқығы беріледі. Облыс әкімдігінің ғимаратын басып алу кезінде қылмыскерлер полицейлерден 9 атыс қаруын тартып алып, ұрлап кеткен, оның 4-еуі бүгінде тәркіленді, қалған 5-еуінің қайда екені әлі белгісіз. Сондай-ақ, тәртіпсіздікке қатысушылар мыңнан астам арнайы техниканы – қалқан, каска және т.б. иемденген. 52-сі табылды, қалғаны біреулердің қолында, – деді Ғилым. Ол Атырау тұрғындарына ұрланған қару-жарақты қайтаруға көмектесуді сұрап, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді өз еркімен тапсыру заңмен қудаланбайтынын жеткізді.

Соңында заңсыз жеткізу және азаптау фактілері бойынша ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қатысты 20 арыз бойынша қозғалған қылмыстық істердің тергелуі туралы:

- «Динамо» спорт залының ғимаратында полиция қызметкерлерінің 20 азаматқа қатысты заңсыз шара қолдануына байланысты медициналық сараптамалар жүргізілуде, арыз берушілердің бүкіл дәлелі мұқият тексеріледі.

Айнұр САПАРОВА

23 ақпан 2022, 16:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.