Атырау, 7 қазан 17:25
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Малшыларды су тапшылығы мазалап отыр

Сурет Бейнежазба
1 846 просмотра

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында Атырау облысындағы шаруалардың өңірлік құрылтайы өтті. «Шопан ата» Ұлттық мал өсірушілер қауымдастығы ұйымдастырған құрылтайға қауымдастық төрағасы Алмасбек САДЫРБАЕВ, Атырау облысының әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ және аудан әкімдері мен басқарма басшылары қатысты. Олар шаруа қожалықтарының мәселелерін тыңдады. Мұнда көтерілген өзекті мәселелердің бірі - су тапшылығы.

Зейнолла ЕЛЕШОВ, Нарын селосының тұрғыны:

- Шаруа қожалықтарының ең негізгі ортақ мәселесі – малға су тапшылығы. Мен мұны Исатай ауданы шаруагерлерінің атынан айта келдім. Қардың аз түсуінен, теңіздің тартылуынан каналдардағы су мәселесі апаттық жағдайға айналды. Жаз бойы құрғақшылықтан қиналамыз. Менің ұсынысым Құрманғазы ауданынан Зинеден ауылына дейін келіп тұрған Кобяково-Забурын каналы бар. Бұл канал қазір суға толы. Сол каналды Манаш каналына қосатын болсақ, бұл мәселесінің алдын аламыз.

Исатай ауданының әкімі Полымбет ХАСАНОВТЫҢ мәліметінше Кобяков каналының бергі шеті Нарын мен Манаш каналынан тұйықталады. Осы екі ортада ұзындығы 40 шақырым ескі Ақай деген каналдың орны бар. Оған ЖСҚ жасақталып, мелекеттік сараптамадан өткен. Алайда құрылыс жұмыстарына әлі қаржы бөлінген жоқ.

- Өткен жылы аудан көлеміндегі каналдардың барлығын республикалық «ҚазСуШар» РМК мекемесіне табыстадық. Сол табысталған каналдар тізімінде Ақай каналы да бар. Енді «ҚазСуШар» мекемесіне каналдарды жөндеуге қаржы бөлінген кезде бұл каналды қазып шығуға болады, деді П.Хасанов.

Серік, шаруа қожалығының иесі:

Атырау қаласы Қайыршақты ауылына қарасты «ТЭЦ» каналының бойында орналасқан 13 шаруашылықтың аманатын алып келдім. Біз шаруашылыққа суды Атырау жылу электр орталығының каналынан пайдаланып келеміз. Қазір бұл каналға су жіберілмеуіне байланысты канал тартылып, малдарымыз шалшық пен құрттаған суды ішіп отыр. Бұл мәселе былтыр да, оның алдыңғы жылы да көтерілді. Жыл сайын жылқыларымыз көбейіп, шаруашылығымыз өсіп жатыр. Алға қарай канал мәселесі шешіле ме, бұл жерде ұстау тиімді ме соны білгіміз келеді.

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің айтуынша, бұл күрделі мәселе. Сондықтан каналдың суын толықтырудың жолдарын зерделеу керек деп санайды.

- ТЭЦ каналының төңірегінде мал жайып отырған шаруашылықтардың жайын жеке қарастыру қажет. Шаруалар мал басын арттырғысы келеді. Ал судың деңгейі төмен түсіп кетсе, мал басын көбейту мүмкін емес. Сол себепті ТЭЦ каналы айналасындағы шаруа қожалықтардың жағдайымен, жоспарларымен танысып, мәселені шешу жолдарын баяндауды осы салаға жауапты орынбасарым Қайрат НҰРЛЫБАЕВҚА тапсырамын деді.

Өңір басшысының айтуынша, көтерілген мәселенің көбі үкімет басшыларының қатысуымен шешуді талап етеді. Сондықтан тиісті ұсыныс жолданады. 

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Сурет пен бейнежзабаны түсірген автор

24 ақпан 2022, 09:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.