Атыраудың әр өңірінен жиналған балалар тек өздеріне ғана тән көзқараспен әлемді бейнелеп, кемпірқосақтың бар бояуымен өз суреттерін әрледі. Балаларға өз қиялдарын шектемеуге ұсыныс жасалды, міне, содан не шыққанын қарайық...
19 ақпанда «Ақ Желкен» шығармашылық орталығының көрме залында ерекше ауан орын алды. Әр суретке көмескі жарық түсіріліп тұрса да, ашық түсті мата бетіне балалар салған күн сәулесі бөлмені нұрландырғандай. Жер бетінде бала қолынан артық қылқалам жоқ деген дананың сөзі рас болса керек. Жас суретшілер мен ұсақ-түйектердің шеберлері өздері ғана түсінетін, өкінішке орай, ересектер байқай алмайтын ғажайыптарды көрсетуге тырысты.
...Ертегілердің көпшілігінде кездесетін сұрқия мыстан кемпірді исатайлық суретші қыз өз еңбегінде келбетті келістірген: күлгін түс көйлек киіп, салпыншақ сырға тағып, сыпырғышымен зымиян істерін жасауға қозғалып барады... таңғажайып тоты құс майғаздана басын бұрып, өз қауырсындарының кереметтігіне бас игізгісі келгендей.
Аққыстаудан келген Ақбота екі ыдысқа отырғызылған гүлді бейнелепті. Тек мұқият назар аударсаң ғана гүл жапырақшаларының орнында макарон, ыдыс күріштен жасалғаны байқалады. Ер балалар, әр кездегідей, өз репертуарларында – басқа планеталарға саяхат жасап, көк аспанда ұшқыр кілеммен самғап, дала кемесімен шөлейт құмды кесіп өткісі келеді. Тағы бір сурет: кең байтақ дала төсінде ақ боз ат. Бері қараңыздар – мұнда жас суретшінің шешесі алмадан нәрсу дайындап жатыр... Бұл жерде тек бояулы туындылар ғана емес, сондай-ақ, шытыра-моншақтан, тастан, матадан жасалған түрлі заттарды кездестіруге болады. Қыс-қасы, оны өз көзіңізбен көруіңіз керек. Көрме 24 ақпанға дейін жалғасады.
Анастасия ПАСТУХОВА
Суретті түсірген автор