Атырау, 7 қазан 19:19
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

«Айыпталушыларды түрмеден босатыңыздар, сотты күтейік»

1 492 просмотра

18 ақпанда белгілі құқық қорғаушы Айман Омарова «Ақиқат» қоғамдық комиссиясының жетекшісі ретінде қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынғандардың туыстарының өтінішімен Атырауға келді. Ол жергілікті прокурорлармен кездесіп, содан соң әлеуметтік желідегі парақшасында пікірімен бөлісті.

Оның айтуынша, туыстары қамауға алынғандардың бұлтартпау шарасын өзгерту туралы арыздарының еленбей отырғанына, көпшілігінің денсаулығы нашар және кәмелетке толмаған балалары бар екеніне шағымдануда. Ең маңыздысы, туыстарының пікірінше, прокуратура «Динамо» спорт залындағы азаптау фактілері бойынша ешқандай шара қолданбай отыр.

– Атырауға ұшып келмес бұрын облыстық прокуратураға қоңырау шалдық. Облыс прокуроры Халидолла Дәуешов бекітілген кесте бойынша әр сейсенбі сайын азаматтарды қабылдайды, бірақ бізді арнайы прокурормен бірге кезексіз қабылдады. Біз оларға ҚР ҚК-нің өте ауыр жаза қарастырылған 380-бабы («Билік өкіліне күш қолдану») бойынша қамауға алынғандардың тізімін бердік. Ал бұған дейін жергілікті тұрғындармен кездестік. Олар берген арыздарының прокуратурада еленбей жатқанына шағымданды. Біз олардың сұрақтарын жазып алып, прокуратураға бардық. Ол жерде бізге бұлтартпау шарасын өзгерту мәселесін қарайтындарын, тексеретіндерін, күту керектігін айтты. Осы жерде айта кететін жайт, біздің комиссияның міндеті – бұлтартпау шарасын өзгертумен айналысу емес, қаңтар оқиғасының хронологиясы мен оның себептерін тексеру. Бірақ азаматтардың құқығы бұзылып жатқандықтан, бұған көз жұмып қарай алмаймыз, сондықтан қолдан келгенше көмектесеміз.

Оған «АЖ»-ға ұлдарына күш қолданғаны туралы арызданып, әділ тергеп-тексеруді және ұсталғандарды үйқамаққа немесе кепілге босатуды талап еткен аналар да хабарласқан. Мәселен, олар - 5 қаңтар күні Атырау облысы әкімдігінің маңында білегінен оқ тиіп жараланған Медет НАРЫШОВТЫҢ анасы, Иманғали ШАМҰРАТОВТЫҢ анасы, сонымен қатар Думан КЕНЖЕБАЙДЫҢ жары. Омарованың пікірінше, ҚР ҚК-нің 272-бабының 2-бөлігінде («Күш қолданумен, қиратумен, өртеумен, мүлiктi жоюмен ұштасқан тәртіпсіздіктерге қатысу») көзделгендей, айыпталған Медет Нарышовты үйқамаққа шығаруға болады. Оның үстіне, анасының айтуынша, білегіндегі жара іріңдей бастаған.

Құқық қорғаушы үш кішкентай баласы бар Думан Кенжебайды да атап өтті. Үйқамаққа шығаруды сұраған тізімдегі келесі адам – Дамир САНСЫЗБАЕВ. Оның айтуынша, туыстары оған күш қолданылған соң жауап алынғанын айтады. Ал Азамат ИБРАИМОВ бұрын туберкулезбен ауырған, оның кәмелетке толмаған екі баласы бар. Ринат ӘБІШЕВ туралы туыстары оны азаптағанын, басына секіргендерін, соққылардың ізі анық екенін айтады.

- Ол қару тауып алып, полицияға өзі әкелгенін айтады. Мен атап өткендердің барлығын үйқамаққа шығаруға болады деп ойлаймын, - дейді Айман Омарова.

Оның тізіміндегі келесі азамат - Сағат ЖОЛДАСОВ. Біз ол туралы да жаздық. Оған да ҚР ҚК-нің 272-бабының 2-бөлігі бойынша айып тағылып, оның арызы бойынша 146-бабының 2-бөлігі («Адамдар тобы жасаған азаптаулар») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жолдасовтың туыстарына айтқаны бойынша, ол шабынан соққы алып, қазір дұрыс зәр шығара алмайтын көрінеді. Жолдасовты адвокат, «Ақиқат» комиссиясының мүшесі Рысты ҚАЛИЕВА қорғайды.

Омарованың тізімінде тағы бірнеше есім бар.

Муса ЕСЕНГЕРЕЕВ ҚР ҚК-нің 272-бабының 2-бөлігі және 330-бабының 3-бөлігі бойынша айыпталуда. 8 жасар қызы мен 82 жастағы анасы бар, отбасындағы жалғыз асыраушы.

Есенжан ҒИНАЯТОВ – ҚР ҚК-нің 272-бабының 2-бөлігі және 380-бабының 3-бөлігі бойынша айыпталуда, кәмелетке толмаған екі баласы бар, әкесі қант диабетімен ауырады, ол да отбасындағы жалғыз асыраушы.

Ерқанат ЕСЖАНОВ - ҚР ҚК-нің 272-бабының 2-бөлігі және 380-бабының 3-бөлігі бойынша айыпталуда, кәмелетке толмаған төрт баласы бар және кәмелетке толмаған қарындасы бірге тұрады, қаржылық қиындықтар көріп жатыр.

Еркебұлан БАЛТАБАЕВ - ҚР ҚК-нің 272-бабының 2-бөлігі және 380-бабының 3-бөлігі бойынша айыпталуда, кәмелетке толмаған төрт баласы бар, оның азаптау туралы арызымен ҚР ҚК-нің 146-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Бисен ТІЛЕУҒАЛИЕВ - ҚР ҚК-нің 272-бабының 2-бөлігі бойынша айыпталуда, кәмелетке толмаған үш баласы бар, жалғыз асыраушы. Адвокаттың айтуынша, әйелі коммуналдық қызметтердің төлемақысын төлей алмай жүр, тамаққа ақша жоқ екенін айтады. «Оны үйқамаққа жіберуге болады ғой», - дейді адвокат.

Мұрат ЖАНҒАЛИЕВ - ҚР ҚК-нің 272-бабының 2-бөлігі бойынша айыпталуда, кәмелетке толмаған үш баласы бар.

Манас ОЛЖАҒАЛИЕВ - ҚР ҚК-нің 272-бабының 2-бөлігі бойынша айыпталуда.

– Көбінде азаптау айғағы ретінде сараптама қорытындысы бар. Әрине, прокуратура тексеруі керек, өйткені 380-бап бойынша қылмыс құрамының барлығы бар дегенге сенбеймін. Ешкім оларды түк кінәсі жоқ деп айтпайды, олай емес те шығар, мұны сот шешеді. Бірақ әзірге бұл адамдарды түрмеде ұстаудың қажеттігін көріп отырған жоқпын, – дейді А.Омарова.

Айнұр САПАРОВА

21 ақпан 2022, 12:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.