Махамбет ауданы Сарытоғай ауылындағы Мәдениет үйінің құрылысы тоқтап қалғанына биыл бақандай бес жыл болды. Ал ескісін сүріп тастаудан басқа амал жоқ.
1954 жылы саман тастан салынған ауыл клубы әбден тозған. Сылақтар түсіп, ғимарат шөгіп, қабырғасы қақырап, қасбеті опырылып түсіп жатыр.
- Қолымыздан келгенше майлап-сылаймыз. Бірақ әбден тозғандықтан жөндеуге де келмейді. Сылақтар қайтадан түсіп қалады, еңбегіміз зая кетіп жатыр, - дейді сарытоғайлық мәдениет қызметкерлері.
2017 жылы 260 млн теңгеге 200 орындық жаңа Мәдениет үйінің құрылысы басталған. Бірақ мердігер іргетасын қалап, қабырғасын көтерген, содан кейін нысаннан кетіп қалған. Онымен келісімшартты бұзғанымен, екінші медігер де жұмысты оңдыртпады. Бөлінген қаржының жетпестігін алға тартқан мердігер құрылыс ісін жандандыра алмапты.
Салынып бітпеген Мәдениет үйінің шатыры жабылмай қалғандықтан, ішіне жағылған сылақтар жаңбырдан сыз тартып, түсіп жатыр. Ғимарат ашық-тесік күйде. Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұрберген ҚҰСАЙЫНОВ осы жылдың екінші жартысынан бастап құрылыс жұмысы қайта жанданады, қосымша қаржы бөлінеді деп сендірді. Ал құрылыстың қашан аяқталатыны белгісіз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор