Атырау, 7 қазан 19:18
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Қоғам белсендісі жаңа партияның құрылатынын мәлімдеді

1 378 просмотра

Қоғам белсендісі, кәсіпкер Санжар Боқаев Namys атты жаңа саяси партияның құрылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik

Оның айтуынша, партия цифрлық форматта жұмыс істейді. Оған заман талабына сай және ойы озық жастар кіреді.

"Қаңтардағы оқиғалар біздің санамызды өзгертті. Біз өмірге, болып жатқан оқиғалар мен қазіргі жағдайға басқаша қарайтын болдық. Партияны құрудың негізгі себебі де сол. Біздің партиямыз цифрлық ұйым болады. Ал негізгі қозғаушы күші - біздің жастарымыз", - деді Боқаев Алматыда өткен таныстыру рәсімінде.

Оның сөзіне қарағанда, партияның негізгі құндылығы адам, ал миссиясы – адамдарға арналған мемлекет құру.

"Бұл партияны өзім үшін құрып жатқан жоқпын. Ол халықтық партия болады. Төрағаны сайлаймыз. Сол адам партияны басқарады", - деп атап көрсетті қоғам белсендісі.

Санжар Боқаев партияның бірнеше реформасын да жариялады. Саяси ұйым алдымен ашық, тәуелсіз және әділ сот жүйесін құруды көздейді. Сондай-ақ, құқық қорғау мен қорғаныс саласындағы реформаларды да бір уақытта жасау қажет.

"Екіншіден, жемқорлықпен күрес. Халықтың ақшасына сатып алынған шетелдегі активтерді елге қайтаруымыз қажет. Төртіншіден, толыққанды саяси трансформация жасауымыз қажет. Біз әділ әрі тәуелсіз сайлау жүйесін құруымыз керек. Жаңа партиялар болуы шарт. Кандидатураны өздігімен ұсыну құқығын қайтаруымыз қажет. Неге біз партияның кімді таңдайтынын білмей, оған барып, дауыс береміз? Шын мәнінде, партия жетекшілері парламент мәжілісіне өз депутаттарын қояды. Сосын біз әкімдерді өзіміз сайлауымыз қажет", - дейді Боқаев.

Партия бағдарламасына мәдени революция да кіреді. Мемлекеттік аппараттың қысқартып, тиімділігін арттыру қарастырылған. Осы саладағы кадрлық саясатты түбегейлі өзгерту жоспары бар.

Халықты сапалы білім мен медицинамен қамтамасыз ету, сондай-ақ, жастар үшін зауыттар салу бағыты да енгізіліп отыр.

"30 жылдың ішінде өнеркәсіпті дамытуға бөлінген триллиондаған теңгеге көптеген өндіріс ошақтарын ашуға болатын еді. Алайда соның орнына салтанатты түрде лента қиылып, бір күндік зауыттар ашылған", - деп түйіндеді Боқаев.

Жақын арада Namys тіркеу құжаттарын Орталық сайлау комиссиясына тапсыруды жоспарлап отыр. Боқаев екі айдың ішінде цифрлық платформаны да таныстыруға уәде етті.

17 ақпан 2022, 15:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.