Атырау, 28 наурыз 22:52
 бұлттыВ Атырау +4
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

«Атырау – Астрахань трассасын қайта жөндеу топырақ сапасының нашарлығына байланысты тоқтатылды»

1 713 просмотра

- Жергілікті топырақ қорында тұз бен гипстің көптігі анықталды. Бұл материалды пайдалану туралы шешімді жобалау институты қабылдады, бұл түгелдей солардың кінәсі, – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек ӨСКЕНБАЕВ.

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен дөңгелек үстелде Батыс өңіріндегі Астрахань трассасы мен басқа да жолдардың құрылысына қатысты проблемалар талқыланды. Дөңгелек үстел жұмысына ҚР Парламенті Сенатының Атырау облысынан сайланған депутаттары Ғұмар ДҮЙСЕНБАЕВ, Сағындық ЛҰҚПАНОВ және Дүйсенбай ТҰРҒАНОВ, бейінді ведомствоның комитет басшылары, сондай-ақ қоғам қайраткерлері мен блогерлер қатысты.

– Біреулер бай Атырау өңірінде бүкіл мәселе шешілген деп ойлайды. Іс жүзінде, өкінішке орай, жол бойынша соңынан санағанда 3-орында тұрмыз. Бізде жолдармен қамтамасыз ету 61 пайызды құраса, республика бойынша орташа көрсеткіш - 75 пайыз. Бірнеше жылдан бері Астрахань трассасы ең үлкен проблема болып келеді. Қазір жол салу жұмыстары жүргізілмейді, олар тоқтатылды. Адамдар Астрахань шекарасына жолсыз жетеді. Неге? Кім қателік жіберді, жол құрылысының созылып кетуіне кім кінәлі? Мұны сіздің ауызыңыздан естігіміз келеді. Тағы бір түйткілді мәселе – Құлсары-Мұқыр республикалық жолы. Ол бойынша мен бірнеше рет депутаттық сауалдар қойдым. Маған «банкпен келіссөз жүріп жатыр, қаражат бөлінеді, жұмыс басталады» деп, Мамин қол қойған жауап келді. Содан бері үш жыл өтті. Енді жұмыстың 2025 жылы басталатынын біліп отырмын. Алайда бұл мәселе Атырау-Орал жолымен бірге 2021 жылға дейін қаралуы керек еді, - деп сұрақ қойды Ғұмар Дүйсембаев.

Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, институт жобаны дайындап жатқанда оған сапасы талапқа сай келмейтін жергілікті материалдарды енгізген. Топырақтан гипс пен тұз табылған. Жол салушылар бұл материалды пайдаланса, жол сапасының өте төмен болатынын, жол төсенішінің ісінетінін мәлімдеді. Осыған байланысты басқа да шешімдер іздеу, қайтадан сараптама жүргізу қажет болды.

- Біз жұмысты 2022 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз, - деп атап өтті министр.

Құлсары-Мұқыр жолына келсек, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалды. Ол сараптамадан өтіп жатыр, наурыз айында аяқталуы тиіс. Осыдан кейін жобаны қаржыландыру мәселесі шешілетін болады. Оңды шешілсе жұмыс 2024 жылы басталуы керек.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

4 ақпан 2022, 17:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.