Атырау, 27 сәуір 08:57
 ашықВ Атырау +27
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Атырау – Доссор жолын төрт жолақты қылу жоспарлануда

1 865 просмотра

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен «дөңгелек үстелде» Атырау облысынан сайланған сенатор Сағындық ЛҰҚПАНОВ Қарабатанға апаратын жолды қайта жөндеу және өтпежол аумағында Атырауға Геолог жақтан кіру мәселесін көтерді.

– Атыраудың сол жағалауында көршілес екі облыс – Маңғыстау мен Ақтөбеге апаратын жол бар. Сол бағытта ірі мұнайхимия кешені дамып жатқан Қарабатан кешені орналасқан. Қазір бұл учаскедегі екі жолақты жолдың жүктемесі көп. Бұл жолды қайта жөндеу жұмыстары бірнеше рет жүргізілді, бірақ бүгінде ол жерде үнемі кептеліс туындайды. Ол жақтан қала арқылы Астраханға қарай өтетін жол бар. Біз бүгін осы трассаны талқылап жатырмыз. Бұл екі жолақты Доссор-Атырау учаскесі мен қалаға кірме жол үлкен мәселе. Жобада Атырауды айналып өтетін айналма жол болуы мүмкін екенін көрдім. Бірақ қалай болғанда да, қала өзен бойымен дамып жатыр және сол ауданда үнемі кептеліс пайда болады. Бұл мәселелер қалай шешіледі? – деп сұрады С.Лұқпанов ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек ӨСКЕНБАЕВТАН.

– Бұл мәселе әлдеқашан пісіп-жетілді, трассаның жүктемесі тым көп. Жол 3-санатқа жатады, ол жерде соңғы рет қайта жөндеу жұмыстары жүргізілген кезде, менің ойымша, бұл жолдың Атырау үшін де, облыс тұрғындары үшін де маңыздылығы толық ескерілмеген. Сондықтан жолдың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге тапсырма бердім. 2023-2024 жылдары ЖСҚ дайын болып, қайта жөндеу кезінде оны 4 жолақты 1-санаттағы жол етіп жасайды. Жобалау кезінде темір жол өткелін де ескереміз, - деп жауап берді министр.

Сенатор Дүйсенбай ТҰРҒАНОВ Астрахань трассасы тақырыбын жалғастырды:

– Ақтөбе – Атырау – Астрахань жолының мемлекеттік бағдарламасында 2022-2023-2024 жылдарға арналған қаражат қарастырылған. Ал республикалық бюджетте 2022 жылға ғана қаржы қарастырылған. Неліктен? Екінші сұрақ – жанар-жағармай бағасының қымбаттауы. Өйткені, мердігерлермен келісімшарт бір бағамен жасалады, уақыт өте келе ол баға көтеріледі. Бұл мәселе қалай шешіледі?

– Ақтөбе – Астрахань трассасындағы жұмыстарды қаржыландыру толық қарастырылған. 15%-ын мемлекет, 85%-ын халықаралық қаржы институттары (Азия даму банкі және Еуропалық қайта құру және даму банкі – З.И. ескертпесі) бөледі. 2022 жылға қаржы қарастырылған, ал 2023 және 2024 жылдарға келсек, осы жылдарға арналған бюджетті қарастырған кезде тиісті қаржыны белгілейміз. Материалдар құнының қымбаттауы сұрағы бойынша – біздің жолдар жол-құрылыс материалдары құнының өзгеруі ескерілетін халықаралық ережелерге сәйкес төселеді. Сондықтан бағаның көтерілуі жобаға енгізілген, – деп жауап берді Қ.Өскенбаев.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

4 ақпан 2022, 16:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.