Атырау, 8 қазан 03:17
 ашықВ Атырау +21
$ 484.37
€ 531.06
₽ 5.05

Атырауда жарық неге жиі сөнеді?

Сурет
2 367 просмотра

Атырауда қаңтар айында электр желілерінің үзілуінен, қаланың бірнеше бөлігі жарықсыз әрі жылусыз қалды. Жарықтың жиі сөну себебін «Атырау Жарық» АҚ қалалық электр желілері басқармасының басшысы Исатай МҰХАНБЕТАЛИЕВТЕН білген едік.

- Атырауда электр жарығы биыл 4-5  қаңтар күні аяқ астынан жаппай сөніп, 14-15 қаңтарда кері қайталанды. Бұған не себеп болды?

- Қаладағы алғашқы апаттық жағдай қар аралас жаңбырдың толассыз жаууынан болды. Ол күні кейбір трансформаторлардың ішіне су өтіп, Еркінқала, Жұмыскер, Бесікті, Талғайраң ауылдарына ұзақ уақытқа дейін жарық бере алмадық. Жұмыстың жүргізілуіне қолайсыз ауа райы да әсерін тигізді. 14-15 қаңтарда түнгі сағат 2 шамасында Атырау ықшамауданы, Томарлы, Алмалы және Бесікті ауылдарында жаппай жарық өшіп қалды. Ол күні желдің күштілігінен 0.4 кВ кабельдер үзілді. Дамбы ауылында бір трансформатор түгел пайдаға аспай жанып кетті.

- Бір ықшамауданның жарығын қалыпқа келтіру үшін қанша уақыт кетеді?

- Мысалы Еркінқалада жарық сөнсе, біз алдымен желіні іске қосу үшін оның бойымен сол ауылға дейін жүріп ақауды табамыз. Линияның бойы өте ұзақ, Авангардтағы подстансадан Еркінқала ауылына дейін 14 шақырымды құрайды. Осы 14 шақырымдық электр желісінің бойында 60 трансформатор орналасқан. Оның 32-сі қалалық ТКШ мен "Атырау Жарық" АҚ-ның, ал қалған 28-і жеке нысандардың балансында. Атап айтқанда, жолдағы жанар-жағар май құю бекеті, жеке балабақша, шеберхана, мейрамхана т.б. Бір трансформатор істен шықса, бүкіл линияда жарық болмайды. Біздің көбіне уақытымзды алатын жеке секторлардағы трансформаторлар. Өйткені кейбір трансформатор мейрамхананың ауласында орналасқан, қызметкерлеріміз барғанда есіктері кілттеулі тұрады. Осындай себептермен көп уақытымызды жойып аламыз. Соңғы жаппай жарық сөнген кезде осындай бірнеше жеке трансформатордан ақау анықталды.

- Қысқа дайындық кезеңінде қандай жұмыстар жүргізіледі?

- Біздің балансымызда 500-ге жуық трансформатор бар, соларға күрделі және ағымдағы жөндеу, майлау, кабелдерін ауыстыру жұмыстарын жүргіземіз. Қазіргі кезде желінің жиі сөнуіне себеп болып жүрген басты мәселе жеке трансформаторлар. Өйткені олар тексерілмейді. Кейбіреуінің үстіне май ағып кеткен, кейбірінде сымдары үзілген болды. Жыл бойы тазаланбай шаң басып тұрады да, жаңбыр тигенде немесе май ағып қысқа тұйықталу пайда болып, соның салдарынан желінің бәрін ажыратып тастайды.

- Жеке секторлардағы трансформаторды жыл сайын тазалап тұруға міндеттеуге болмай ма?

- Осыдан 20 жыл шамасында сондай тәртіп болған. Кәсіпкерлер жеке трансформатор орнатарда трансформаторыңды тексеретін лицензиясы бар мекеме тауып, сонымен жасасқан келісімшартты талап еттік. Олай жасамаса трансформаторды электр жүйесіне қоспадық. Қазір бізден ондай міндеттемені алып тастады. 

- Қаладағы трансформаторлар орта есеппен қанша уақыт қызмет көрсетеді?

- 1976-80 жылдардан келе жатқан трансформаторлар бар. Бірақ оның ішіне жылына үш мезгіл жәй жөндеу, одан бөлек кезең кезеңімен күрделі жөндеу жүріп тұрғаннан кейін оларды ескі деуге болмайды. Жалпы жыл сайын 6-7 трансформатор жаңадан орнатып тұрамыз.

- Биыл қандай жоспар бар?

- Өзіміздің 5 жылға арналған даму жоспарымыз бар. Соған сәйкес биыл 32 шақырым төменгі кернеулі ескірген кабелдерді СИП кабельдерге ауыстырамыз.  Қазіргі кезде жалаңаш проводтың орнына СИП кабель тартамыз. Оның артықшылығы үзілмейді және жел болғанда бір біріне тиіп тұйықталу болмайды. 18 шақырым жоғары кернеулі кабельдерді бағандарымен бірге ауыстырамыз. Одан бөлек 7-8 трансформатор ауыстыруды жоспарға енгізіп қойдық. Сымдар Балықшы, Құрсай, Ширина, Атырау ы.а, Ақсай, Жаңаталап, Дамбы, Еркінқала және Горпарк маңындағы Мечников көшелерінде ауысады. Сонымен қатар, 29 трансформаторға күрделі жөндеу жүргізіледі, оның 4-нің орнына жаңасы орнатылады.

- Күніне қанша бригада жұмыс істейді?

- Қалыпты жағдайда күніне 5 бригада тәулік бойы жұмыс істейді. Қала болғасын күнделікті үзілу, көліктердің столбаны қағып кетуі секілді аяқ асты жағдайлар болып тұрады. Ал, апаттық жағдайда 20 бригадаға дейін шығарамыз.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті түсірген автор

31 қаңтар 2022, 15:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.