Солтүстік Корея Жапон Шығыс теңізі жаққа тағы снаряд атты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ресми Сеулдің мәлімдеуінше, ұшырылған баллистикалық зымыран болуы мүмкін. Геосаяси жағдайдың ушығуына байланысты Жапония премьер-министрі кеңсесі жанынан Дағдарыс штабын құрды.
Өйткені Солтүстік Корея жыл басталмай жатып осымен төртінші рет әлемді шошытты. Қаңтардың 5-і мен 11-інде гипердыбысты зымыран, ал өткен жұма күні теміржолдан тағы бір үлкен оқ-тұмсық атылған.
Хирокадзу Мацуно, Жапония үкіметінің Бас хатшысы:
– Солтүстік Кореяның іс-әрекеті Жапония мен аймақтағы, сондай-ақ халықаралық қауымдастықтағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатер төндіріп тұр. Біз мұны қатаң айыптаймыз. Адамдардың өмірін қорғау мақсатында ақпарат жинап, оны талдап, мониторинг жасауды жалғастыра бермекпіз.