Атырау, 25 сәуір 12:11
 ашықВ Атырау +26
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

"Әкімді халық сайлауы керек!" Жаңаөзендегі наразылықта саяси талап та естілді

882 просмотра

Жаңаөзенде газ бағасын арзандатуды талап еткен наразы халық тарамай, өткен түнді көшеде өткізді. Оларды қолдап шыққан Ақтау тұрғындары да алаңға жиналды. Наразылар орталық көшені жауып, билікке талаптарын қойды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке тапсырма бергенін түн ортасында Twitter-ге жазды. Жаңаөзендіктерге елдің өзге өңірлерінде азаматтар қолдау білдіріп жатыр, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

ЖАҢАӨЗЕНДЕГІ НАРАЗЫЛЫҚ

Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында сұйытылған газдың жаңа жылдан бастап қымбаттағанына наразы жүздеген адам 3 қаңтарға қараған түнді алаңда өткізді. Дүйсенбіде түске қарай Азаттық тілшісі моноқалаға жеткен кезде үкіметке газ бағасын төмендетуді талап етіп осы жерде тұрғанына 30 сағаттан асқан еді.

Алаңда мыңнан астам адам тұр. Айтуларынша, осында түнеген, от жағып жылынып, үйден шай алғызып ішкен. Алаң шетінде полиция қызметкерлері көрінеді. Бірақ наразы жұртқа тиіспеген.

"Өз жерімізден шығатын газдың бағасын аспандатып жіберді. Барлық нәрсе газға тәуелді болып тұр ғой, газ бағасы көтерілсе, баға да қымбаттайды" дейді Жаңаөзен тұрғындары. 3 қаңтар 2022 ж.
"Өз жерімізден шығатын газдың бағасын аспандатып жіберді. Барлық нәрсе газға тәуелді болып тұр ғой, газ бағасы көтерілсе, баға да қымбаттайды" дейді Жаңаөзен тұрғындары. 3 қаңтар 2022 ж.

Журналистпен әңгімелескен тұрғындар өз талап-тілектерін айта бастады.

– Өз жерімізден шығатын газдың бағасын аспандатып жіберді. Барлық нәрсе газға тәуелді болып тұр ғой, газ бағасы көтерілсе, баға да қымбаттайды. Табысы онсыз да ары-бері тартса жетпейтін қарапайым халықтың халі мүлде нашарлап кетті. Газ бағасын литріне 50-60 теңгеге түсірсін, болмаса еңбекақымызды 200 мың теңгеге дейін көтерсін. Әйтпесе біз мына қымбатшылықта өмір сүре алмаймыз. Газ жетіспейді, елу жыл бұрын салынған зауыт тозып, ескірді дейді, сонда 30 жыл бойы не істеді, ай қарап отырды ма? – деді Ерлан Сарғұлов.

Оның сөзін өзге адамдар да қолдап, "иә, бағаны түсірсін, оған келіспесе жалақымызды көбейтсін" деген талап айтты. Наразылардың сөзінен олардың аймақ, қала басшылығына көңілі толмайтыны аңғарылды.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерін халық өзі сайлауы керек деді. Облыс, қала әкімдерін халық өзі сайлауы керек! Бізге ана Ақордадан келетін ақ қуыршақтар мен ақсаусақтар керек емес! Халықтың қамын ойлайтын, елім, жерім дейтін азамат керек. Халық осылай қиналып отырғанда бізден сайланды дейтін мәжіліс депутаттары қайда жүр? Біреуі де келіп, халымызды сұраған жоқ. Керек емес ондай біреудің қуыршағы боп отырған депутат, мандатын тапсырып, кетсін. Сосын кеше жергілікті басшылар "газ бағасын шеше алмаймыз" деді. Ең көкейкесті мәселені шеше алмайтын басшының да бізге керегі жоқ! – деді Жоламан Сейілов есімді жергілікті тұрғын. Жиналып тұрған көпшілік "дұрыс айтады, халық өзі сайласын басшысын" деп оған қолдау білдірді.

Жаңа жылдан бастап газ бағасының әуелі 98 теңге, келесі күні 120 теңгеге дейін қымбаттауы төзімін тауысқанын айтқан ашулы халық 2 қаңтарда таңертең Жаңаөзеннің орталық көшелеріне шығып, жолды жапқан еді. Көліктердің басым көпшілігі отын ретінде газды пайдаланатын аймақ тұрғындары онсыз да мардымсыз табысы қымбат газ сатып алуға мүлде жетпейтінін айтып шағынады.

Моноқала әкімдігі алдына жиналып, газ бағасын түсіруді талап етіп тұрған адамдар. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 2 қаңтар 2022 ж. Азаттыққа белсенді Алма Қарашаева жолдаған фото.
Моноқала әкімдігі алдына жиналып, газ бағасын түсіруді талап етіп тұрған адамдар. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 2 қаңтар 2022 ж. Азаттыққа белсенді Алма Қарашаева жолдаған фото.

Жергілікті билік өкілдерінің "газ бағасы нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа сай қойылды" деген жауабына қанағаттанбаған наразы халық Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевқа үндеу жасап, әлеуметтік көкейкесті мәселені дереу шешуді талап етті.

"Газдың қымбаттауы күнделікті тұтынатын басқа да тауарлардың, ең алдымен азық-түлік бағасының өсуіне алып келеді" дейді наразы халық.

Президент Тоқаев дүйсенбіге қараған түні сағат үшке қарай Twitter-дегі парағына "Азаматтардың жергілікті және орталық билік органдарына талабын ашық айтуға құқығы бар, бірақ, бұл заңға, нақтырақ айтқанда, бейбіт шерулер туралы заңға сәйкес жүзеге асырылуы керек" деп жазды.

АҚТАУДЫҢ ОРТАЛЫҚ АЛАҢЫНДА ТҮНІМЕН ТҰРҒАНДАР

3 қаңтарда таңертең Ақтауға ұшақпен жеткен Азаттық тілшісі әуежайдан қалаға дейін таксимен жету бағасы бұрынғыдан үш есе өскенін байқады. Бұрын такси әр адамға 1 мың теңгеден алса, қазір 3 мың теңге сұрайды. "Газбен жүреміз, қымбаттап кетті ғой" деп түсіндірді такси жүргізуші.

Ынтымақ алаңының шетінде жүрген полиция. Ақтау, Маңғыстау облысы, 3 қаңтар 2022 ж.
Ынтымақ алаңының шетінде жүрген полиция. Ақтау, Маңғыстау облысы, 3 қаңтар 2022 ж.

Ақтаудың орталығындағы Ынтымақ алаңына келгенде оның жан-жағында ондаған полиция қызметкері мен арнайы жасақ тұрғанын көрдік. Фотоаппарат асынған журналисті байқаған олар сөйлесуге құлық танытпай, теріс бұрылып кетті.

Алаң маңында интернет байланысы істемей тұрғанын байқадық.

Алаңда отыз шақты адам тұр екен, соларды сөзге тарттық.

"Мәселемізді шешуге ешкім келмеді". Ынтымақ алаңы, Ақтау, 3 қаңтар 2022 ж.

"Мәселемізді шешуге ешкім келген жоқ". Ақтаудағы алаңда тұрған наразы адамның пікірі

– Бұл жерде жексенбіде сағат 20:00 шамасында жиналдық, міне, қазір таңертеңгі 10:00-нан кетті, әлі тұрмыз. Бірақ билік өкілдерінен бірде бір адам бізбен сөйлесуге келген жоқ. Кеше кешке жолды да жаптық, мыңнан аса адам жиналған. Түнде олардың көбін полиция мен ОМОН күштеп, алаңнан шығарып тастады. Осы маңайдағы дүкен, әжетхананы түгел жапқызып тастады, интернетті өшірді. Бізді құрсауда (кеттлинг) ұстады, әжетханаға шығармады. Газ бағасын 60 теңгеге түсірсін деген талабымыз орындалғанша тұрамыз, – деді Ынтымақ алаңында тұрғандар. Олар аты-жөнін айтудан бас тартты.

Жексенбіден бастап билікке талап қойып, наразылық акциясын бастаған Жаңаөзен халқын Маңғыстау өңіріндегі басқа елдімекендерде жұрт қолдаған.

Биліктен сұйытылған газ бағасын түсіруді талап етіп тұрған адамдар мен оларды бақылап жүрген полиция. Ынтымақ алаңы, Ақтау, Маңғыстау облысы, 3 қаңтар 2022 ж.
Биліктен сұйытылған газ бағасын түсіруді талап етіп тұрған адамдар мен оларды бақылап жүрген полиция. Ынтымақ алаңы, Ақтау, Маңғыстау облысы, 3 қаңтар 2022 ж.

Облыс орталығы Ақтауда, Қарақия ауданындағы Жетібай кенті мен Құрық ауылында, Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында тұрғындар жиналып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен аудан әкімдеріне видеоүндеу жолдады. Онда халыққа сатылатын сұйытылған газ бағасын 50-60 теңгеден асырмауды талап еткен.

Қазақстанның табиғи қазба байлығы мол батыс өңіріндегі тұрғындардың көбінің, мұнай-газ саласында жұмыс істемейтіндіктен, табысы аз, сондықтан газдың қымбаттауы қарапайым халыққа қатты білінеді дейді олар.

Ынтымақ алаңына жиналып, биліктен газ бағасын түсіруді талап етіп тұрған адамдар. Ақтау, Маңғыстау облысы, 3 қаңтар 2022 ж.
Ынтымақ алаңына жиналып, биліктен газ бағасын түсіруді талап етіп тұрған адамдар. Ақтау, Маңғыстау облысы, 3 қаңтар 2022 ж.

НҰР-СҰЛТАНДА ЖАҢАӨЗЕНГЕ ҚОЛДАУ БІЛДІРГЕНДЕРДІ ПОЛИЦИЯ ӘКЕТТІ

3 қаңтарда Нұр-Сұлтандағы Кенесары ескерткішінің жанында Жаңаөзендегі акцияға қолдау білдіріп келген үш адамды полиция ұстап алып кетті. Бұған қоса полиция Азаттық тілшісінің жұмысына кедергі келтіріп, видео түсіруіне бөгет жасады.

Үш адам Кенесары ескерткіші жанына келіп, қымбатшылыққа байланысты талаптарын айта бастаған еді. Полицейлер біраз тыңдап тұрған соң көп ұзамай арнайы жасақ өкілдері келіп, оларды полицияның сары автобусына күштеп салды. Маңайда полицейлер көп. Тәртіп сақшылары автозак әкеліп қойған, автобустар да байқалады.

Нұр-Сұлтанда полицейлер үш адамды ұстап, журналист жұмысына кедергі жасады. 3 қаңтар 2022 ж.

Нұр-Сұлтанда полицейлер үш адамды ұстап, журналист жұмысына кедергі жасады

Полицейлер Азаттық тілшісінің камерасын көлегейлеп, ұстауды түсіруге кедергі жасады. Бір топ полиция қызметкері тілшінің жолын бөгеп, адамдарды ұстап жатқан жерге жібермей тұрды. Полицейлер аты-жөнін атамады, бұл әрекетінің себебін түсіндірмеді.Әлеуметтік желіде тараған видеоға қарағанда, Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі алдына жиналған бір топ адамға полиция өкілдері, азаматтық киімдегі адамдар келіп, жиынның заңсыздығын айтып, таратпақ болған. Бұдан соң арнайы жасақ өкілдері оларды күштеп автобусқа салып әкеткен.

АЛМАТЫ МЕН ШЫМКЕНТТЕ ДЕ ОРТАЛЫҚ АЛАҢДЫ ПОЛИЦИЯ БАҚЫЛАП ТҰР

Дүйсенбі күні таңертең Алматыдағы Республика алаңы мен Астана алаңын полиция жауып, күзетке алды. Екі алаңның айналасында интернет ажырап тұр.

Полиция Республика алаңы арқылы өтетін Сәтпаев көшесіндегі жолды жауып тұр. Алматы, 3 қаңтар 2022 ж.
Полиция Республика алаңы арқылы өтетін Сәтпаев көшесіндегі жолды жауып тұр. Алматы, 3 қаңтар 2022 ж.

Полиция алаңның жан-жағынан келген көліктерді алаңға өткізбей, басқа жолға бұрып жатыр.

Екі алаң мен оның айналасында полицияның бірнеше жеңіл көлігі және ішінде полиция қызметкерлері бар автобустар тұр. Алаңды не үшін жапқаны және полиция қызметкерлерінің не себептен көбейгені жайлы Азаттық тілшісінің сұрағына полиция қызметкерлерінің бірі "митингіге байланысты күшейтілген режим" деп қысқа жауап берді. Нақты қандай митингі жайлы екенін айтпады.

Полиция Республика алаңы арқылы өтетін жолды жауып тұр. Алматы, 3 қаңтар 2022 ж.
Полиция Республика алаңы арқылы өтетін жолды жауып тұр. Алматы, 3 қаңтар 2022 ж.

Кешеден бері әлеуметтік желіде түрлі саяси топтардың белсенділері газ бағасын арзандатуды талап етіп наразылыққа щыққан Жаңаөзен тұрғындарына қолдау көрсету үшін Алматыдағы орталық алаңға жиналуға шақырған.

Дүйсенбі таңертең Демократиялық партия құру жөніндегі бастамашы топ жетекшісі Жанболат Мамай сол күні сағат 14-ке орталық алаңға шығуға шақырып, үндеу жариялаған. Біраз уақыттан кейін Алматы қаласы полиция департаменті Мамайды қалалық тергеу басқармасына 3 қаңтар сағат 12-ге "қылмыстық іс бойынша" жауап беруге шақырту жіберді деген ақпарат тарады.

Биліктен газ бағасын арзандатуды талап еткен Жаңаөзен тұрғындарын қолдаған жергілікті белсенділер наразылық акциясын өткізу жайлы үндеу тастағаннан кейін Шымкент көшесінде полиция күзеті күшейтілді. 3 қаңтар 2022 ж.
Биліктен газ бағасын арзандатуды талап еткен Жаңаөзен тұрғындарын қолдаған жергілікті белсенділер наразылық акциясын өткізу жайлы үндеу тастағаннан кейін Шымкент көшесінде полиция күзеті күшейтілді. 3 қаңтар 2022 ж.

Бұл күні Шымкенттегі Әл-Фараби даңғылы бойын, Арбат пен Қызғалдақ су бұрқағы маңында полиция күзеті күшейтілгені байқалды. Орталық маңындағы көшенің әр тұсына полиция көлігі қойылған деп хабарлады Азаттық тілшісі.

"БАҒАНЫ НАРЫҚ РЕТТЕЙДІ, АРАЛАСА АЛМАЙМЫЗ"

Жексенбі күні Маңғыстау облысы әкімдігі мен Қазақстан энергетика министрлігі түсініктеме берді. Билік өңірдегі көліктердің ауқымды бөлігі отын ретінде пайдаланатын газ нарықта қалыптасқан жағдайға және сұраныстың көбеюіне байланысты қымбаттады деп түсіндірді.

Маңғыстау тұрғындарының газ бағасын төмендетуді талап етіп жиналғаны алғаш рет емес. 2020 жылғы қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасы 55 теңгеден 65 теңгеге өскен. Сол жолы да тұрғындар қала әкімдігіне жиналып, газ бағасын 55 теңгеге түсіруді талап еткен.

Жаңаөзенде сұйытылған газ өндіретін жалғыз компания – Қазақ газ өңдеу зауыты бар. Он жыл бұрын облыста газ бағасы 30–35 теңге болатын. 2011 жылы еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың жеті айға жалғасқан ереуілін 16 желтоқсанда полиция оқ атып (ресми дерек бойынша, 17 адам қаза тапқан) таратқан Жаңаөзен қаласында одан бері газ бірнеше рет қымбаттаған.

3 қаңтар 2022, 14:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.