
Астанада Астана – Петропавл тасжолында патрульдік көлік пен JAC T9 пикапы соқтығысып, ауыр жарақат алған 35 жастағы полиция қызметкері көз жұмды.
Дәрігерлер шұғыл ота жасағанымен, зардап шеккен азаматты аман алып қалу мүмкін болмады, деп хабарлайды Nayza Kokshe.
Жол апаты 3 қарашада Ақмола облысындағы Шортанды кентінің маңында болған. Полицияның алдын ала мәліметінше, JAC T9 пикапының жүргізушісі жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты сақтамаған. Соның салдарынан ол қызметтік көлікке соғылған. Сол сәтте патрульдік автокөлік жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, арнайы жол техникасын алып жүріп келе жатқан.
Соққы салдарынан полиция қызметкері бас-миының ауыр жарақатын алып, Шортанды аудандық ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер оның төбе-самай сүйегі тұсында бас сүйегінің негізіне дейін жеткен сынық, ми ісінуі, жедел субдуралды гематома және пневмоторакс алғанын анықтаған. Зардап шеккен қызметкер комада жатқан.
3 қараша күні кешке дәрігерлер консилиумынан кейін полиция қызметкері аса ауыр жағдайда санитарлық авиациямен елордадағы ауруханаға жеткізілді. Онда оған шұғыл ота жасалды. Алайда 4 қараша күні таңғы сағат 9:30-да 35 жастағы полиция қызметкері көз жұмды.
Жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
В Атырау +15.6