
Шымкентте қаңтар айында күндіз қала көшелерінің бірінен күштеп алып кетіп, кейін өлтірілген 40 жастағы Василий Колесниковтың ұрлануы мен өліміне қатысты қоғамда үлкен резонанс тудырған іс бойынша сот үкімі шықты. Сот алты айыпталушыны кінәлі деп танып, оларды 20 жылдан 23 жылға дейін бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Kazinform.
Үкімді 4 қарашада Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әбінұр Қарабаев жариялады. Ең қатаң жаза Мақсұт Арысбаевқа тағайындалды – ол 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Рауан Инкарбеков пен Дархан Қызбалаевтың әрқайсысы 22 жылға, Әлихан Ерімбет 21 жылға, Бекәсіл Жұманазар 20 жылға, ал Жанділда Қуандыков бұрынғы үкім бойынша өтелмеген жазасы ескеріле отырып, 20 жыл 6 айға сотталды.
Еске салайық, қылмыс 2026 жылғы 20 қаңтарда Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында болған. Көліктер соқтығысқаннан кейін жаппай төбелес басталған. Колесниковтың жанында болған Мақсат Қошкенбаев ауыр жарақат алған, ал Василийді шабуыл жасағандар күшпен көлікке отырғызып, Шымкенттен тыс жерге алып кеткен. Кейін оның мәйіті Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы аурухананың маңынан табылған. Айыптау нұсқасы бойынша, көліктердің соқтығысуы әдейі ұйымдастырылған, ал шабуылға дейін жәбірленушіні аңдыған.
Сот процесі кезінде айыпталушылар кісі өлтіруге қатысы барын жоққа шығарып, тергеу марқұмға өлімге әкелген жарақаттарды нақты кім салғанын анықтамағанын мәлімдеді. Алайда сот куәгерлердің айғақтарын, сараптама нәтижелері мен бейнежазбаларды зерделей келе, оларды кісі өлтіру, адам ұрлау, денсаулыққа ауыр зиян келтіру және бұзақылықты қоса алғанда, бірқатар қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп таныды.
Сот жәбірленуші Мақсат Қошкенбаевтың талап арызын да ішінара қанағаттандырып, моральдық зиян үшін 10 миллион теңге өтемақы және заң көмегіне жұмсалған 4 миллион теңге өндіріп алуды қаулы етті. Бұдан бөлек, судья екі жеке қаулы шығарды: біріншісі – тергеу барысында полиция қызметкерлері жол берген заңбұзушылықтарға қатысты, екіншісі – сотталғандардың біріне қатысты пробациялық бақылаудың жеткіліксіз жүргізілуіне байланысты.
Сонымен бірге қылмыстың барлық мән-жайын тергеу әлі аяқталған жоқ. Болжамды қатысушылардың бірі Марат Дәуласов іздеуде жүр. «Баха» деген атпен белгілі тағы бір ықтимал күдіктінің кім екені әзірге анықталмаған.
Жәбірленушілер тарапының қорғаушылары іс бойынша өткен автокөліктерді қайтару туралы сот шешіміне шағым түсіруді жоспарлап отыр.
В Атырау +15.6