
Алматы тұрғыны қызметтік міндетін атқарып жүрген полиция қызметкерін арандатқаны және оған құрметсіздік танытқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мереке күнгі әзілі оған қомақты айыппұл болып тиді.
Оқиға 31 қазан күні кешке мерекелік серуен кезінде учаскелік инспектор қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген «Арбат» жаяу жүргіншілер аймағында болған.
Смартфонының камерасын қосып алған 47 жастағы әйел тәртіп сақшысына жақындап, оның формалық киімі Хэллоуинге арналған костюм емес пе деп әдейі сұраған. Полиция қызметкері сабыр сақтап, өзін таныстырып, қызметтік куәлігін көрсеткен және қызметін жалғастырған.
Алайда кейін арандатушылық сипаттағы бейнежазба әлеуметтік желілерде жарияланған.
Алмалы ауданының полиция қызметкерлері ролик авторының кім екенін жедел анықтады. Қала тұрғынына қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
«Сот Алматының 47 жастағы тұрғынын кінәлі деп танып, оған 30 АЕК (130 мың теңгеге жуық) мөлшерінде айыппұл салды. Қызметтік міндетін атқарып жүрген полиция қызметкеріне құрмет көрсету – жеке көзқарасқа байланысты мәселе емес, заң талабы. Кез келген арандатушылық әрекет жауапкершілікке әкеп соғады», – деп еске салды құқық қорғау органдары.
В Атырау +15.6