Атырау, 8 қазан 17:33
 бұлттыВ Атырау +16
$ 484.37
€ 531.06
₽ 5.05

Қарапайым сұраққа кешігіп жеткен жауап

2 674 просмотра

«Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығын тойлау үшін Атырау облысы қанша қаржы жұмсады?» деген бір сұраққа жауап алу үшін «АЖ» редакциясының бір жарым ай уақыты кетті. 

Бұл сұрақты сонау қараша айында Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Ақылбек РЫСҚАЛИЕВ, Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры Берік ЖӘМЕНОВ және «Халық шығармашылығы орталығының» директоры Жәнібек АМАНИЯЗОВТЫҢ қатысуымен өткен брифингте қойған едім. Бірақ сол кезде Рысқалиев нақты цифрды кейін айта аламын деп жауап берді. Алайда, ол «кейін» ақыры болмады. Ал ақпарат алу тұтас хикаяға айналды. 15 қарашада редакция облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына ресми сауал жолдады. «БАҚ туралы» заңда белгіленген мерзім ішінде жауап болған жоқ. Сондықтан, амалсыздан ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Атырау облысы бойынша басқармасына жүгінуге мәжбүр болдық. 

Тексеру іс-шарасы барысында басқарма қызметкерлері Атырау мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының БАҚ сауалдарын қарау мерзімін бұзудың 2 фактісін және екеуі де «АЖ» сауалына қатысты екенін анықтады. 

- Тексеру қорытындысы бойынша анықталған заң бұзушылықтарды жою және кінәлілерді тәртіптік жауапкершілікке тарту шаралары алынды, - деп жауап берді басқармада. 

Міне, содан кейін ғана ұзақ кешігіп жеткен жауабымызды алдық: біздің өңірімізде Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыруға 40 миллион 739 мың 500 теңге жұмсалған екен. 

Айнұр САПАРОВА

Еламан НУХИН жасаған коллаж

28 желтоқсан 2021, 16:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.