Атырау, 4 мамыр 05:50
 ашықВ Атырау +11
$ 444.14
€ 477.05
₽ 4.85

Атыраудың мәдениет саласы Бюджет кодексінің талабын бұзды

2 090 просмотра

Атырау облысы бойынша Тексеру комиссиясы  мәдениет саласына аудиторлық тексеру жүргізіп, жалпы сомасы 1,3 млрд теңгеге ҚР Бюджет кодексінің талабы бұзылғанын анықтады. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының квазимемлекеттік секторының 15 субъектісі тексерілді.

903 млн теңге «тиімсіз жоспарланған» және 370 млн теңге «тиімсіз пайдаланылған». Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы бойынша бұрын бекітілген жоспардан тыс түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге 860,4 млн теңге жұмсалған. Ал бұл Бюджет кодексінің талабын бұзу болып есептеледі.  Атап айтқанда, 2019 жылы басқармаға қарасты облыстық тарихи-өлкетану музейі «Музей түні» шарасын ұйымдастыруға 3,6 млн теңге бюджет қаражатын жұмсаған. Тексеру комиссиясының мүшесі Нұрбол ҚОНЫСОВТЫҢ айтуынша, ҚР мәдени саясатының тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында жыл сайын «Музей түні» акциясын өткізу іс-шарасы бюджет қаражатын талап етпейтіні көрсетілген. Оның үстіне кәсіпорындар жасақталған шығыстар сметаларында көрсетілген жұмыстар мен қызметтер құнының сомаларын негіздеуші құжатпен анықтамаған.

Сатып алынған тауарлардың, қызметтердің нарықтық бағаға сәйкестігін салыстыру барысында 2019 жылы Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармония 130 млн теңгеге 20 мың дана кітаптың әрқайсысын 6500 теңгеден сатып алғаны, ал нарықтағы орташа бағасы 3050 теңге екені анықталып, нәтижесінде 69 млн теңге бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалған болып шықты.

Одан бөлек аудиторлық тексеру еңбекақы, сыйақы, жәрдемақы есептеп төлеуде және iссапар шығындары бойынша заңнама талаптары сақталмай, қызметкерлерге 9,2 млн теңге бюджет қаражаты артық төленгенін анықтады.

Тексеру комиссиясының есебінде көрсетілген тағы бір мысал: 2019-2021 жылдары облыстық тарихи-өлкетану музейі, облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры, Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі, Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармония 360 млн теңгеге мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізбей немесе кешіктіріп тауарлар мен қызметтер сатып алған.

«Сонымен қатар, тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығында жалпы ауданы 388,8  шаршы метр, сомасы 38 млн теңгені құрайтын ғимарат бүгінге дейін қолданылмай тұрғаны белгілі болды. Бұл жерде мемлекеттік мүлікті тиімді пайдалану принципі сақталмай отыр. Сол сияқты, облыстық балалар кітапханасы, облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры, Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінде 13,7 млн теңгеге сатып алынған мүліктер мен құралдардың пайдаланылмай тұрғаны анықталды, - деп көрсетілген есептік баяндамада.

Осылайша тексеру нәтижесінде 115 бұзушылық фактісі анықталып, әкімшілік істер бойынша материалдар уәкілетті органдарға жолданған. Бүгінде лауазымды тұлғаларға 3,6 млн теңге айыппұл салынды.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

28 желтоқсан 2021, 09:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.