Атырау, 19 наурыз 14:06
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 449.30
€ 489.69
₽ 4.89

Атырау мен Қызылорда көгершіндері әдемі билейді

Сурет Бейнежазба
2 442 просмотра


Атырау қаласында өткен демалыс күндері «Мұнайшы» стадионына Қазақстанның төрт облысынан келген 100-ге жуық әуесқой көгершін асыраушылар жиналып, кімнің көгершіні биікке көтеріліп, кімдікі әдемі билей алатынын анықтады.

- Қазақ халқы көгершінді бейбітшілік құсы деп санайды. Тәуелсіздік күні қарсаңында құсшылардың басын біріктіріп, тәжірибе алмасуды жөн көрдік. Бұрындары бізде гурьевский деген тұқым болған. Бір кездері оның бәрі ресейге сатылып кетті. Осы тұқымдарды өзімізге кері қайтарғымыз келеді, - дейді Атырау облыстық спорттық сәндік және ойын көгершіндер федерациясының президенті Жәнібек ҚАЛЕКЕНОВ.

Атырау мен көршілес Ақтөбе, БҚО және Қызылорда облысынан қатысқан құсшылардың әрқайсысы «Спорттық көркемдік және ойын көгершіндерінің» Батыс аймақтық көрме-жәрмеңкесіне ең жақсы деген 3-10 көгершіннен ала келген. Құсшылар алдымен көгершіндерін қашықтыққа ұшыру бойынша сынға түсті. Ойын шарты бойынша қанаттарына мөр басылып ұшырған көгершіндер өз үйіне бірінші болып жетсе, сол жеңімпаз болып танылады.

Ал, екінші кезеңде көгершіндер аспандағы өнерін көрсетті. Құстар биікке көтеріліп, жерге қонбастан билеу қажет. Кімнің көгершіні жерге қонбастан бірнеше рет “билесе”, сол жеңімпаз атанады.

Қашықтыққа ұшырудан Қанат Насиевтің көгершіні Жұмыскерге бірінші жетіп жеңімпаз атанса, көгершінді билетуден атыраулық Серік Қаспиев пен Қызылорда облысы Қазалы ауылынан келген Қожеке Тілеуімбетов жеңіпаз атанды.

Қожеке Тілеуімбетов жиырма жылдан бері көгершін ұстаумен айналысып келетінін айтты. Арасында осындай спорттық жарыстарға қатыстырып тұрады. Бұл жарысқа 13 көгершін алып келіп, оның үшеуі ойынға қатысып, бірінші орынға ие болды. 

- Көгершінді мен бала кезден қызығып асырап келемін. Бүгінде тұрақты айналысып жүргеніме қырық жылдан асты. Соңғы жылдары ресейден солтүстік кавказдық, бакиндік құстарды әкеліп өзіміздің құстармен шағылыстырып, тұқым алудамыз. Қазір өзімде 50 ден астам көгершін бар, - дейді атыраулық ардагер құсшы Ғалихан ЕСҚАЛИЕВ. Оның айтуынша, зейнеткерлікке шыққаннан кейін көп уақытын осы көгершіндерге арнап, баптайды. Жемін беріп, жылы суын дайындайды, ұясын тазалайды. Күніне бірнеше сағат уақытын бөледі. Өзі тамақ ішпесе де бірінші осыларды жемдеп, қамын жасайды. Кептерлердің бірі ауырып тұрса, өзі де ауырып, көңіл- күйі болмайды. Көгершін көп болса, асырау оңай емес. Оның елуге жуық көгершіні айына 2-3 қапшық жем жейді.  

Көгершіндердің орташа бағасы қазір 30 мың теңгеден басталады. Ал ең қымбат бағаланған спорттық көгершін әлемдік көгершіндер жәрмеңкесінде Оңтүстік Африканың тұрғыны аукцион арқылы 1,5 млн долларға сатып алған.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор 

29 қараша 2021, 16:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.