25 қарашада Исатай ауданында өткен ақындар айтысы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына, халық батыры Исатай Таймановтың 230 жылдығына және халық жазушысы Хамит Ерғалиевтің 105 жылдығына арналды.
Жыр додасына Атырау және Ақтөбе облысынан барлығы 16 ақын қатысты. Ақындар Қазақстанның 30 жыл ішінде жеткен жетістігі мен әлі де кемшін тұстарын жырға қосты. Айтыс барысында облыстық айтысқа араға ұзақ уақыт салып қайта шығып тұрған қызылқоғалық Ерболат ҚАРАҚОЙШИЕВ еліміз тәуелсіздік алса да қазағымыз әлі ұйқыда жатыр дей келе,
...Ұйқыдағы қазағым,
Жатыр қазір үндемей.
Шенеуніктер шетінен,
Басынғанда үндемей,
Жегендерін жемқорлар,
Жасырғанда үндемей,
Қазынасы халықтың,
Шашылғанда үндемей,
...Күл-қоқысқа баласы,
Тасталса да үндемей,
Баласы мен шағасы,
Аш қалса да үндемей.
...Көп балалы аналар,
Жыласа да үндемей,
Неге бала тудың деп,
Суық-суық сөзімен,
Сыбаса үндемей,
Үш баласын құшақтап,
Тоғызыншы қабаттан,
Құласа да үндемей.
...Ақиқатты айтпаса,
Садаға кет ақыннан,
Міржақыптай бабам-ай,
Оянуға шақырған.
Ұйқымыз бірақ тәтті екен,
Аюдан да қатты екен,
Отыз жыл бойы әлі де,
Ояна алмай жатырған, - деп толғады.
Өз кезегінде Исатай ауданының тұлғаларының ел болып қалыптасу жолында еткен еңбегін исатайлық ақын Амангелді ПАНАБЕРДИЕВ ұтымды жеткізе білді.
Айтыс қорытындысы бойынша ол бас жүлде мен 500 мың теңге сыйлыққа ие болса, бауыры Серікбол Панабердиев 1-орын мен 300 мың теңгені еншіледі. Жүлделі 2-орын мен 200 мың теңгені Ерболат Қарақойшиев, 3-орын ақтөбелік Злиқа Наурызалина мен мақаттық Нұрбек Сарбасов (әрқайсысы 150 мың теңге) жеңіп алды.
Мақаттық Ануар Садықов, исатайлық Өнербек Дәулекенов және осы жолдың авторы құрманғазылық Нұрбейбіт Нұғыманов Фариза Оңғарсынова, Нұралы Әжіғалиев, Хамит Ерғалиев атындағы арнайы жүлдемен (100 мың теңгеден) марапатталды. Қалған қатысушылар 70 мың теңге мен Алғыс хатқа ие болды.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді түсірген автор