Атырау, 16 сәуір 20:42
 бұлттыВ Атырау +15
$ 448.56
€ 478.03
₽ 4.79

Халық санағы: «Полициясыз жұмыс істеуге тырысамыз»

1 641 просмотра

Жақында туыстарымның үйінің кіреберісінен халық санағын жүргізетін жас интервьюерді кездестірдім. Талдырмаш келген нәзік қыз көршілердің есігін қағып тұрды, бірақ оған есік ашпады. Маңдайын тыржитқан қыз маған бұрылды да, осында тұрасыз ба, санақтан өттіңіз бе, деп сұрады. Мен басқа учаскеде тұрамын, бірақ жалпы мамандандырылған www.sanaq.gov.kz  сайтынан онлайн өттім, деп жауап бердім. Содан кейін ол бір жоғарғы қабатқа көтерілді.

Мен одан есік ашпайтындар көп пе, ашса да санақтан бас тартатын жағдайлар бар ма деп сұрадым. Қыз өз учаскесінде үштен бірі солай екенін айтты. «Мұндай жағдайда не істейсіз?» деп сұрадым. «Ештеңе, мұны тек нұсқаушыға арналған есепте көрсетемін. Ол әрі қарай бір шара қолданатын болар» деді.

...Осы жағдайда 27 қазанда Атырау облысы бойынша статистика департаментінің басшысы Галя МҰХАНҒАЛИЕВА мен Атырау облысы әкімінің орынбасары Нариман ТАУШОВТЫҢ қатысуымен ӨКҚ-де өткен брифингте еске түсіріп, тиісті сауалдар қойдым.

Қазақстанда жалпы ұлттық халық санағы 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында өткізілетіні белгілі, алайда қазір ол 8 қарашаға дейін ұзартылды.

Н.Таушовтың айтуынша, бүгінде өңіріміздегі тұрғындардың 83,4 пайызы санақтан өткен, бұл еліміздегі ең жақсы көрсеткіш емес. Шындығында, бәрі ойдағыдай бола бермейді:

– Біздің интервьюер келеңсіз жайттарға жиі тап болады. Адамдар үйлерінде отырып, есік ашпайды немесе сұрақтарды елемейді, тіпті жеке секторда кейбіреулер иттерін шынжырдан босатып жібереді. Халық санағының мемлекеттік басқаруда маңызды рөл атқаратынын тағы да еске салғым келеді. Мәселен, қазақстандықтардың санын білу ғана емес, алдағы 10 жылда қанша балабақша мен мектеп салу керек, қаншасы нақты жұмыссыз, т.б. мәлімет қажет.

Г.Мұханғалиеваның айтуынша, «Мемлекеттік статистика туралы» ҚР Заңының 21-бабының 5-тармақшасына сәйкес, ұлттық санақ өткізу кезіндегі бастапқы статистикалық деректерді респонденттер міндетті түрде және өтеусіз негізде ұсынады.

Бұдан басқа, ҚР ӘҚБтК-нің 497-бабының 2-тармағы бойынша, мәліметтерді бермеу 10 АЕК (20 917 теңге) көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады.

– Әрине, мұндай шараларға барғымыз келмейді. Халық санаққа түсіністікпен қарап, белсендірек қатысса дейміз. Халықтың қалған 16%-ы дәл санақшылармен байланысудан бас тартқандар. 8 қарашаға дейін әлі уақыт бар, құзырлы органдармен бірлесіп, бас тартушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, белгіленген мерзімге үлгереміз деп ойлаймын, - деді Г.Мұханғалиева.

- Дегенмен, жас интервьюерлер, әдетте, адамдар үзілді-кесілді бас тартқан немесе тіпті агрессия көрсететін жағдайларда не істеу керек?

- Онда олар екінші рет полициямен бірге келеді. Сол кезде көзқарас мүлдем басқаша болады. Бірақ тағы да қайталап айтамын, бұл ақырғы шара. Тұрғындар санақ секілді маңызды шараға анағұрлым жауапкершілікпен қараса дейміз.

Айнұр САПАРОВА

ӨКҚ ұсынған сурет

28 қазан 2021, 15:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.