
Қазақстан өңірлері республикалық бюджетке тәуелділікті азайтып, қаржылық тәртіпті күшейтуі қажет. Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдіктер мен бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Үкімет басшысының айтуынша, өңірлер қосымша кіріс көздерін іздестіріп, ішкі резервтерін барынша тиімді пайдалануы тиіс. Бұл жергілікті бюджеттердің дербестігін арттырып, жоспардан тыс орталықтан бөлінетін қаржыға көз сүзуді азайтуға мүмкіндік береді.
Жиында еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны да сараланды. Қазіргі уақытта Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Маңғыстау, Қостанай, Ұлытау, Абай облыстарында негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады.
Ал Атырау, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды және Жетісу облыстарында бірқатар бағыт бойынша көрсеткіштер кейіндеп тұр. Олжас Бектенов аталған өңір басшыларына жағдайды оңалту бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.
«Біздің алдымызда экономиканың сапалы өсімін қамтамасыз ету міндеті тұр. Жоспарланған межеге жету үшін әрбір министр мен әкім үйлесімді жұмыс істеп, нәтижесі үшін тікелей жауап беруі тиіс», – деп атап өтті Үкімет басшысы.
Бұл бағыттағы жұмыстарды жалпы үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жүктелді.
В Атырау +25.5