Атырауда Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына орай «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Мұқағали» көркем фильмінің тұсаукесері өтті.
Тұсаукесерге фильмнің бас режиссері Болат ҚАЛЫМБЕТОВ, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ вице-президенті Айдархан ӘДІЛБАЕВ және фильмде басты рөлде Мұқағалиды сомдаған Махамбет атындағы қазақ драма театрының әртісі, атыраулық Асланбек ЖАНБАЛАЕВ келді.
Фильмде мұзбалақ ақынның денсаулығына байланысты Мәскеудегі Горький атындағы Әдебиет инситутын тастап, Алматыға қайтып келгендегі ақын тағдырының ауыр күндері суреттеледі.
Содан кейін оның жағдайы нашарлап, өмірінің соңғы айларында үйден гөрі ауруханада көбірек болады. Бірақ оның ең жақсы өлеңдері дәл осы аурухана палатасында дүниеге келген.
Фильм барысында Фариза Оңғарсынова, Лашын Әлімжанова, Нұрғиса Тілендиев, Бауыржан Момышұлы сынды аты аңызға айналған ірі тұлғалардың да бейнесі сомдалған. Фильмнің түсірілім алаңы Өскемен, Алматы, Санкт-Петербург қалаларында өтті. Болат Қалымбетов бұл кинокартина идеясына 15 жылын сарп етіп, еңбектенгенін жеткізді.
- Мұқағали - қазақ халқының көрнекті ақыны, жерлесім. Ақынның образын фильм барысында Асланбек сәтті алып шықты. Осындай талантты ұлды тәрбиелеген әкесі мен анасына ризамын, - деді фильмнің режиссері.
Вице-президент Айдархан Әділбаевтың айтуынша, фильмді дайындауға 640 млн теңге жұмсалған. Түсірілім 2019 жылы басталып, 2020 жылы пандемияға дейін аяқталған.
Актер Асланбек Жанбалаев:
- Мұқағалидың рөлін сомдаудың өзі үлкен бақ әрі сын болды. Мұқағалидың образы ауыр, оның не айтқысы келгенін, не айта алмай кеткенін көрерменге жеткізуге тырыстым деп ойлаймын. Фильм түсірілердің алдында оның көзін көрген ақындармен, ауылындағы достарымен әңгімелесіп, ақынның жан дүниесін зерттедік.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді түсірген автор