Атырау, 19 сәуір 17:03
 ашықВ Атырау +23
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Тоқаев Қарағанды ​​облысында жаңа фабриканы іске қосты

1 080 просмотра

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір режимінде Қарағанды облысы Жәйрем кентінде жаңадан ашылған кен байыту кешенінің жұмысын ресми түрде іске қосты, - деп хабарлайды "Ақорда".

Кен байыту фабрикасының құрылысында 2500-ге жуық адам жұмыс істеді. Жәйрем кенті үшін жаңа жобаның іске қосылуы жаңа өмір мен дамудың зор келешегіне жол ашады. Кен байыту кешені Қазақстанда мырыш пен қорғасын концентраттарын шығаратын ең ірі кәсіпорын болады. Өндірісте 400 адам жұмыспен қамтылады.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысына аймақ үшін аталған жобаның маңызы зор екенін айтты. Жаңа фабрикада шығарылатын өнім түрлері көбейіп, өндіріс көлемі 2,5 есе артып, 5 миллион тонна болады.

"Сондай-ақ, өңделген өнімнің экспорты ұлғайып, салық түсімі 1,5 миллиард теңгеге көбейеді. Жоба басталғалы бері инвесторға барынша қолдау көрсетілді. Жүйелі жүргізілген жұмыстың нәтижесінде коронавирус індетіне қарамастан, жоба белгіленген мерзім ішінде аяқталды.
Президентке қазір Қарағанды облысында 2 триллион теңгеден асатын қаражатқа 50 ірі инвестициялық жоба іске асырылып отырғаны жөнінде баяндалды. Биыл 14 жоба іске қосылып, аймақтың өнеркәсіп кәсіпорындарының инфрақұрылымына бөлінетін инвестиция көлемі 230 миллиард теңге болады", - делінген Ақорданың ресми сайтында.

"Қазмырыш" ЖШС бас директоры Александр Хмелев Қасым-Жомарт Тоқаевқа фабрика құрылысы 3 жылда аяқталғанын, коронавирус індеті жүктелген міндетті іске асыруға кедергі болмағанын айтты. Оның пікірінше, байыту фабрикасының іске қосылуы Жәйремді ғана емес, тұтас Қарағанды облысын дамытудың жаңа кезеңі болмақ. Мұнда жылына 5 миллион тонна кен өңделеді. Бұл кәсіпорынның кемінде 15 жыл жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, "Қазмырыш" компаниясы кенттің дамуына 5 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлген. Жергілікті ауруханаға заманауи жабдықтар сатып алынып, құзыреттерді дамыту орталығы құрылып, коммуналдық саланы жаңғырту мен дамытуға жыл сайын қаржы бөлінеді.

Жәйремдегі кен байыту кешенінің цех басшысы Еркін Шайхин Мемлекет басшысына қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, кенттің жанданғанын және ондағы оң өзгерістер туралы, сондай-ақ, жаңа фабриканың іске қосылуынан жергілікті тұрғындар зор үміт күтетінін айтты.

20 қазан 2021, 15:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.